БАҚЫТТЫҢ КІЛТІ

Кез келген адам сыйластық, сүйіспеншілік, үлкенге деген құрмет, жомарттық, өз ісіне деген жауапкершілік сияқты адамзатқа ортақ құндылықтарды отбасынан алады. Шаңырақты ұлықтап, салт-дәстүрлерімізді насихаттауда елімізде жыл сайын ұйымдастырылатын “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының маңызы айрықша.

Тәрбиенің құралы болып саналатын байқаудың өзіндік ерекшелігі, көздеген мақсат-міндеттері бар. Солардың ең бастысы – әр салада абыроймен қызмет етіп отырған өнегелі, өнерлі отбасыларды жастарға үлгі етіп көрсету.

Шаңырақ көтергендеріне 15 жыл болған Ақжар ауданындағы Әмреновтер отбасы бақыттың кілті өзара сыйластықта деген қағиданы ұстанады. Отағасы Берік Әмренов Ақжар аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарса, зайыбы Жанар Әмренова – ауданда кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі инспектор.

– Полиция қатарында қызмет ету – бала күнгі арманым. Отбасымда бұл саланы таңдаған адам болмаса да, мектеп қабырғасында оқып жүрген кезден бастап тәртіп сақшыларына қызыға қарайтынмын. Осы мамандық иесі атану үшін мақсатыма жетуге ұмтылдым. Астана қаласындағы М.Әрікбаев атындағы заң университетін тамамдап, 2008 жылдан бастап Ақжар аудандық ішкі істер бөліміндегі қызметіме кірістім, – дейді Жанар Мерекеқызы.

Ал жұбайы Берік Әмреновтің полицияда қызмет еткеніне – 12 жыл. Ол Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін тамамдап, аудандық ішкі істер бөліміне қызметке орналасады. Алдымен уақытша ұстау оқшаулағышында жұмыс істеген ол кейін инспектор-кинолог болып, төрт аяқты төбетінің көмегімен жергілікті жерде орын алған талай қылмысты ашқан. Қызметіне деген адалдығы, сүйіспеншілігі, уақытпен санаспай, тынбай еңбектенгені жоғары бағаланып, осыдан бір апта бұрын капитан шені бұйырды.

Өз істеріне жауапкершілікпен қарап, кез келген жағдайда бір-біріне сүйеу бола білген ерлі-за-йыпты “Мерейлі отбасы” байқауына қатысқанда, үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған болатын. Осыдан бір ай бұрын полицейлер отбасы тағы бір жанмен толығып, шаңырақтары қуанышқа бөленді.

– Отбасылық құндылықтарды насихаттайтын байқаудың аудандық кезеңіне жеті отбасы қатысқан болатын. Түрлі салада абыроймен қызмет атқарып, отбасы мен жұмысын қатар алып жүрген өнегелі азаматтар болғандықтан, олардың барлығы жеңіске лайық. Бағымызға орай, бұл кезеңде үздік деп танылып, облыста ауданның намысын қорғау мүмкіндігі бізге бұйырды. Онда өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиналған 89 отбасының арасында үшінші орынға ие болдық. Байқаудың тәрбиелік, өнегелік мәні өте ерекше екеніне тағы бір мәрте көзіміз жеткендей болды, – дейді Жанар Мерекеқызы.

Ата-анасының үкілеген үмітін ақтауға тырысып жүрген тұңғыштары Диас Петропавл қаласындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында білім алуда. Балаларының оқу және спорт саласындағы жетістіктеріне қуанған ата-анасы оны үнемі мақтан тұтады. Күрестен көптеген жарыстардың жүлдегері, мектептің үздік оқушысы Диас өзінен кішкентай бауырларына үлгі. Ал әкесінің көмекшісі Ислам ағасына қарап бой түзейді. Исламия, Алуа, Алан өздерінің тәтті қылықтарымен жанды сүйсіндіріп, еркеліктерімен адамды баурап алады. Жақында дүниеге келген сәбиі – Даяна да ата-анасына қуаныш сыйлауда.

Жанар Мерекеқызының ауыр әрі зор жауапкершілік жүктейтін мамандықты таңдауына балаларға деген шексіз сүйіспеншілігінің де әсері бар екені анық. Сонымен қатар бұл қасиеті оған қызметтегі педагогтермен, мектеп оқушыларымен ортақ тіл табысуға септігін тигізді. Тіпті, мектепте тәртібі нашар балалар Жанар Әмреноваға қарап бой түзеп, әрдайым оның нұсқауларына құлақ түреді.

– Мен балаларды ешқашан жақсы немесе жаман деп бөлген емеспін. Өйткені, бала жаман болмайды. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Балаларға дұрыс бағыт-бағдар беру – менің қызметтік міндетім. Ақыл-кеңестерім оларға үлкен өмірде көмегін тигізеді деген үміттемін, – дейді Жанар Мерекеқызы.

Ерлі-зайыптылардың басты мақсаты – балаларына жақсы тәрбие беріп, өз елінің патриоты болуға тәрбиелеу. Мұны түсініп, сезген олар да болашақта әскери саланы таңдап, елін қорғайтын нағыз азамат болуды армандайды.

Әсемгүл ӘЛМІШЕВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.

Ақжар ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика