ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерімен өткізілген кезекті басқосуда өңірімізде өрт қауіпсіздігіне байланысты қалыптасып отырған жағдай жайлы әңгіме қозғалды.

Облыстық өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс майоры Игорь Балеев жыл басынан бері 86 өрт оқиғасы орын алғанын, оның өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 26 пайызға көп екенін айтты. Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін өрттің салдарынан 9 адам көз жұмып, 2 адам дене жарақатын алған.

21 қаңтар күні таңғы сағат 5 кезінде қаламыздағы Набережная және Победа көшелерінің қиылысында орналасқан доңғалақ жөндеу шеберханасынан өрт шығып, ғимараттың шатыры отқа оранған. Оның ішінен 29 жастағы ер адамның мүрдесі шықты. Осыған ұқсас тағы бір оқиға Есіл ауданының орталығы – Явленка ауылында орын алды. От пешті дұрыс пайдаланбаудан шыққаны анықталған. Өрт салдарынан сексен жастағы кейуана мерт болды.

От жағу кезінде пайда болатын тұншықтырғыш газ да адам денсаулығына өте қауіпті. Соның салдарынан да адамдар көз жұмып жатады. Тұрғын үй секторларындағы өрт кезінде 9 адам осындай жағдайға тап болған. Мәселен, Перминовтар көшесіндегі 216-үйде тұратын 43 жастағы әйел пештің мұржасын ондағы оттың түгелдей жанып болғанына қарамастан, жаба салған. Иістен тұншыққан әлгі әйел 19 жастағы қызымен ауруханаға жеткізілген. Бұл 30 қаңтар күні орын алған оқиға болса, келесі күні Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка ауылындағы “Агромашхолдинг” ЖШС-інде жылытуға сапасыз жанармайды пайдаланудың салдарынан 50 жастағы күзетші тұншығып қалды.

Департаменттің төтенше жағдайларды жою жөніндегі бөлімінің бастығы, азаматтық қорғаныс майоры Болатжан Асқарбеков биылғы қыстың қытымырлығы жайлы әңгімеледі. Аязды күндері мектептер мен колледждерде сабақтар 5 күнге тоқтатылды. Қаңтардың аяғы мен ақпанның басындағы қатты суықтар кезінде оны елеп жатпай жұмысқа баратын жолаушыларды тасымалдау үшін сонау Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Қырғызстаннан Ресейге жолға шыққан автобустар, жүк артқан көліктер бақылауға алынған. Жанармайлары қатып, далада қалған бес автокөлік тиісті жерге жеткізіліп, оларға жағдай жасалды.

Қызылжар аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бастығы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Дмитрий Растихин аудан аумағында өртке, оның алдын алуға қатысты және тұрғындар арасында сақтық шараларына байланысты рейдтер, өрт қауіпсіздігіне арналған сенбіліктер жүйелі өткізілетіндігін атап көрсетті.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.