КӨП ТІЛ БІЛГЕННІҢ ШЫҒАР ШЫҢЫ БИІК

Қазіргі жаһандану заманында жастардың бірнеше тілді меңгеруі – заңдылық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосы­лу­ы үшін компьютерлік сауаттылық пен шет тілін меңгерудің маңыздылығын атап өтті. “Ұлт­тың бола­ша­ғы оның табиғи байлығымен емес, басқа елдер­мен бәсекелесу қабілетімен анық­та­лады. Сон­дықтан әрбір қазақстандық XXI ғасырда осы қа­сиеттерге ие болуы керек”, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Тәуелсіздік күніне орай С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен “Қазақстандықтар – болашағы біртұтас ел” тақырыбындағы “дөңгелек үстелге” де көп тіл білетін жастар жиналды.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұйымдастырған шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, жас мамандарға қолдау көрсету және үштілділікті насихаттау болды. “Дөңгелек үстел” отырысына облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қатысты.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Тәуелсіздік толғауы” еңбегінде: “Баршамызды Тәуелсіздіктің Ұлы рухы жебейді, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады”, – деді. Біз ата-бабамыз армандаған асыл құндылықты халықтың бірлігі мен ынтымағының арқасында сақтап келеміз. Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздіктің баянды болуының басты тіректерінің бірі. Ұлттық сананы қалыптастыру жолында тілдің атқарар рөлі өте маңызды. Қазақ тілін латын графикасына көшіру – жаһандану заманында еліміздегі жастар үшін әлемдік ғылым мен білімді игеруге бағытталған қадам.

Танымал жазушы Герольд Бельгер: “Неміс тілі, қазақ тілі, орыс тілі – шабытымның үш қайнар бұлағы”, – деген болатын. Бүгінгі “дөңгелек үстел” басына әртүрлі салада жұмыс істейтін бірнеше тілді меңгерген жастарды шақырдық, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.

2006 жылы Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ құрылтайында “Үштұғырлы тіл” идеясын ұсынған болатын. Сөйтіп, қазақ тілі – мемлекеттік, орыс тілі – ұлтаралық, ал ағылшын тілі халықаралық қарым-қатынас құралы болуы керектігін атап көрсетті. Жиында сөз алған “Шағала-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жомарт Омаров қазақ тілінің елдің өсіп-өркендеуіндегі рөлі зор екенін тілге тиек етті. “Тіл жанашыры – 2017” төсбелгісінің иегері атанған кәсіпкер жастарға “Маған мемлекет не береді деп емес, мен Отаныма не істей аламын” деген қағиданы ұстану керектігін айтты. Сондай-ақ, ол “Болашақ” бағдарламасының нәтижелі жұмыс істеп отырғанына тоқталды.

Жастардың бүгінгі міндеті – ұлттық құн­дылықтарды ұмытпай, бірнеше тіл­ді меңгерген бәсекеге қабілетті азамат болу. Себебі, көп тіл білу – та­быстың кілті. Бұл – Аққайың ауданындағы Астраханка орта мектебінің мұғалімі, республикалық “Тіл мерейі” байқауының жеңімпазы Айым Қамырованың ойы. Талапты бойжеткен ағылшын тілін меңгерген жастар биыл “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінің ойдағыдай өтуіне үлес қосқанын мақтанышпен айтты.

Халқымызда “Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл” деген аталы сөз бар. Шара барысында қазақ тілін меңгерген Галина Викторенко, Наталья Петрова, Лада Горошко, Натиг Абдуллаев, Марина Венинг сияқты өзге этнос өкілдері де сөз тізгінін алып, мемлекеттік тіл олар үшін біраз есіктің ашылуына себепкер болғанын айтты. Мысалы, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның түзету мектеп-интернатының қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі Сергей Воронцов үш тілде еркін сөйлейді. Полиглот жас қандай да бір тіл үйрену үшін оған ықпал жасайтын орта керектігін айтты. Ол алдағы уақытта қытай тілін меңгермек.

Жиын соңында мемлекеттік тілдің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ азаматқа облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың Алғыс хаты табысталды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.