КӨРКЕЙЕ БЕР, АТАҚОНЫС! Ноғайбай ауылында 5 үй пайдалануға берілді

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ноғайбай ауылында бес тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Асқар Бегманов пен ауыл тұрғындары қатысты.

– Бүгін біз жергілікті серіктестік басшысының туған ауылының тұрғындарына жасап жатқан қамқорлығы мен қолдауына тағы да куәгер болып отырмыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласындағы “Туған жер” бағдарламасы аясында бой көтерген жаңа тұрғын үйлер ауыл тұрғындарының мерейін тасытары сөзсіз. Кіндік қаның тамған жеріне, өскен ауылына сүйіспеншілік танытып, туған ауылының өркендеуіне атсалысып жүрген “Ноғайбай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алтынбек Сапаровқа алғысымды білдіремін, – деді Асқар Әбдіғалиұлы.

Содан кейін аудан басшысы қуанышқа бөленген отбасыларға жаңадан бой көтерген бес тұрғын үйдің кілтін табыстап, баспана иелерін қоныстойларымен құттықтады. Бұл күні ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Марат Назаров, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен зейнеткер Рақыш Қыдырмина, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасымен ауылға келген жас маман Ғалымбек Нәби, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша еліміздің оңтүстік өңірінен қоныс аударған Серік Байқошқаров пен Тұрғынбек Асанов баспаналы болды.

Бұл білікті шаруашылық басшысының туған ауылына жасап отырған алғашқы көмегі емес. Ол өткен жылы жеке қаражатына үш тұрғын үй мен демалыс орталығын пайдалануға берсе, Қарақоға – Ноғайбай жол учаскесіне қиыршықтас, ал ауыл көшесіне асфальт төсеген болатын. Сонымен қатар Қарақоға – Ноғайбай су таратушы торабының құрылысын аяқтап, үйлерге су тартып беру арқылы ноғайбайлықтардың алғысына бөленген. Сондай-ақ, ауылда екі балалар алаңшасы, жасанды жамылғысы бар шағын футбол алаңы салынып, көшеге электр қуатын үнемдейтін 58 шам орнатылды. Сондай-ақ, үш үйдің іргетасы қаланды.

Агроқұрылымның басшысы Алтынбек Сейпілұлының айтуынша, алдағы уақытта да елді мекенде шаруашылықтың есебінен жаңа үйлер салынып, ауылды көркейту бағытындағы жұмыстар жалғаса беретін болады.

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,

журналист.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.