ЖАСАМПАЗ ЕЛДІҢ ЖЕЛКЕНІ

“Біз ХХІ ғасырды жаһандық сын-қатерлер дәуірі ғана емес, сондай-ақ, жас, жігерлі және талантты адамдардың дәуірі деп те атаймыз”, – деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Айтқанындай-ақ, қазіргі таңда елімізде жастар саясатына ерекше көңіл бөлініп отыр. Петропавлдағы “Түркістан” мәдени-ойын-сауық орталығында “Жастар рухани жаңғыру жолында” атты өңірлік жастар форумының өтуі – соның жарқын бір мысалы.

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма ұйымдастырған шараның негізгі мақсаты – еліміздің жарқын болашағының кепілі саналатын жас ұрпақтың басын біріктіру, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру. Форум жұмысына қатысқан 400-ден астам жасты облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан оның орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтады.

– Бұл бейресми кездесуде әркім өзінің пікірін еркін білдіріп, түрлі идеяларымен бөлісе алады. Еліміздің қозғаушы күші – жастар әрдайым жігерлі, белсенді болуы тиіс. Бұлар – жетістікке жеткізетін қасиеттер. Өңірімізде жалынды жас буынның атсалысуымен ХІІІ Ұлттық Дельфий ойындары сияқты түрлі шаралар жоғары деңгейде өтті. Бүгінде облысымызда жастар бастамаларын қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Ол үшін әр ауданда ресурстық орталықтар ашылған, – деген Мадияр Дүйсенбайұлы жиналғандарды жастық шақта терең білім алып, бірнеше тілді меңгеруге шақырды.

Бұдан соң сөз алған күштік экстрим бойынша әлемнің төрт дүркін рекордшысы Сергей Цырульников әр жастың үлгі тұтар тұлғасы болуы керектігін айтып, өзі белгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолын өнеге санайтынын тілге тиек етті. Астанадан арнайы шақыртылған қонақ өзімен бірге ер жігіттің бес қаруының бірі – салмағы 34 килограмм қылышты әкеліпті. Жаугершілік заманда батырларымыз дәл осындай семсермен жауға шапқан екен. Форумға қатысушылар бұл қаруға ерекше қызығушылық танытты. Ал Лондон қаласындағы Сити университетінің түлегі, бүгіндері Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов “Болашақ” бағдарламасының артықшылықтары жайында әңгіме өрбітті. “Елбасының бастамасының арқасында қазақстандық студенттер әлемнің үздік университеттерінде оқуға мүмкіндік алды. Мәселен, мен Ұлыбританияда бір жарым жыл тұрып, білімімді жетілдірдім. “Болашақ” бағдарламасымен оқығысы келетін үміткерге әңгімелесу уақытында “Алған біліміңді еліңе қайтара аласың ба?” деген сияқты сұрақтар қойылады. Сондай-ақ, шетел тілін білуіне назар аударылады. Жалпы, бүгінде әркім өзін кез келген салада сынап көруіне жақсы жағдай жасалған. Бастысы, патриот болуың керек”, – деді Евгений Сергеевич.

Шара барысында аға буын да өмірлік тәжірибесімен, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Мысалы, облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко бұрынғы уақытпен салыстырғанда, қазіргі таңда жастарға кез келген есік ашық екенін атап көрсетті.

Форум барысында үстіміздегі жылы әр салада жетістікке жеткен жастар түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Мысалы, еркін күрестен Қазақстан Республикасының үш дүркін чемпионы Динара Наурызбаева “Үздік жас спортшы” атанса, Мәди Бәпиұлы атындағы республикалық байқаудың лауреаты Еркебұлан Қаріпов “Жас дарын” аталымына лайық деп танылды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Текстиль для дома, Вышивка, Фурнитура, Ткани
автоновости