БАРЛЫҚ ІСТЕ БЕЛСЕНДІ

Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауындағы міндеттерді жастардың қалай орындап жатқандығы туралы әңгіме өрбіді.

– Біз басқармамыздың ресми сайтының дизайнын қайтадан жасаудамыз. Бұл ресурсқа облысымыздың барлық аудандарының мәдени ойын-сауық орындарының интерактивті картасы орналастырылған. Одан бөлек, сайтта алдағы уақытта өтетін маңызды шараларға қатысқысы келетін еріктілерді онлайн түрде тіркеу бөлімін ашпақпыз, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Тухватулина.

Ирина Наильевна кейінгі толқынды жұмыспен қамту мәселесіне де тоқталды. Басқарманың жастар ресурстық орталығы базасында ай сайын бос жұмыс орындарының тізімі жасалады. Былтырғы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысында өңірімізде жұмыссыздық деңгейі төмендеген. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге өткізілген бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің пайдасы тиген. Ирина Тухватулина жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту арқылы шешуге болады деп есептейді. Өйткені, бұл бизнестің көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, әлеуметтік түйткілдердің түйінін тарқатуға да мүмкіндік береді.

Баспасөз мәслихатында “Ардос-Жүрек” мүгедектер қоғамы” заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Ақжан Кәрім инклюзивті білім беру мектебі жайында айтып берді. Облыста 27 мыңнан астам мүгедек тұрса, орта кәсіптік және жоғары оқу орындарында оқитын мүгедектігі бар студенттердің үлесі бір пайыздан аспайды. Осы себепті аталған мектептің базасында оқушылар ІТ-мамандықтарға машықтанып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алмақ.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.