“БЕСІГІ ЖОҚ ЕЛДЕН ҚОРҚАМЫН”

Қырмызының ай-күні жетіп отыр. Сәбиін құшағына алуды тағатсыздана күткен ол перзентхананың табалдырығынан жүрексіне аттады. Құдайы тілеуін беріп, шекесі торсықтай сәби келді. Атұстардың айбатты, өжет болуын армандаған атасы оған Айдар деп ат қойды.

Баласын бауырына басқан Қырмызының қуанышында шек жоқ. Әрине, ұрпақ өрбітіп, перзент сүю әрбір ата-ана үшін үлкен қуаныш. Ал ұрпақ – өмір жалғасы. Сондықтан бала – бақыт, бала – байлық. Құрбым бұл перзентін көп күтті. Тұңғышы қазір он жаста. Ол кішкентай күнінен ата-әжесінің бауырында өсті. “Қыз – өріс, ұл – қоныс” демекші, ұлдың орны қашанда бөлек емес пе? Құрбымның ата-енесі көздерін ашып көрген немересін қанша өбектеп, жақсы көргенімен, шаңырақтың тіреуі болар ұлды аңсады.

Айдарды қырқынан шығарғаннан кейін әжесі он шақты жыл жабулы тұрған бесікті алдырды. Үлкендер отпен аластап, тазартты. Айналасындағы адамдарды жатырқады ма, әйтеуір, баланың мазасы кетті. Оның үстіне үйдің іші де қапырық. Құдайдың құдіреті күшті емес пе? Бесікке бөлей салысымен бала балбырап ұйқыға кетті.

“Төрінде бесік тұрса, төре де басын иеді”, – дейді дана халқымыз. Бірақ бүгінде тал бесікті әрбір қазақтың шаңырағынан кездестірмейміз. Оған не себеп? Бәлкім, бүгінгі заман талабы басқа шығар? Ата-бабаларымыздан қазына болып қалған бесіктің тарихы әріден бастау алатынын біреу білсе, біреу білмес.

“Салт-дәстүр сөйлейді” кітабындағы аңызға сүйенсек, бесік алғаш рет Алтай мен Жетісу аймағында пайда болған. Қазақтың дарқан даласына ағаш егіп, орманды жайқалтқан атақты Мизам Баб ұзақ жыл өмір сүріп, дала өркениетін өзінің бау-бақшасымен таңғалдырыпты. Алайда, ол қайтыс болған соң, қызғанышпен қараған қытайлықтар орманды өртеп кетіпті. Бұл кезде Айдаһар би алыс сапарда жүрген көрінеді. Әкесінен түсінде аян алған ол тез арада елге оралады. Нулы тоғайдың жапан далаға айналғанын көріп, күйзеледі. Қалған ағаштарды сүйретіп, үйіне барады. Өмір жалғасып, Айдаһар би үйленіп, өмірге сәби келеді. Нәресте іңгәлап жылағанын қоймайды. Тіпті, ең атақты емшілер де көмектесе алмапты. Кенеттен бала бірден жылағанын доғарады. Қараса, ақ шапан киген ақсақал бидің әкесінен қалған ағаштарға сәбиді жатқызып тербетіп отыр екен. Жақындай бергенде, әлгі ақсақал көзден ғайып болыпты. Би баласына әкесінің орманынан қалған ағаштан бесік жасап беріпті. Содан бері бесік көшпенді халықтың өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.

Бірақ арада қанша жыл, қанша ғасыр өтті. Заман ағымына сай әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлеріміз ұмыт бола бастады. Ал ата-бабамыз қадір тұтқан киелі бесіктен бас тартуға бола ма? Бесікке жатқан баланың аяғы түзу, дене бітімі келісті болып өсетіні баршаға белгілі. Бірақ бүгінгінің дәрігерлері баланы бесікке бөлеу, ұзақ уақыт жатқызу сәбидің жамбас сүйегіне зақым келтіруі мүмкін дейді. Педиатр Алма Нұғыманованың айтуынша, бала қимыл-қозғалыста болса, тез өсіп жетіледі. Бесікке жатқан баланың қан айналымы дұрыс болмайды, сондай-ақ, аяғының ұршығы шығады екен. Ал көпті көрген көнекөз қариялар бұл пікірмен келіспейді.

– Тартпа бау баланың аяқ қолын үнемі бір қалыпта ұстап тұрады. Сондықтан баланың аяқ-қолы жинақы, қимылы ширақ болып қалыптасады. Шүмек пен түбектің арқасында баланың жамбасы құрғақ, денесі таза, бел омыртқасы түзу, еңсесі тік болады. Бесіктің үстіндегі жабу баланы шыбын-шіркейлерден, жел мен күннің көзінен, түрлі қауіп-қатерлерден сақтайды, – деген көпбалалы ана Үмітжан Төребекова тал бесіктің пайдасын тізбектеп берді.

Кезінде Бауыржан Момышұлы “Бесігі жоқ елден қорқамын” деген еді. Қазір сәбиін бесікке бөлейтін келіншектердің қатары азайып барады. Осы орайда, атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің: “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” деген өсиеті ойға оралады. Сондықтан ұлттық қазынамыздың рухани тұрғыдан мәні терең, маңызы ерекше екенін есте ұстағанымыз жөн.

– Ата-бабамыз шаңырақты, табалдырық пен бесікті ерекше қадір тұтқан. Бесік – бабамыздан қалған қасиетті мұра. Халқымыздың болмысын айғақтайтын бесікке қатысты ырым-тыйымдар көп. Мәселен, бос бесікті тербетуге болмайды және оны еш уақытта жабусыз қалдырмау керек. Ең болмағанда ұршығына орамал байлап қою қажет. Бірақ кейбір жастардың осындай ұлттық құндылығымыздың қадірін білмейтіні өкінішті, – дейді әжелер мектебінің төрайымы Ырысжамал Әбенқызы.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика