БАРЫНША ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛМЕК

Бүгінгі таңда облысымызда еліміздің оңтүстік өңірлерінен көшіп келген 186 отбасы тұрады. Облыстық әкімдіктің кезекті отырысында олардың теріскейдегі тұрмысы қалайша қалыптасып жатқаны туралы сөз болды. Сондай-ақ, аппараттық кеңесте алда келе жатқан Тәуелсіздік күнін мерекелеу жоспары пысықталды.

Ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күніне орай өңір тұрғындары үшін ұйымдастырылатын іс-шаралар көлемі ауқымды болмақ. Тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктер мен Астанамыздың 20 жылдығы мерекелік бағдарламалардан барынша көрініс табатын болады. Тұңғыш Президент күнінде өңірімізде 42 жаңа нысан пайдалануға беріліп, 130 жұмыс орны ашылған. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметованың айтуынша, ұлттық мереке қарсаңында 53 әлеуметтік маңызы бар нысан пайдалануға берілмек. Олардың қатарында тұрғын үй, балабақша, медициналық қосын, пошта бөлімшелері, кітапхана, жабық хоккей кешені мен бірнеше кәсіпорын бар. Жоспарға сәйкес мереке қарсаңында тұрғындардың әлеуметтік жағынан әлжуаз тобына, жалғызбасты қарттарға атаулы көмек көрсетіледі. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ермек Рахимовтың айтуынша, сала ұжымдары 350-ге жуық түрлі форматтағы шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Бұл күндері 11 мәдениет ошағының тұсауы кесілмек.

– Мереке қарсаңында тұрмыс жағдайы қиын жерлестерімізге көмек қолын созып, барынша қолдау көрсеткеніміз абзал, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов. – Әсіресе, көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың халдарын біліп, отын, көмір, мал жемазығы қажет болса, көмектесу керек.

Облыс әкімі осы орайда қайырымдылық шараларына барлық аудандар бірдей атсалысуы қажеттігін алға тартты.

Бүгінге дейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес көшіп келген 184 отбасына квота берілген. Қатарымызды толықтырған 808 тұрғын 86 елді мекенде тұрып жатыр. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Сергей Яковенко Тимирязев және Уәлиханов аудандарында көшіп келушілерді орналастыру бойынша істің соңына дейін жеткізілмегенін айтты.

– Көшіп келген әр отбасының мүшелеріне 79 мың теңге жәрдемқаржы беріледі. Жалпы, бұл мақсатқа мемлекет бюджетінен 63, 4 миллион теңге бөлініп отыр. Ал тұрғын үйді жалға алу немесе сатып алу мақсатына бөлінген қаражатты 10 желтоқсанға дейін игеруді тапсырдық, – деді ол.

Қоныс аударғандар ішіндегі 357 еңбекке қабілетті азаматтың 189-ы, негізінен, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау салаларына жұмысқа орналасқан. Қалғандары бала күтімі бойынша демалыста болса, енді біреулері жеке қосалқы шаруашылықтарымен айналысуда. Өз істерін бастағылары келетіндер де бар. Оларға әкімдіктер тарапынан жан-жақты көмек көрсетілуде.

Жыл ішінде өңірімізге келген 22 отбасы (93 адам) ешбір жерге тіркеліп, квота алмастан, қайта кетіп қалған. Мәселен, Уәлиханов ауданынан – 7, Шал ақын ауданынан – 4, Есіл мен Тайынша аудандарының әрқайсысынан 3 отбасыдан еңбекақының төмендігін, су, газ құбырларының жоқтығын алға тартып, бұрынғы елді мекендеріне оралуды жөн санапты.

Алдағы 2018 жылы облысымыз 767 отбасын (3445 адам) қарсы алады деп күтілуде. Олардың ішіндегі 77 отбасы – шетелден көшіп келетін қандастарымыз. Бүгінгі таңда бұл азаматтар үшін баспана мәселесі қиындық тудырмайтын, жұмыс орындары бар елді мекендер қарастырылу үстінде. Дегенмен, жүргізілген есептер бойынша аудандарда ұсынылатын бос орындар қоныс аударушылардың санынан әлдеқайда аз болып отыр. Сондықтан осы бастан жұмыспен қамтудың барлық мүмкіндіктері қаралуы тиіс.

Облыс әкімі өз тарапынан көшіп келушілерге омарташылық кәсіпті меңгеріп, табыс көзі етуді ұсынды. Оның үстіне өңірімізде бал өндірісінің көлемін ұлғайтудың қажеттігі туындап отыр.

– Қытайда балға деген қызығушылық танытушылар көп. Бізде бір килограмы 1,5 мың теңге тұратын бал онда 6-8 мың теңгеге дейін бағаланады. Сондықтан осы бағытта жұмыс жүргізуіміз керек, – дей келе, өңір басшысы жергілікті омарташылар қауымдастығына кәсіпті меңгерем деушілер үшін оқыту ісін ұйымдастыруды тапсырды.

Жыл басынан бері өңірімізден төрт мыңнан астам адам көшіп кеткен. Тұрғылықты орнын шетелдерге ғана емес, еліміздің өзге қалаларына ауыстырып жатқандар да баршылық. Әсіресе, еңбек жасындағы азаматтар жалақылары мен жұмыс жағдайына көңілдері толмай кетіп қалуда. Мұны өңір басшысы жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік жауапкершілігінің төмендігінен болып жатқан жағдай деп түсіндірді. “Сондықтан басқа өңірлерден көшіп келушілер бұл жерде өздерін жайсыз сезінбеулері үшін тиісті жағдайларын бәрін ұйымдастыруымыз қажет. Оларды болашағы күмәнді ауылдарға емес, орталықтандырылған қоныстарға жайғастыруды тапсырамын”, – деді Құмар Іргебайұлы.

Отырыс барысында бірқатар облыстық басқармалар жұмысына қатысты қаулылардың жобалары қаралды. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова тұрақтандыру қорындағы азық-түлік бағаларының өзгерісі туралы баяндады. Қуантарлық жағдай – өңірімізде бағаның өсімі емес, керісінше, арзандауы байқалған. Көршілес Ақмола облысымен салыстырар болсақ, картоп, сәбіз, қырыққабат пен пияздың көтерме бағалары арасында 20-25 теңгеге дейін айырмашылық бар. Облыс әкімі мереке күндері азық-түлік бағасының өсіп кетпеуін қадағалап отыруды тапсырды.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.