ЖОЛДЫҢ ЖАЙЫ АЛАҢДАТАДЫ

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаттары Ерік Сұлтанов пен Ольга Перепечина облыстық мәслихаттың депутаттарымен, ардагерлер және қоғамдық кеңестердің мүшелерімен кездесті.

Алдымен сенаторлар елімізде болып жатқан өзгерістерге тоқталып, атқарылған ауқымды жұмыстардан хабардар етті. Ерік Сұлтанов соңғы үш жылда өңір бюджетінің кірісі 38 пайызға, яғни 27 млрд. теңгеден 38,5 млрд. теңгеге дейін көтерілгенін және бұл қаржының бірқатар ауқымды жұмыстар атқаруға мүмкіндік бергенін айтты. Әлеуметтік саладағы өзгерістер жайын әңгімелеген Ольга Перепечина:

– 2018 жылдан бастап зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізілді. Бүгінгі күні базалық зейнетақы мөлшері 15 274 теңгені құраса, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 33 745 теңге. Ал үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны белгілеу механизмі өзгереді. Оған сәйкес, зейнетақы еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуына қарай төленетін болады, – деді. Оның айтуынша, бұл өзгерістерді халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Өйткені, бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтып, жеке кәсіпкерлікпен айналысып отырған жастар зейнетақы жинақтау қорына ақша аударуға құлықсыз.

Кездесуде өңір үшін маңызды мәселелер талқыланды. Облыстық мәслихат депутаты Сергей Тимофеев Айыртау ауданының демалыс орындарына баратын жолдың сапасыздығын айтты. Жолдың нашарлығы өңірімізде туризмнің дамуына кері әсерін тигізетінін тілге тиек етті. Ерік Сұлтанов соңғы жылдары аталмыш ауданда бірқатар жолдардың жөнге келтірілгенін жеткізіп: “Айыртау ауданындағы негізгі жолдарды қайта жаңарту жұмыстарын екі жылда аяқтауға мүмкіндік бар. Оның шамамен 80 пайызы жөнге келтірілді. Бұл үшін бөлінген қаржы да жеткілікті. Ал облыстағы өзге жолдарды 5-6 жылда жөндеуге болады”, – деді.

Петропавл қаласының құрметті азаматы Александр Липовой облыс орталығындағы апатты жағдайдағы тұрғын үйлерге алаңдаушылық білдіріп, 1950 жылдары тұрғызылған бұл баспаналардың қауіп туғызатынын айтты. “Екі қабатты тұрғын үйлердің жағдайы, тіпті, сорақы. Орталықтан қаржыландыру үшін депутаттық сауал жолдаймыз. Оны “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасының аясында жөндеуге болады деп ойлаймын”, – деген Ерік Сұлтанов ескі үйлердің орнына көпқабатты кешендер тұрғызыла бастағанын айтты.

Жиында, сонымен қатар, ауылдық жерлерді сумен қамтамасыз ету, ұстаздардың мәртебесін көтеру жайлы мәселелер де сөз болды. Сенаторлар барлық кездесулердің нәтижесі бойынша хаттамалар толтырылатынын, оған негізгі мәселелерді енгізетіндерін айтты. Халықпен кездесулерде түскен ұсыныстар жайлы Парламент қабырғасындағы жиындарда айтылады.

Сенаторлар жұмыс сапары аясында өңіріміздегі бірқатар кәсіпорындарды аралады. Олар “ViZaVi Company”, “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамында болды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика