БАҒДАРЛАМАНЫҢ ШАРАПАТЫ

Білім мен өнердің қос тізгінін қатар ұстаған жастардың қатары көбейіп келеді. Дамир Есболов – заман талабына сай болуға талпынған осындай талантты жандардың бірі. Жастайынан музыкаға әуес болған Айыртау ауданының тумасы мектепті тамамдаған соң, Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжіне оқуға түсіп, өнер ошағын 2013 жылы тамамдаған. Жас маман кейін бірнеше жыл осы салада қызмет етіп, 2016 жылы “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша Қызылжар аудандық Мәдениет үйіне жұмысқа орналасады. Бүгінгі таңда Дамир аудандық мәдени шараларға белсенді түрде қатысып, өнерін шыңдап жүр.

– Жас маман ретінде барлық жағдай жасалды. Үй алу үшін 3,4 миллион теңге қаражат та берілді. Несиені 15 жыл мерзімге алдым. Мен үшін бұл ыңғайлы әрі тиімді. Өзіме ұнайтын жұмысым да, баспанам да бар. Енді алаңсыз өнердің дамуына өз үлесімді қосу үшін аянбай еңбек етіп жүрмін, – дейді ол.

Жастарға жаңа мүмкіндік берген “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы 2009 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Жобаның басты мақсаты – ауылды жерлерге білім, медицина, агроөнеркәсіп сияқты салалардың қызметкерлерін тарту. Сегіз жылдың ішінде бұл бағдарлама бойынша 3624 маман елді мекенге жұмысқа орналасқан. Былтыр осы бағдарламаның шарапатын көргендер аз емес. Жас мамандар үшін биылғы жыл да жақсы жаңалықпен басталып отыр. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда көтермеақы мен үй сатып алуға берілетін несие біршама артты. Енді әр маманға 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 168 мың 350 теңге жәрдемақы төленеді. Оған қоса, баспаналы болу үшін 3 миллион 607 мың теңгеден аспайтын несие беріледі.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.