ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМГЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Ресейдің Омбы қаласында солтүстікқазақстандық өнімдер жоғары сұранысқа ие. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында айтылды.

Осыдан жарты жыл бұрын Мемлекеттік жеке серіктестіктің өңірлік орталығы “Есіл” өңірлік даму орталығы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып өзгерген болатын. Мұндағы мақсат облыста бәсекеге қабілетті бренд құрып, алға жылжыту, өңірлік және халықаралық серіктестерді тартып, облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарын жан-жақты қолдау болып табылады.

Мемлекеттік жеке серіктестік жобалары қоғамдық тауарлар және қызметтің сапасын, қолжетімділігін арттыру үшін кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы органдар ресурсын біріктіру мақсатын көздейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму” атты халыққа Жолдауында бюджет шығындарын оңтайландыру үшін мемлекеттік жеке серіктестік механизмін белсенді қолдану қажеттігін атап көрсеткен болатын. Елбасының бұл тапсырмасы біздің өңірімізде де орындалуда. Серіктестік аясында жүзеге асырылған бірқатар жобалар да бар.

– Серіктестік жоспарға сәйкес “Орман” шағынауданында – 140 орынға, Ж.Қизатов көшесінің бойында 90 орынға арналған балабақшалар мен “Жас өркен” шағынауданындағы теннис орталығының құрылысы мен жұмысын жүргізуде, – деген “Есіл” өңірлік даму орталығы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Руслан Шәріпов келесі жылға міндеттерімен де бөлісті. 2018 жылы олар облыс орталығында бірқатар медициналық мекеме құрылысын жүргізбек.

Облыстық тауар өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында “Есіл” өңірлік даму орталығы” серіктестігінің қолдауымен Омбы қаласында қазақстандық тауарлар сатылатын екі “КазМаркет” сауда павильоны ашылған болатын. Онда отандық тауардың 300-ден астам түрі саудаланса, соның 80 пайызы біздің облыста шығарылған. Омбы қаласында орналасқан дүкендер бүгінде жергілікті тұрғындар арасында да кең танымал болуда. Бүгіндері Ресейде “Каз-Маркет” брендін тіркеу жүріп жатыр. “Каз-Маркет” жауапкершілігі шектеулі қоғамының директоры Евгений Бойцов өңірімізде өткізген бірнеше күн ішінде бірнеше келісімшарт жасасып үлгеріпті. Ал омбылықтар дүкен сөрелерінде петропавлдық нан мен қазақстандық кәмпит болғанын қалайды екен. “Қазір тауар аптасына бір рет жеткізіледі. Дәмді әрі жарамдылық мерзімі қысқа өнім бірден тұтынушысын табуда. Енді тауарды аптасына екі рет әкелмекпіз”, – деді Евгений Бойцов.

2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында Омбы қаласында – жеті, ал Түменде төрт сауда орыны ашылмақ.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

 

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.