АҒЫЛШЫНША ОҚЫТУ — ӨМІР ТАЛАБЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” Жолдауында адами капитал сапасын жақсартуға баса назар аударып, ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиістігін атап көрсетті. Ол үшін білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру, оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет.

Білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасының мақсатты индикаторларын орындау үшін мектептердің, мектепке дейінгі білім мекемелерінің тәрбие жүйесіндегі жұмыс сапасын арттыру көзделген. Осыған орай, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап “Биоинформатика және синергетика” жобасы іске асырылып, білім сапасын жүйелі басқару орталығы ұйымдастырылды. Биоинформатика және синергетика технологиялық құралдары мен карталары оқушыларды оқу үрдісінде 100 пайыз қамтуға мүмкіндік беріп қана қоймай, сабақта және тәрбие үдерісінде балалардың ой-өрісін дамытып, жақсы нәтижелерге жетуге жетеледі. Соңғы нәтижеге бағытталған жұмыс оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арттырды және балалар арасындағы құқық бұзушылық санын азайтуға көмегін тигізді. Балалар арасында өткізілген сауалнама бойынша олардың коммуникативтік деңгейі 35-тен 42 пайызға көтерілгені анықталды.

Бүгінде жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі болып саналатын ағылшын тілінде қажетті ақпараттардың 90 пайызы жарияланады және әр екі жылда олардың көлемі екі есе ұлғайып отырады. Сондықтан ағылшын тілін меңгеру қажеттілік болып отыр.

Елбасы өз Жолдауында мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе, ауыл мен қалада әртүрлі, білікті педагогтердің жетіспеу проблемасы да бар екенін айтып, осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуді тапсырған еді. Біздің ауданымызда 2019 жылдың қыркүйегінен бастап жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді (химия, физика, биология және информатика) ағылшын тілінде беруге дайындық жүргізілуде. Тілдік курстан өткен жеті мұғалім 2016 жылдың қаңтар айынан бастап мектептерде аталған пәндерді ағылшын тілінде жүргізуді қолға алған болатын. Қазіргі уақытта тағы жиырма тоғыз педагог біліктілігін арттыру курстарында оқып жүр. Үстіміздегі оқу жылының басынан №1 және №2 Новоишим орта мектептерінде үш тілде оқытуды енгізу жүзеге асырылуда.

Аудан басшылығы Ұлт жоспары – “100 нақты қадамда” көрсетілген табысты мектептерді ынталандыру және оқу-тәрбие үдерісін айқын түрде жүргізу мақсатында білім мекемелерінің қызмет көрсетуіне, оның сапасына мониторинг жүргізуді қолға алды. Қорытындысы бойынша жеңіске жеткен мектептерге аудан әкімі Владимир Дудов екі жыл қатарынан жалпы сомасы 6 млн. теңгенің сыйақысын тағайындады. Бірінші орынға – 3 млн. теңге, екіншіге – 2 млн. және үшінші орынға 1 млн. теңге жүлде табысталды. Бұл білім беру ұйымдарының бәсекелестігін тудыруда.

Өткен оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша түлектердің орташа 79,25 ұпай жинауына да осы бәсекелестіктің зор ықпалы болды. Нәтижесінде аудан облыста алғашқы бестіктің қатарынан көрінді. “Алтын белгі” иегері, Нежинка орта мектебінің түлегі Вероника Бекарева облыс бойынша ең жоғары 125 ұпайды жинаса, жиырма сегіз түлегіміздің ұпайы жүзден жоғары болды. “Алтын белгі” иегерлерінің саны артып келеді. Мәселен, 2016 оқу жылында бес “Алтын белгі” иегері шықса, өткен оқу жылында олардың саны онға жетті, тағы алтауы үздік аттестат иегері атанды.

Заманауи мектептерде басты тұлға – мұғалім, өйткені, білім сапасы мұғалімнің кәсіби шеберлігінсіз жоғары болуы мүмкін емес. Ауданның ұстаздары өздерінің кәсіби шеберліктерін түрлі деңгейлердегі сайыстарда шыңдайды. 2017 жылы Новоишим №1 орта мектебі орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Надежда Конюша республикалық сайыс қорытындысы бойынша “Үздік педагог – 2017” атағына ие болды. “Қазақстан – 2050” Стратегиясы аясында мектептерде көптілділікті дамыту” республикалық конференциясында Калиновка орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің ұстазы Лариса Попова “Ең креативті мұғалім” аталымы бойынша жеңіске жетті.

“Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” шағын ауылдардағы кадр тапшылығын және оқушылар санын арттыру мәселесін шешуге оң септігін тигізуде. Мәселен, үстіміздегі жылы осы бағдарламаның арқасында оқушыларымыз Оңтүстік Қазақстан облысынан келген жиырма бір баламен және үш педагогпен толықты.

Ауданымызда ауылдық жерлерге келуші жас мамандарға мемлекеттік қолдау көрсету жақсы жолға қойылған. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша келген жас мамандарға көтермеақы және үй алуға жеңілдетілген несие беріледі. Өткен оқу жылында жиырма тоғыз жас маманға үй алуға 91 млн. теңгеден аса қаржы берілді.

Ауданымыздағы қырық алты мектепте білім алып жатқан 5426 оқушыға ыстық тамақ ұйымдастырылған. Сегіз жүзге жуық оқушыны кәсіпкерлер тегін тамақтандырады. Олардың қатарында “Нежинка-Ерке”, “Береке-Агро”, “Агро-Есіл”, “Целинный-2004”, “Ақселеу”, “Янтарь-98”, “Вест”, “Намыс”, тағы басқа да жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді атауға болады.

Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының “Атамекен” бағыты бойынша жеке кәсіпкерлер мектептерге өз көмектерін көрсетуде. “Целинный-2004” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Целинный орта мектебінің оқу кабинеттерінің 37 терезесін ауыстыруға көмектесті. Тағы 44 терезеге жергілікті бюджеттен 3 млн. теңге қаражат бөлінді. “Содружество – 2”, “Гаршино” серіктестіктері Новосел, Гаршино орта мектептерінің терезелерін ауыстыруға қолғабыс етті. Әлеуметтік серіктестік аясында “Агрофирма Приишимский” ЖШС Разгульное ауылында көпфункционалды спорт алаңын ашып, Тоқсан би және Приишим орта мектептері ғимараттарынан жылу қазандығын сыртқа шығарып берді. Новоишим №2 орта мектебі жанынан да спорт алаңын ашуға жергілікті бюджеттен 3 млн. теңге қаражат бөлінді және жеке кәсіпкерлер көмектесті.

Қазіргі күні білім жүйесі мемлекеттің зор қолдауына ие болып отыр. Елбасының адами капитал сапасын дамыту бойынша білім саласының алдына қойған міндеттерін жүзеге асыру бағытында Ғабит Мүсірепов атындағы аудан ұстаздары талмай еңбек етіп, білім деңгейін жаңа сатыға көтеру, ұлтжанды, елін, жерін шексіз сүйетін нағыз азаматтарды тәрбиелеуге өз үлестерін қоса береді.

Серік АЛТАЕВ,

Ғабит Мүсірепов атындағы

ауданның білім бөлімінің басшысы.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.