ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСЫП, БАСПАНА АЛАДЫ

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында республикалық “Серпін” жобасының жетекшісі Күлзия Тобатаева бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Ол “Серпін – 2050” бағдарламасы бойынша білім алып жүрген студенттер арасында өтетін “Мені шыңдаған – Серпін” атты бірінші республикалық кәсіби шеберлік байқауының мақсаты жайлы әңгімеледі.

– “Серпін” әлеуметтік жобасы аясында жастарды еліміздің 26 жоғары оқу орны және 37 колледжінде оқытып, мамандық беру көзделген. “Мені шыңдаған – Серпін” атты бірінші республикалық кәсіби шеберлік байқауының негізгі мақсаты – техникалық мамандықтардың беделін арттыру. Қандай маман даярланып жатқанын, олардың білім сапасын анықтауды көздеп отырмыз, – дейді Күлзия Тобатаева.

Байқау қатысушылары 10 техникалық бағытта сайысады. Қарашаның 9-ы – 10-ы күндерінде өтетін байқауға жүзден астам студент қатысады. Оның барысында дәстүрлі “Аламан” фестивалі өткізіліп, он аталым бойынша жеңімпаздар анықталады.

– Оқу бітіріп, жұмысқа орналасқысы келетін серпіндіктерге баспана мәселесі қиындық тудырған еді. Ол мәселені Үкімет шешті. Келесі жылдан бастап “Дипломмен – ауылға!” және “Көші-қон” бағдарламасына серпіндіктерді енгізу көзделген. Яғни, жоғары оқу орындары мен колледждердің ветеринария, ауыл шаруашылығы, орман, экология шаруашылықтары мамандықтарын меңгергендер “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша баспаналы болады. Ал техникалық мамандықтарды игергендерге “Көші-қон” бағдарламасы аясында үй берілмек, – дейді Күлзия Тобатаева.

Біздің өңірде “Серпін – 2050” бағдарламасы бойынша 1190 студент білім алуда. Оның 866-сы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жиырма бес мамандық, қалған 324-і өңірдегі бес колледжде он бір мамандықты игеруде. Үстіміздегі жылы өңір оқу орындарын 321 адам бітіреді.

Оқуларын бітірген мамандар баспана болмағандықтан, бірқатар қиындықтарға тап болуда. Жұмыс берушілер еңбек өтілі жоқ мамандарды еңбекпен қамтуға құлшыныс білдіре қоймайтыны тағы бар. Енді ветеринар, агроном, орман шаруашылығы, бақ-саяжай және ландшафт құрылысы мамандықтары “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасына енген. Басқа мамандықтар бойынша бітіргендер еңбек нарығын көздейтін еркін көші-қон қатарына енгізілді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.