ЖАСЫЛЕЛДІКТЕР ЖЕТІСТІГІ

2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Жасыл ел” бағдарламасының тұсауын кескен болатын. Оның мақсаты жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді мекен айналасын жасыл желекпен көркейту, сол арқылы жастардың Отанға, табиғатқа деген сүйіспеншілігін қалыптастыру болды. Оның аясында өңірімізде он мыңнан астам жас жұмысқа орналасты. Осыдан төрт жыл бұрын осы жастар ұжымының тізгінін қолыма алған едім. Студенттік кезден қоғамдық өмірге белсене араласып, түрлі шаралардың бел ортасында жүргендігімнен, маған көшбасшы болу қиынға түспеді. Былтыр біздің штаб республика бойынша “Үздік жасақ” аталымында топ жарып, мен “Солтүстік Қазақстан облысының үздік жас көшбасшысы” атағын иелендім. Әрине, бұл марапаттардың барлығы жасылелдіктердің еселі еңбегінің арқасында келді.

Әр адамның бойында отансүйгіштік сезімі болуы керек. Бұл дегеніміз – аянбай еңбек етіп, туған жердің абыройын асқақтату. Әсіресе, патриот болу – еліміздің болашағы саналатын жастарымыздың тікелей парызы. Қарамағымдағы белсенді жас буынның ұстанған қағидасы – өскелең ұрпаққа ел үшін еңбек етудің құндылығын көрсету. Өткен жылы осы бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген қаржы екі есеге көбейіп, оған қатысушылардың саны артты. Былтыр біз мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың шеңберінде 671 жас­ты жұмыспен қамтамасыз еттік. Оның ішінде аудандарда – 527, облыс орталығында 144 жас жұмыс істеді. Олардың дені – көпбалалы отбасынан шыққандар және студенттер. 2015 жылы мұндай мүмкіндік жұмыссыз жастарға да беріліп, олар да “Жасыл елдің” қатарына келіп қосылды. Осылайша, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің саны біршама азайды. Әрбір жасылелдікке ай сайын 35 мың теңгеден астам еңбекақы төленді.

Жастар мұнда тек жұмыс істеп қана қоймай, өзара танысып, жаңа достар тапты. Жүздеген ұл мен қыз қала мен елді мекендерді көгал­дандыру, ағаш көшеттерін отырғызу, күтіп-баптау, әктеу жұмыстарымен айналысты. Сондай-ақ, жасылелдіктер орманды тазартып, жалғызбасты қарияларға көмектесті. Жастардың еңбек етулеріне барлық жағдай жасалып, жұмыс киімдерімен қамтамасыз етілді.

Жасағымыздың мүшелері жеке серіктестіктерде де еңбек етті. Мысалы, студенттерге осындай мүмкіндік ұсынғандардың алғашқысы болған Қызылжар ауданындағы “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігін атап кеткен жөн. Штабымыздың 13 мүшесі Новоникольск ауылын абаттандыруға белсене қатысты. Олар елді мекенді күл-қоқыстан тазартып қана қоймай, көшелерге гүлдер мен көшеттер отырғызды. Кейін өзге де кәсіпорындар осы бағдарлама аясында жастарды жұмыспен қамтып, өлкенің тазаруына зор үлес қосты.

Біз “Жасыл ел” бағдарламасы арқылы жастарды жұмысқа тарта отырып, олардың бойындағы еңбекке деген ынтасын оятуға тырысамыз. Олардың жақсы азамат болып қалыптасуына бұл жобаның тигізер септігі мол. Жаз айларында уақыттарын босқа өткізбей, қаражат тауып, ата-анаға қолғабыс болса, екінші жағынан қоршаған ортаның тазалығына өз үлестерін қосады. Әрқайсымыз туған жеріміз үшін жауап­тымыз, бұл – біздің үйіміз.

Асқар БАЙМҰҚАНОВ,

“Жасыл ел” облыстық штабының жетекшісі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.