ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ АРҚЫЛЫ САУАЛ ЖОЛДАУҒА БОЛАДЫ

Әрбір тұрғын өзін толғандырып жүрген мәселелеріне жауап алғысы келеді. Бүгінде олардың бұл қажеттіліктерін жыл сайын өткізілетін барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен дәстүрлі есеп беру кездесулері қанағаттандырып отыр. Бұл кездесулер атқарушы билік пен тұрғындардың күрделі мәселелерді бірлесіп талқылайтын тиімді диалог алаңына айналған. Сондай-ақ, мұндай жиындар мемлекеттік органдардың жұмысында ашықтық пен билікке деген сенімді ұлғайтуға, іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы жариялылықты арттыруға, азаматтардың мемлекеттік басқаруға кеңінен қатысуына мүмкіндік береді.

Былтыр 16 қаңтар мен 22 ақпан аралығында 649 кездесу өткізіліп, оларға өңір тұрғындарының 12 пайызы, яғни 66 807 адам қатысқан болатын. Олардың 1725-і сөз сөйлеп, 2140 ұсыныс жасалған, оның 2111-і – әлеуметтік, 24-і экономикалық тұрғыда, ал бесеуі мемлекеттік қызметтерді көрсетуге қатысты болды. Келіп түскен ұсыныстардың 45 пайызы, яғни 959-ы бақылауға алынып, қалғандары жергілікті жерде шешімін тапты. Сұрақтардың көпшілігі елді мекендерді абаттандыру, жолдарды және әлеуметтік сала нысандарын жөндеу және тағы басқа мәселелерді шешумен байланысты болған.

Есепті кездесулердің қорытындысы бойынша біраз жұмыстар атқарылды. Жеке сипаттағы сұрақтармен қатар, қоғамдық мәселелердің де күрмеуі шешілді. Мәселен, Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында 50 бүлдіршінге арналған “Аружан” шағын орталығы ашылды. Бұған дейін балалар Бескөл ауылына тасымалданатын. “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасының аясында Тайынша ауданындағы орталық аурухананың балалар бөлімі күрделі жөндеуден өтті. Жеті жыл бойы жөндеусіз тұрған ғимаратты қалпына келтіруге 46,5 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар аталған бағдарламаның арқасында Уәлиханов ауданының Жамбыл ауылындағы ойын-сауық орталығы да жөнделді. 1992 жылдан бері жабық тұрған нысанға бүгінде елді мекеннің тұрғындары барып, бос уақыттарын пайдалы өткізіп жүр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің аясында “Егоровские склады” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыс орталығында 90 орындық “Нұр бала” балабақшасын салды. Оның құрылысына 327 миллион теңге жұмсалды.

Биыл әкімдердің тұрғындармен кезекті есепті кездесулері 15 қаңтар мен 15 ақпан аралығына белгіленсе, өңір басшысы тұрғындармен 22 ақпан күні кездеседі. Жалпы барлық деңгейдегі әкімдермен 643 кездесу өткізу жоспарланған. Мұндай жиындардың өткізілу орны мен жергілікті атқарушы органдар басшыларының есебі газет беттерінде және әкімдіктердің ресми сайттарында жарияланады. Сондай-ақ, тұрғындардың ұсыныстары мен ескертулерін жинау үшін қоғамдық орындарға арнайы жәшіктер орнатылып, олардың мекенжайы да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланады.

Облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары Дархан Әміриннің айтуынша, биыл тұрғындар Петропавл қаласы мен аудан әкімдерінің есебін интернет арқылы тікелей эфирде тыңдай алады. Әкімдіктердің “Facebook” әлеуметтік желісіндегі парақшаларында сұрақ қоюға жағдай жасалған. Бұл – көкейкесті мәселелерді үйден шықпай-ақ шешуге және ұсыныс айтуға таптырмас мүмкіндік. Кездесуден кейін 10 күннің ішінде көпшіліктің ұсыныстары мен ескертулерін орындау шараларының жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар қолға алынады.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

 

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.