СҮТ ФЕРМАЛАРЫ САЛЫНУДА

Аққайың ауданының әкімі Дәурен Байтөлешовтің тұрғындар алдында қорытынды есеп беру кездесуі өтті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қатысты.

Дәурен Байтөлешов ауданның инвестициялық тартымдылығы артып, агроөнеркәсіп кешенінің дамуы бойынша облыста алдыңғы орындарға шыққанын тілге тиек етті.

Ауданда 47 ауыл шаруашылығы құрылымы бар. Өткен жылы екі ірі жоба қолға алынған. Рублевка ауылында “Иван Зенченко” ЖШС-і жалпы құны 700 млн. теңге болатын 632 бас малға арналған сүт фермасының құрылысын бастаса, дәл осындай ферманы ашуды Ленин ауылындағы “Шаймерденов Б.А.” шаруа қожалығы да қолға алып отыр. Онда 1200 ірі қара өсірілмек.

Аудан әкімі өткен жылы облыстық маңызы бар автокөлік жолдарын жөндеуге 793 млн. теңге қаражат бөлінгендігін айтты. Жөндеуі кейінге шегеріліп келген кейбір жолдардың мәселесі биыл шешіле бастайды. Алдымен Астраханка – Смирново – Қиялы, Смирново – Трудовое – Тоқшын, Смирново – Полтавка – Ивановка бағытындағы жолдар ағымдағы жөндеуден өтеді. Дәурен Байтөлешов аудан бойынша атқарылған абаттандыру жұмыстарына да тоқталды.

– Былтыр 11,6 млн. теңгенің бірнеше жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде Черкасск ауылының гүлзары жаңартылып, Южное, Смирново, Ивановка ауылдарында балалар ойын алаңдары орнатылды. Трудовое, Полтавка, Астраханка елді мекендерінің көшелері абаттандырылды. Аудан орталығында 3,9 млн. теңгеге асфальт төселді, – деді ол.

Жеке ісін ашуға немесе кәсібін кеңейту үшін тиісті бағдарламаларға сәйкес аудан тұрғындарына 109,51 млн. теңгенің 31 несиесі берілген. Оның ішінде “Аққайың” несиелік серіктестігі арқылы бизнесті кеңейту үшін 33,1 млн. теңгенің 7 несиесі беріліпті.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан жол жөндеу, ауызсу мәселелері мен әлеуметтік көмек жайында сауалдар қойылды. Аудан әкімі аталған мәселелер кезең-кезеңмен орындалып, шешімін табатындығын айтты. Дәурен Байтөлешов аққайыңдықтарды ауданның 90 жылдығымен құттықтап, елді мекендерді көркейтіп, өмір сапасын арттыру бағытында бірге жұмыс істеуге шақырды.

Жайна ШЕРНИЯЗОВА.

Аққайың ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика