ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Өңірімізге жұмыс сапарымен Парламент Сенатының депутаттары Ерік Сұлтанов пен Ольга Перепечина келді. Депутаттар өңірге сапарын облыстық ішкі істер департаментінің ұжымымен кездесуден бастады.

Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов алдымен жыл бойы атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасады. Сенат депутаты Ерік Сұлтанов та өз кезегінде Парламентте соңғы 4 айда тындырылған істердің нәтижелерін баяндап берді. Есепті кезеңде 41 заң қабылданған. “Президент тапсырмаларын жүзеге асыруға негізделген шаралар жоспарына сәйкес 2017 жылдың 4 қыркүйегінде өткен кезекті сессияда Салық кодексі мен бюджетке түсетін міндетті төлемдер, кедендік реттеу, кен орындарын пайдалану, бюджеттік заңнаманы жетілдіру, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі құжаттар қабылданды”, – деді Ерік Хамзаұлы.

Халық қалаулысы полицейлердің жұмысына қатысты заңдар мен заңдағы өзгерістерге егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Бұдан былай ішкі істер органдары қылмыстық істерді қарастыру процесін жетілдіруге, жолда жүру ережелеріне, цифрландыруға қатысты заңнамаларды іс жүзінде қолданатын болады. Бұлардың барлығы – адам құқығын қорғауға, саланы жетілдіруге бағытталған өзгерістер.

Сенат депутаты Ольга Перепечина Парламент қабырғасында әріптестерімен бірге өңірімізге қатысты көтерген және шешімін тапқан істерге тоқталып өтті. Мәселен, республикалық, облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге депутаттардың бастамасымен мемлекет бюджетінен алдымен – 3, одан кейін 5 миллиард теңге бөлінген. “Мұнымен қоса облыстық бюджеттен қарастырылған 5 миллиард теңге қаржы да жол мәселесін шешуге септігін тигізеді”, – деді ол.

Жиын барысында ішкі істер органдарына қатысты басқа да өзекті мәселелер туралы айтылды. Қатысушылар жол қауіпсіздігі, жүргізушілер даярлау сапасына қатысты әңгіме өрбітті. Ерік Сұлтанов ведомство бастығының қала аумағынан полицейлер үшін тұрғын үй салу туралы ұсынысының құптарлық бастама екенін жеткізді.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика