ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ ТАТУЛЫҚ

Облыстық Сәбит Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада “Қазақстан – Өзбекстан: бауырлас халықтар достастығы” тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті. Маңызы зор шараға облыстық ішкі саясат, жастар мәселелері жөніндегі басқармалардың мамандары, Ұлттық ұлан әскери институтының оқытушылары мен курсанттары, облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері, студенттер мен оқушылар қатысты.

Тамыры терең татулықты нығайта түсуге бағытталған жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы қыркүйек айында Өзбекстан еліне ресми сапармен барғаны жайлы айтқан кітапханадағы “Мәдени мұра” бөлімінің басшысы Майра Әшімова биыл Қазақстанда Өзбекстан жылы жарияланғанына тоқталып, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты сөз етті.

Бұл күні кездесуге жиналғандар екі ел арасындағы тарихи және мәдени қарым-қатынастарды әңгіме арқауына айналдырды. Облыстық ішкі саясат басқармасының қоғамдық бірлестіктермен жұмыс бөлімінің бас маманы Ерлан Әбіл статистикалық деректерге сүйене отырып, қазіргі таңда Өзбекстан елінде шамамен бір миллионға жуық этникалық қазақ тұрса, Қазақстанда 500 мыңға жуық өзбек барын айтты.

– 1997 жылы наурызда Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан Республикаларының арасында мәңгілік достық туралы жасалған үшжақты шарт – қарым-қатынасты дамытудағы маңызды қадам. Бұл құжат елдер арасындағы экономикалық әріптестікті дамытып, шаруашылық субъектілері арасында тікелей байланыстар орнатуға зор ықпал етті, – деді Ерлан Әбіл.

Екі елдің бүгіні мен болашағы жайында сөз сабақтаған “Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Сағындық Салмұрзин Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының құрамында өзбек этномәдени орталығын ашу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Жиын барысында қатысушыларға “Бауырлас халықтар достастығы” атты кітап көрмесі таныстырылып, “Қазақстан – Өзбекстан. Үлкен жолдың басы” фильмі көрсетілді. Өзбек тілінде өлеңдер оқылып, ұлттық билер орындалды.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.