АНА КӨРГЕН ТОН ПІШЕР

Аралағаш ауылының тұрғындары қыздың жасауын, тоқыма және тұрмысқа қажетті бұйымдарды қолөнер шебері Тойжан Сейіткерееваға тапсырыспен жасатады. Ине-жіпке икемді ауыл тұрғынының кәсібіне қызыға қарайсың. Өйткені, ол өзінің сүйікті ісімен айналысып, қоғамға пайдасын тигізуде.

Ол қолөнерге бала күнінен қызығыпты. Көкшетау қаласында кооперативтік техникумда, Ресей астанасындағы сәндеушілер мен жарнамалаушылардың мектебінде білім алып, тәжірибе жинақтаған. Ең алғаш еңбек әліппесін сауда саласынан бастаған маманның Алматыда өткен көркемөнерпаздар байқауына қатысып, жүлделі орын алуы жаңа өмірге жолдама болды. Кейін Арқалық қаласында облыстық сауда басқармасынан жұмыс бұйырып, қызметтік мансабы өсті. Бірақ ол сүйікті жар, ана болу бақытын таңдады. Қызметтік мансапты емес, отбасын бірінші орынға қойған шеберді арманы алдамады.

Бәти әжесі оны өнерге үш жасынан баулыған. Он төрт жасына дейін әжесінің бауырында болған Тойжан Рахметқызы жүн түтіп, жіп иіруді, кілем мен алаша тоқуды үйреніп, ұлттық өнерді бойына сіңірген. Әкесі сурет салуға, анасы қолөнерге жақын болған. Ата-анасынан дарыған өнердің арқасында ол бүгінде шебер тігінші атанды.

Қолынан келмейтіні жоқ. Қолөнер бұйымдары көздің жауын алады. Көрпе, жастық, көйлек, қоржын тігіп, алаша тоқитын шебердің қолынан шыққан бұйымдар сан алуан. Зейнетке шықса да ине-жібін тастамаған Тойжан Рахметқызының еңбекқорлығы өзгелерге үлгі. Шаршауды білмейтін оның қиялы ұшқыр. Үнемі ізденісте жүреді. Сондықтан оның көмегіне жүгінетіндер аз емес.

– Қазақ – тойшыл халық. Қыз ұзату, үйлену тойларына қалта-қоржын тіккізетін тұрғындардан қыздың жасауын дайындауға тапсырыс жиі түседі. Әр адамның көңілінен шығу оңай емес. Олардың сенімін ақтау – менің міндетім. Тұрмысқа қажетті қолөнер бұйымдарын жасау сүйікті ісім болған соң барлық күш-жігерді салып жұмыс істеймін. Өмірде өзімнің орнымды тапқаныма қуаныштымын. Жаның қалаған сүйікті ісіңмен айналысқанға не жетсін! – деді ол.

Шебер қазіргі уақытта қыздың жасауын тігу үстінде. Ою-өрнектің қиюын келістіріп, мата түстерінің сәйкестігіне баса назар аударады. Тек іс тігумен ғана емес, білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасуды да естен шығарған емес. Өйткені, ол басқа шеберлермен қарым-қатынас жасаудың жетістіктерге жетелейтінін біледі. Облыстық, республикалық көркемөнерпаздар байқауы мен көрмелерге жиі қатысып, шеберлігін шыңдайды. Мәселен, ол өткен жылы “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесіне қатысып, қолөнер бұйымдарын көпшіліктің назарына ұсынуға мүмкіндік алды.

Әңгіме барысында ол өскелең ұрпақты өнерге баулу керек екенін айтты. Өйткені, өнерді бойына сіңіріп өскен ұрпақ ұлттық құндылықтарды құрметтеп, ата салтымызды ардақтайды. Сондықтан өзінің білгенін өзгелерге үйрету үшін зейнетке шыққанша мектепте жұмыс істеп, балаларды өнерге баулыған. Үш ұл мен бір қызды дүниеге әкелген бақытты ананың немерелері де өнерге жақын. Үлкені дизайнер болуды армандаса, ең кішісі мүсін жасайды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Аққайың ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика