АУЫЛДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛДЫ

Елбасының “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” Жолдауы еліміздің қарқынды дамуына жаңа серпін берді. Стратегиялық құжат халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашып, Қазақстан экономикасын жаңа белеске жетеледі. Алмағайып замандағы жаһандық сын-қатерлерге жауап беретін Жолдауды жүзеге асыру – еліміздің әрбір тұрғыны үшін маңызды. “Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді”, – деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда. Бастан өткерген сын-қатерден сабақ ала отыра, болашаққа тиімді жоспар құра білуіміз елдің дамуына оң серпін беруде. Ал бұл Мемлекет басшысының тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға арналған тапсырмаларын орындауға жағдай жасайды.

Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының әлеуетін көтерудегі басым бағыттарының бірі – елді мекендердегі жолдардың сапасын жақсарту, таза ауызсумен қамтамасыз ету, көшелерді жарықтандыру. Яғни, тұрғындардың тұрмысын жақсартатын нақты шаралардың жүзеге асуына мүдделіміз. Үстіміздегі жылы аудан бойынша 22 километр жол жөнделді, сондай-ақ, 23 километрге ағымдағы жөндеу жүргізіліп, қиыршықтас төселді. Бұл мақсатқа облыстық және аудандық бюджеттен 195,8 млн. теңге бөлінген еді. Қаржы толық игерілді. Көп жылдан бері таза ауызсуға зәру болған Шаховское ауылында жергілікті ұңғыма су көзі арқылы су тарату және тазарту желілерін салуға 361,8 млн. теңге бөлінді.

Соңғы жылдары аудан орталығы тұрғындарының саны көбейгендіктен, құрылыс жұмыстары қарқын алды. Өрісі кеңейген Бескөл ауылының көшелеріне 7,4 млн. теңгеге жарық тартылып, ауданның тоғыз елді мекенінде 5 миллион теңгеге тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны жасалды. 18 елді мекендегі жарықтандыру бағаналарын жөндеу үшін 24,8 миллион теңге жұмсалды.

Новокаменка және Чапаево ауылдарының тұрғындары бос уақыттарын тиімді өткізуі үшін ауылдық клуб ғимараттары жөнделді. Сонымен бірге, Кустовое ауылында балалардың ойын алаңы орнатылды. Гончаровка ауылында медициналық орталық ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді жалпы құны 41,7 миллион теңге болатын тоғыз спорт алаңын құру көзделіп отыр. Жеті елді мекенде 47,5 миллион теңгеге қоршаулар орнатылды.

Әлеуметтік саланың басты мәселесі жұмыссыздық екені жасырын емес. Елімізде де бұл мәселеге ерекше назар аударылғандықтан, жыл сайын жұмыспен қамтылған тұрғындар саны арта түсуде. Осының арқасында ауданымызда экономикалық белсенді халықтың саны басым. Үстіміздегі жылы 1758 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал бұрын ашылған жұмыс орындарына – 1172, қоғамдық ақылы жұмыстарға – 372 адам жіберілсе, кәсіптік оқытуға 204 аудан тұрғыны барды. Бүгінгі таңда әлеуметтік жұмыс орындарына баруға 61 адам ниет танытып отыр.

Ауылдың әлеуетін көтеру үшін елімізде бірнеше жылдан бері “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы жүзеге асып жатқаны белгілі. Жоғары білім алған білікті мамандарды шалғай елді мекендерге тарту арқылы ауылдардың тұрмысын қайта қалпына келтіруді көздеген бағдарлама бізде де жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ауданымызда ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау уақтылы жасалады.

2015-2017 жылдар аралығында біздің ауданда 202 маманға 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтермеақы, сондай-ақ, оларға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие түрiнде 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 248 млн. теңге берілді. Үстіміздегі жылы көтермеақы мен бюджеттік несиені 36 маман алды. Олардың дені – білім саласының мамандары. Бұл мемлекеттік бағдарламаны ендігі жылы да жүзеге асыратын боламыз.

Үстіміздегі жылы аудан аумағында бос және иесіз құрылыстарды түгендеу барысында 10 нысан анықталды. Қолданылмайтын мүлікті сату электрондық аукцион және коммерциялық тендер арқылы жүзеге асырылады. Оларды сатудан аудан бюджетіне 2,0 млн. теңге мөлшерінде кіріс кіреді деп жоспарлануда. Биыл өзінің өндірістік маңызын жойған бес автокөлік құралын сатудан аудан бюджетіне 6,2 млн. теңге түсті. Бұл қаржы жергілікті жердегі мәселелерді шешуге жұмсалады.

Ауданның әлеуетін көтеруге бөлінген қаржының игерілуін және тиімді жұмсалуын қадағалауда біз аудандық кіріс, қазынашылық басқармаларымен, статистика бөлімімен және басқа да тиісті мекемелермен бірлесе жұмыс істейміз. Себебі, түрлі деңгейдегі бюджеттен бөлінген қаржының игерілуі бір түйінді мәселенің шешілгендігін білдірсе, ал игерілмей кері қайтарылуы нақты жұмыстардың істелмегенін көрсетеді. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бөлінген қаржыны дұрыс игеруі үшін мұндай бірлескен жұмыстар аса қажет.

Осы орайда, аудандық экономика және қаржы бөлімі күн сайын бөлінген бюджеттік қаражаттардың игерілуіне мониторинг жүргізіп отырады. Сонымен қатар аудандық қазынашылық басқармасымен бірлесіп бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арасында бюджет заңдылықтарын түсіндіру және бюджетті орындау барысында кеткен кемшіліктерді түзету үшін семинар-кеңестер өткіземіз. Осының арқасында аудан бойынша бюджеттің шығыс бөлігінің орындалуы ай сайын кем дегенде 99 пайызды құрайды.

Бүгінгі күні әр тиынның сұрауы бар. Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет жаңа бағдарламаларды қолға алуға қомақты қаржы бөлуде. Осындай күрделі тапсырманы алдымызға қойып отырғандықтан, қаражат мейлінше тиімді игерілуі тиіс. Жаңаша дамудың бұл бағыттары қазақстандық экономика қарқынының өсуін орташа әлемдік деңгейден жоғарылатып, мемлекеттің бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруін қамтамасыз етуі тиіс.

Марат ЕРХАНОВ,

Қызылжар аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.