ІСІНЕ АДАЛ ЖАН

Этносаралық бірлікті, дінаралық татулықты нығайту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың ішінде шығармашылық байқаулардың маңызы айрықша. Өткен жылы журналистика саласындағы “Шаңырақ” байқауына қатысып, облыс және республика көлемінде “Бірлік пен келісімді нығайтуға елеулі үлес қосқан тұлғаларға арналған ең үздік ақпараттық материал” аталымы бойынша марапатталдым.

Байқауға Мадина Дарбаева, Анна Шевелева, Нэлли Иванова, Галина Кузьмина және Виктор Гусаков жайында жазған очерктеріммен қатыстым. Бұл азаматтардың әрқайсысы, отбасы мен жақындары өңіріміздің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Солардың ішінде “Алтын бесік” балабақшасының директоры Мадина Дарбаеваға ерекше тоқталып өткім келеді. Өйткені, оның өз ісіне деген адалдығына, қызығушылығына, жауапкершілігіне таңғалмау мүмкін емес. Мадина Танжарбайқызы негізгі білім ордасын үздік тамамдап, Мәскеудегі физика-математикалық мектепте оқыды. Жұмысқа да ерте араласа бастады. Бесінші сыныптан бастап демалыстарда мектептің ерікті бригадасында жұмыс істеп, тимуршылар қозғалысына қатысқан. Жастайынан саясатқа қызығушылық танытып, гендерлік теңсіздік мәселелерін көтерді. Туабітті көшбасшылық қасиеттерінің, алға қойған мақсатқа ұмтылып, жете білуінің арқасында мектепке дейінгі мекеме ашты. Бүгінде ол басқарып отырған “Алтын бесік” атты балабақшада 320 бала тәрбиеленуде әрі олардың әрқайсысына қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, жаңа ұрпаққа арналған қауіпсіз жабдықтармен қамтамасыз етілген спорт алаңы, музыка залы, “Вундеркинд” зерттеу кабинеті жұмыс істейді. Сонымен қатар шетелдік тағылымдамадан өткен педагогтер жеке дәріс беретін “Монтессори” кабинетінде де қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті. Мектепке дейінгі білім беру үрдісінде психологиялық, медициналық қызметтер қарастырылған. Ал қазақ, ағылшын тілдері пәндерінің жоғары санатты мұғалімдері тәрбиеленушілердің үш тілді еркін меңгеруіне, сондай-ақ, түрлі өңірлік, республикалық, халықаралық фестивальдар мен байқауларға қатысуына мүмкіндік береді. Жыл сайын балабақшада соғыс ардагерлерінің қатысуымен Жеңіс шеруі ұйымдастырылады. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай арнайы жоба іске қосылып, тәрбиеленушілер бидай дәндерін себуден бастап өнімін жинау, оны ұнға айналдырып, пісіруге дейінгі жұмыстардың барлығын өздері атқарды.

Мадина Дарбаеваның мектепке дейінгі білім беруге қосқан үлесі айрықша. Ол бұл салада қырық жылға жуық еңбек етіп келеді. Қарапайым математикалық көріністерді қалыптастыру, қазақ тілі және қоршаған әлеммен таныстыру бойынша электрондық оқулықтардың авторы. Білім беру саласына қосқан сүбелі үлесі мен елеулі еңбегі, өз ісіне деген жауапкершілігі ескеріліп те жүр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар “Здравствуйте, дети” VI халықаралық интернет-конкурсының жеңімпазы, 2015 жылы облысымызда “Үздік мектепке дейінгі мекеме басшысы” атанды.

Ол келін болып түскен шаңырақ иелерінің білім беру саласының дамуына қосқан үлесі – жеке әңгіме. Қайын атасы Махмет Дарбаев 40 жылдан астам химия және биология пәндерінен сабақ берген. Ауылдық кеңестің төрағасы, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, мектеп директоры қызметтерін атқарған. Ал енесі Дәметкен Дарбаева ұзақ жылдар бойы мектепте қазақ тілін оқытқан, “Еңбек ардагері” медалімен марапатталған. Мадина Танжарбайқызының Құдай қосқан жұбайы Серік Дарбаев – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жоғары мектебін тамамдаған, бірінші санатты заңгер. Қызметін қатардағы сержант болып бастаған ол Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімі бастығына дейін көтерілді. Подполковник шенінде зейнет демалысына шықты. Адал қызметі үшін “Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы” және “Мінсіз қызметі үшін” медальдарымен, ішкі істер органдарының құрмет белгісімен марапатталған. Бақытты отбасы еңбекқор, көздеген мақсатына жете білетін, жауапкершілігі мол, адал және игі ниетті ұрпақ тәрбиелей білді. Балалары Динара, Гүлмира мен Данияр мектеп пен жоғары оқу орындарын үздік тамамдады. Жастайынан облыстық, республикалық және халықаралық байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Жұбайының қызметіне байланысты жиі көшуге тура келгеніне қарамастан, Мадина Дарбаева педагогикалық қызметін ауыстырған емес. Оның себебін талантты, өзіне сенімді, еркін, ойлау қабілеті жоғары ұрпақ тәрбиелеуге деген ұмтылысымен түсіндіруге болады.

Валентина КОРНЕВА,

“Коперник” поляк этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика