КЕЛЕШЕККЕ СЕНІМІМІЗ КӘМІЛ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауы қоғам мен мемлекеттің әрі қарай дамуына қажетті негізгі ұстанымдарды айқындайды.

Қазақстан ширек ғасырда әлемдік алпауыт мемле­кеттермен иық теңестіре алатындай дәрежеге жетіп, қыруар іс тындырды. Елімізде дамудың өзіндік моделі қалыптасты. Әрбір отандасымыздың жүрегінде елімізге деген шексіз мақтаныш сезімі орнықты. Оны еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін айтып жүр. Қазақстандықтар өзінің ертеңіне, туған елінің болашағына сеніммен қарайды. Елбасының Жолдауы әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жеткен жетістіктерімізді одан сайын еселей түсуге бағытталған.

Құжатта экономиканы дамыту, бизнес-ортаны жақсарту, макроэкономикалық тұрақтылық, адам капиталының сапасын жоғарылату және институционалдық өзгертулерге баса назар аударылған. Жолдауды жүзеге асыру аясында шағын бизнесті дамытуға көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Бірінші басымдықты жүзеге асыру – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында ауданда сегіз ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Сұранысқа ие дәнді және майлы дақылдардың егіс алқабын әртараптандыру жұмыстары жүргізілді. Жергілікті кәсіпкерлер қайта өңделген өнімдерін көрші өңірлер мен жақын шетелге экспорттайды. Себебі, қайта өңдеуде жаңа технологиялар кеңінен қолданылып, экологиялық таза және сапалы өнімдер алып отырмыз. Бұл өнімдер дүкендердің сөрелерінде “Қазақстанда жасалған” брендтерімен ұсынылып жүр. “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі шығаратын пилеттер, “Левин” жеке кәсіпкерлігі жасайтын жиһаз ауданда, облыста және басқа өңірлерде де өз тұтынушыларын тапты. Мәселен, ауданда білім беру мекемелерін “Агро-Профи” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіретін биоотынмен жылыту қолға алынған. Бүгінгі таңда ауданымыздың алты мектебі биоотын арқылы жылытылуда. Логистиканы дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Осылайша, былтыр жергілікті автокөлік жолдарын жөндеуге 150 миллион теңге қаржы бөлінді. “Нұрлы жер” бағдарламасын жүзеге асыру барысында Прибрежное ауылында жеке тұрғын үй құрылысы үшін ауданы 47 гектар жаңа шағынаудан салу жоспарланған. Петерфельдте – 18 пәтерлі, Бескөлде 30 пәтерлі тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жолдаудың екінші басымдығында: “Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек. Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс. Жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны – бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі болмақ”, – деп атап көрсеткен болатын. Бұл басымдық бойынша “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасына сәйкес жалпы сомасы 196 340 мың теңгеге 45 жоба жүзеге асырылды. Бағдарлама кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, халық арасындағы жұмыссыздықты жойып, жаңа жұмыс орындарын ашуға да септігін тигізуде. Мәселен, осы жобалар аясында 2930 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.

Жолдауда айтылған басымдықтардың бірі – IT-білімді қалыптастыру, үш тілді оқытуға ауысу. Бұл салада да нақты жұмыстар атқарылуда. Аудан көлемінде қажетті мультимедиялық жабдықтар сатып алынып, ұстаздар оқу үрдісінде интернетті кеңінен қолдануда. Жолдауға сәйкес адами капитал сапасын жақсарту бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Ауданның білім беру бөлімі үш тілде білім беруді енгізу бойынша жұмыстар атқаруда. Осы мақсатта 62 млн. теңгеден астам қаржыға оқулықтар мен әдістемелік әдебиеттер алынды.

Тәуелсіздік жылдары өңірімізде тарихи және мәдени нысандарды түгендеп, қалпына келтіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұған өңіріміздегі білікті кадрлар даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қосып отырған үлесі зор. Құнды мәдени мұраларды қалпына келтіру жұмыстарына ғалымдардың студенттер мен мектеп оқушыларын жұмылдыратыны қуантады. Ауданда Вагулин, Рассвет және Рощинск ауылдық округтерінде орналасқан 30 археологиялық ескерткіш бар. Көне қорғандар мен қорымдар да көп кездеседі. Долматов ауылына жақын жерде ашық аспан астындағы мұражай іспеттес қазба орнын Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енгізу жоспарланған.

Қорыта келгенде, Елбасының Жолдауы экономикалық өсімді арттыра отырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған кезекті стратегиялық қадам деуге толық негіз бар. Жолдау ертеңгі күнге деген сенімділікті нығайтады. Қойылған мақсаттарға жету үшін әрқайсымыз өз саламызда күш салуымыз керек.

Айжан МОЛДАХМЕТОВА,

Қызылжар аудандық мәслихатының хатшысы.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика