КІНДІК ШЕШЕ

Ғасырлар бойы аттың жалы, түйенің қомында көшпенді өмір кешкен қазақ халқы ұрпағын жаз жайлауда, қыс қыстауда, киіз үйде дүниеге әкелген. Әріге бармай-ақ өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында ауыл әйелдері өз үйлерінде босанған. Ал өмір есігін енді ашқан нәрестені көп болып күтіп алу, оның кіндігін кесу – мәртебелі де абыройлы іс болған.

Халқымызда дүниенің есігін енді ашқан нәрестенің кіндігін кім кессе, баланың мінез-құлқы соған тартады деген ұғым бар. Себебі, шарананың денесіне алғаш кіндік шешенің қолы тиеді, оны жөргекке орайтын да, шілде суына шомылдыратын да – сол. Кіндік шешенің бойындағы кей қасиеттер балаға беріледіміс. “Ол пәленшенің кіндік баласы ғой, әне, мінезі аумай қалған” дегенді естіп жататынымыз да рас. Сол себепті қазақ халқы бұл рөлді атқаратын адамға аса ыждағаттылықпен, ұқыптылықпен қарап, таңдау жасаған екен. Кейде халқымыздың психологиясының, мінез-құлқының өзгергені кіндігімізді кім көрінгеннің кескендігінде жатыр ма деп ойлаймын.

Бүгінде екінің бірі кіндік әке, кіндік шеше. Бірақ осы қасиетті ұғымның қадірін кетіріп, астарына мән бере бермейтініміз өкінішті. Өйткені, көбіміз балаларымыз бен немерелеріміздің кіндігін кім кесіп жатқанынан бейхабармыз. Әйтеуір кіндік шешенің қызметін перзентханадағы дәрігерлер атқарып жүр. Ол орыс па, қазақ па, басқа ма? О жағы беймәлім. Осы тұрғыда қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыз “Айтуға оңай” телебағдарламасында ұлттық перзентхана ашуға қатысты ойын ортаға салған еді. Шынымен де, Зейнеп апамыз айтқандай, ата-аналар өздері қалаған адамын перзентханаға апарып, арнайы медициналық бетперде мен халат кигізіп, кіндік кескізсе ғой. Дәрігермен бірге жас босанған ананың жанында болғанның несі айып?! Әйелінің жаны қиналып босанып жатқан сәтті күйеулеріне камераға түсіруге де рұқсат беріліп жатқан жоқ па? Жасыратын ештеңе жоқ, бұл – талай перзентханаларда болып жатқан көрініс. Олай болса, неге кіндік шешені кіргізбеске? Ең болмағанда, сәбидің кіндігін кім кескенінен хабардар болар едік.

Көп жағдайда баланың кіндігін кескен адам басқа болғанымен, ата-ене сайлаған кіндік шешесі перзентханадан кіндік баласын шығарып алып жатады. Ырым етіп, ниет қылғаны жақсы шығар, бірақ шынайы болғанға не жетсін?! Кіндігін кеспей, сырттай сайланған кіндік шеше баланың тәрбиесіне қандай қолғабыс беріп жатыр? Әрі кетсе, жылына бір рет баланың туған күнінде сыйлығын әкелер. Ал бұрынғы кіндік шешелер баланың тәрбиесіне көп күш салған. Жас ана қол-аяғын бауырына алғанша баланы суға шомылдыру, күту міндетін енесінен бұрын кіндік шеше өз мойнына алып, өзі үйреткен. Балаға қатысты өткізілетін қырқынан шығарудан бастап, қыздың тұрмысқа шығып, ұлдың үйлену тойына дейінгі барлық игі шаралардың басықасында жүретін кіндік шеше қадірлі тұлға еді. Баланың ата-анасымен қатар, кіндік шешесіне көрсететін құрметінің орны бөлек. Қыз алысып, құдандалы болып жатқанда да, ата-анасымен бірге аты аталып, кіндік шешеге төрден орын берілген. Кейін бала да ержеткенде “кіндік ананың парызы” деп оның парызын өтеп жүретін болған.

Отбасында жеті баламыз. Біздің әрқайсымыздың кіндігімізді кескен кіндік шешеміз бар. Үлкен апамыз Мәуиянің кіндік шешесі белгілі ақын Есләм Зікібаевтың анасы – Ақық әжеміз болса, алты ұлдың шешелері де елге сыйлы, абзал аналар еді. Олар өздерінің кіндік балаларын ерекше жақсы көріп, қамқорлығына бөледі. Он саусағынан өнер тамған Күбағила шешем мені арқасына салып, өз үйіне алып кетіп жүргені әл есімде. Абзал аналарымыздың жасаған бар жақсылықтарына ризашылығымыз шексіз.

“Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар” дегенімізбен, “кіндік шеше” – заман өзгерсе де тозбайтын ұғым болуы тиіс. Себебі, бала тәрбиесіне қатысты қаншама уа­қыттан бері қалыптасқан дү­ние­нің өзгеруі екіталай. Бабалардан қалған дәстүр жалғасып, бала тәрбиесінің бастауындағы салт қазақ ортасына қайта оралса деген ниетпен айтып отырмын. Келер ұрпақ кіндік шеше бейтаныс адам емес, сәбидің шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап туған баласындай әлпештеп өсірген ардақты жан екенін естен шығармаса екен деймін.

Сағат ҚУАНДЫҚОВ,

ардагер ұстаз.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика