БІЛІКТІ МАМАННЫҢ ОЗАТЫН ШАҒЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Біздің жастары­мыз оқуға, ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, техноло­гияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануы тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндікті жасап, ең қолайлы жағдаймен қамта­масыз етуіміз керек”, – деп Қазақстанның әлемдегі да­мыған 30 елдің қатарына кіруі үшін нақты мақсаттар жүктеді. Алдымен, жастарға тегін кәсіптік-техникалық білім беру қажеттігін басты мін­дет ретінде белгіледі.

Бұл – өмір жолын жаңа бастаған жастардың белгілі бір мамандық иесі атануы үшін атқарылып жатқан игілікті іс. Бір құптарлығы, кәсіптік оқыту мекемелерінде білім беру ісі бизнес пен жұмыс берушілердің тікелей қатысуымен жүргізілуде. Елбасы­ның арнайы тапсырмасымен қайта құрыла бастаған әлемдік деңгейдегі колледждер техникалық және кәсіптік білімді бас­қа­рудың жаңа жүйесін қалыптастырса, кә­сіптік лицейлерді әлемдік тәжірибеге сәй­кес колледжге айналдыру жұ­мыстары да толық жүзеге асы­рылды. Мұ­ның өзі жастардың сапалы білім алып, талапқа сай маман атануына кең жол ашады. Бұл – арнаулы білім орда­ларына мемлекет тарапынан жасалып отырған орасан зор қам­қорлық. Дегенмен, колледждердің білім беру деңгейін барынша арттыру мәселесі әлі де жақсарта түсуді талап етеді.

Елбасының айтуынша, мемлекет әрбір адамға жеке мамандық беруді қолға алады. “Мектепті бітірген жас азамат бірінші мамандығын тегін алады. Біз осыдан бастайтын боламыз. Үкімет осыған кірісуі керек. Қазақстанның жас азаматтары білімді, еңбекқор, бастамашыл болуы тиіс. Жұмыс пен сұранысы бар өңірге батылдықпен барулары керек. Егер шеберліктің шыңына жете білсеңіздер – мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен адамның өмір сапасы озады, тұрмысы жақсы болады. Ең ақыры бүгінгі жасап жатқан жақсылықтарымыздың барлығы – жастар болашағы үшін”, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыған сәйкес біздің колледж еңбек нарығында бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы саласының мамандарын даярлау мәселесін шешуде. Мемлекет тарапынан заманауи техника мен құрал-жабдықтар сатып алуға 30 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражатқа жаңа “МТЗ-80” тракторы, тұқымсепкіштер, дәнекерлеу аппараттары, слесарьлық цех жабдықтары алынды. Бүгінгі таңда әдеттегі мамандардан бөлек, жұмыс берушілердің сұраныстары бойынша қажетті кәсіп иелерін даярлау мәселесі маңызды. Колледж, негізінен, “фермер шаруашылығы” (ауылшаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі), “аспаз”, “дәнекерлеу ісі” (электргазбен дәнекерлеуші) мамандықтары бойынша кадрлар даярлайды. Олар қосымша “В, С” санатты жүргізуші куәліктерін алып шығады.

Колледждегі кәсіптік даярлық оқу мерзіміне сай теориялық білім берумен қатар, өндірістік, технологиялық, дипломалды тәжірибелер түрінде аудан кәсіпорындары мен шаруашылықтарында жүргізіледі. Олар “Баянтай”, “Ғасыр Айыртау”, “Айыртау-Әліби”, “Жер-Ана”, “Константиновка – 2004”, “Фирма Златогорка”, “Людмила”, “Головешкина”, “Матбаев”, “Сабырғали Ажар”, “Машкин” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде тәжірибеден өтеді. Кәсіптік оқытудың бұл түрі жас мамандарға қажеттілікті арттырады, жыл сайын колледж түлектерінің 70 пайызы тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Студенттердің көпшілігі өзге елді мекендерден келгендіктен, қазіргі заманауи талаптарға сай жабдықталған жатақхана олардың екінші үйлеріне айналды.

Бүгіндері Саумалкөл агротехникалық колледжінде 9 және 11-сыныптан кейін түскен 294 студент білім алуда. Аталмыш білім беру орны ауданның ауыл шаруашылығы серіктестіктерімен және жеке кәсіпкерліктермен жасалған 15 екіжақты келісімшарт негізінде қызмет істеуде. Колледжде өткен көктемде “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында мамандықтары жоқ 20 адам тегін үш айлық курстан өтіп, қажетті мамандық иесі атанса, күзден бері тағы да сонша адам тегін оқыту курсында білім алуда.

Аудан әкімі Ағзам Тастеміров колледж студенттері және ауыл шаруашылығы, бизнес құрылымдарының басшыларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында аудан басшысы студент жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мүмкіндіктерді қалт жіберіп алмауға кеңес берді. “Баянтай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Сырымбет Есенғалиев колледж түлектеріне шаруашылықта жұмыс істеуі үшін барлық жағдайлардың жасалатынын жеткізді. “Серіктестікте жұмысшы күшінің жетіспеушілігі бар. Көптен жұмыс істейтін механизаторлар зейнет жасына таяп қалды. Сондықтан жас мамандарды жоғары өнімді техникаларда жұмыс істеуге үйретуіміз қажет. Ол үшін колледж түлектеріне тәжірибелі механизаторлар тәлімгер болғаны жөн”, – дейді ол.

Осы кездесуде ауданның бизнес өкілдері Людмила Климович пен Ажар Сабырғали да өз дәмханаларында өндірістік тәжірибеден өткен колледж студенттері жайлы оң пікірлерін білдіріп, алдағы уақытта тығыз қарым-қатынаста болатындарын жеткізді.

Кездесу соңында әлеуметтік әріптестік және студенттерді дуалды оқыту жөнінде аудан әкімі Ағзам Тастеміров пен “Баянтай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сырымбет Есенғалиев және Саумалкөл агротехникалық колледжі арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.

Колледж ұстаз­дары студенттердің сапалы білім алуына жауапты болмақ. Еліміздің да­муына үлес қоса­тын бүгінгі сту­дент – ертеңгі маман екені әр кез қаперімізде.

Серік МУСИН,

Саумалкөл агротехникалық колледжінің директоры.

Айыртау ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.