ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА — ҚҰТ

Қызылжар өңіріне алғаш келген адам “Асан қайғының іздеген Жерұйығы осы емес пе?” деген ойға қалатыны рас. Қысы қытымыр болғанымен, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, малға жайлы. Бір жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі: “Бұл жақтың байлығы жерінің астында емес, үстінде екен ғой”, – деп таңдануы сөзімізге дәлел. Алайда, Қазақстанның солтүстік қақпасы атанып, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған өңірде демография мәселесі ушығып тұр. Мамандардың айтуынша, бұлай жалғаса берсе 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердегі халықтың саны, шамамен, миллион адамға қысқармақ, ал оңтүстік өңірде, керісінше, 5,2 млн. адамға артады екен. Өткен ғасырдың соңында 700 мыңнан астам адамға қоныс болған Солтүстік Қазақстан облысындағы бүгінгі ахуалды қалай түзеуге болады? Өңірдегі көші-қонды реттеу, халық санын көбейту үшін атқарылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың алғашқы нәтижесі жайлы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Алма Махметова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпәш Қалғожина, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының қатысушысы Дәлелбек Рахмет және Өзбекстаннан қоныс аударған қандасымыз Мекебай Онаймен әңгімелескен едік.

– Жыл сайын мыңдаған солтүстікқазақстандық өзге өңірлерге, басқа елдерге қоныс аударуда. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары қозғалған көштің толастамауы ненің салдары?

Алма Махметова:

– Бүгінде Қазақстанның кейбір өңірлерінде халық саны қарқынды өссе, бізде, керісінше, кету көп. 2015 жылдан 2017 жылдың 1 желтоқсаны аралығында облыстан 70 мыңға жуық адам көшіп кетті. Көшіп келгендердің саны – 55 мың. Бұл – соңғы он жылдан бері жалғасып келе жатқан үрдіс. Облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда тұрғындар саны – 558 мың. Өткен жылы солтүстікқазақстандықтардың қатары 4635 адамға азайды. Бұған көші-қон ғана емес, тұрғындардың қартаюы, туу деңгейінің төмендігі, жол сапасының нашарлығы, инфрақұрылымның дамымауы, еңбекақының аздығы түрткі болып отыр. Оның үстіне өңіріміздің алты ауданы Ресеймен шекаралас орналасқан. Шекара түбінде отырған 94 ауылда тұрғындар саны азайғанын аңғару қиын емес. Өткен жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша шекаралас алты ауданда 145273 адам өмір сүреді. Ал бұл санды 2016 жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткішпен салыстырсақ, тұрғындар саны 1,9 пайызға азайыпты.

Жалпы өңірімізден еңбекке жарамды тұрғындар көшіп жатыр. Жастар жағы Астана қаласына жұмыс істеуге, не болмаса Ресейге білім алуға кетеді. Шетелге білім қуып кеткен жастардың сол жерге үйреніскеннен кейін қалып қоятыны түсінікті.

– Шынында да, көші-қон мәселесі қозғалған кезде жастардың өңірімізде тұрақтамайтындығы жиі айтылады. Бірі білім қуып, екіншілері жақсы тұрмыс іздеп кетеді. Олардың жалпы санын білу мүмкін бе?

Күлпәш Қалғожина:

– Жыл сайын мектеп түлектерінің 18-19 пайызы білім алу үшін шетелге кетеді. Жерлестеріміз көбінесе Ресейдің Омбы, Түмен, Қорған облыстарындағы жоғары оқу орындарында оқып жүр. Ресеймен шекаралас отырғандықтан, мамандардың ғана емес, түлектердің де кетуі – талай жылдан бері қалыптасқан үрдіс. Қазіргі таңда Мамлют, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар аудандарының түлектері Ресейде білім алады. Басқа аудандарда да шекараның әр жағындағы жоғары оқу орындарында оқып жүргендер бар. Ал олар кейін елге орала ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Біз ондай есеп жүргізбейміз.

Алма Махметова:

–Өздеріңіз білесіздер өңір тұрғындарының ұлттық құрамына қарасақ, өзге этнос өкілдерінің үлесі басым. Оның ішінде орыстардың қарасы қалың екені жасырын емес. Бұл этностың жастары негізінен Ресейге барып білім алуға тырысады. Олар елге оралған күннің өзінде Астанаға барып жұмыс істеуі мүмкін. Өңіріміздегі жоғары оқу орнын бітірген жастар да жақсы жұмыс, жоғары еңбекақы іздеп, Астана, Алматыға кетіп қалады емес пе?! Сол себепті бұл мәселеде кесімді пікір айту қиын.

– Күлпәш Әміржанқызы, кәсіби бағдар беру жұмыстары қалай жүргізіледі? Соңғы кездері бұл мәселені жергілікті жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ректоры Серік Өмірбаев та көтеріп жүр. Әсіресе, өткен жылы аталған жоғары оқу орнының өкілдері аудандардағы, облыс орталығындағы түлектермен кездесулер өткізіп, соның арқасында студенттердің саны артқаны белгілі.

Күлпәш Қалғожина:

–Оқушыларға кәсіби бағдар беру жұмысы жыл сайын және жыл бойы өткізіледі. Өңірімізге еліміздің оннан астам жоғары оқу орнының өкілдері келіп, оқушылармен, мектеп түлектерімен, мұғалімдермен кездеседі. Қыркүйек айында қазақстандық жоғары оқу орындарына шақыру хатын жолдадық. Бірқатар жоғары оқу орындарынан жауап та келді. Біз балалардың шетелдік оқу орындарын таңдамай, қазақстанда қалуына мүдделіміз. Біздің түлектердің көбі Қостанай, Көкшетау қалаларындағы жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Шал ақын, Ғабит Мүсірепов атындағы және Уәлиханов аудандарының жастары Көкшетауға барып оқиды. Біз, әсіресе, мұғалімдік мамандықтарда білім алып жүрген жастарды көзден таса қылмаймыз. Себебі, өңірімізде мұғалім тапшы. Болашақ мамандарды өзімізге шақырып, жұмыс ұсынып отырамыз. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында туған жерге оралып, жұмыс істеп жүргендер аз емес. Биылғы оқу жылында кәсіби бағдар беру жұмысын кешенді түрде жүргізу үшін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің басшылығымен бірлесе отырып, арнайы жоспар әзірледік. Бұрын да осындай жоспар жасалатын, бірақ дәл мұндай ауқымды болмайтын. Ал мына жоспарды жүзеге асырсақ, жергілікті жоғары оқу орындарын таңдаған түлектердің саны арта ма деген үмітіміз зор.

– Елбасының бастамасымен сыртта жүрген қандастарымыз елге орала бастады. Осы уақыт аралығында біздің өңірге қанша қандасымыз келіп қоныстанды?

Алма Махметова:

– Көші-қон, оның ішінде тарихи Отанына келгісі келетіндер мен тағдыр тауқыметімен шетел асып, кейін елге оралған ағайындарға құшағымыз әр кез ашық. 2020 жылға дейін халық санын 20 миллиондық межеге жеткізуді көздейтін Қазақстан үшін этникалық қазақтарды елге әкелу мәселесі – аса маңызды стратегиялық міндеттердің бірі. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанға оралған қандастарымыздың саны 1 миллионнан асқаны туралы ресми мәліметтерде айтылады. Өте жақсы көрсеткіш. Дегенмен, атақонысына оралған осынау қалың жұртшылықтың орнығуы оп-оңай бола қоймағаны белгілі. Десек те, олардың басым бөлігі қазіргі қазақ қоғамына араласып, сіңісіп үлгерді. Өңірімізде 1991 жылдан осы күнге дейін көшіп келген отбасылардың 7032-сі тұрып жатыр. Өткен жылы Қытай, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия және Ауғанстан елдерінен 97 әулет келіп қоныстанды. Үстіміздегі жылы квота бойынша 77 отбасын қабылдаймыз. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруда түйінді мәселелер туындап отыр. Оның бірі – жастар. Мәселен, өткен жылы көшіп келген 163 адамның 66-сы – студент. Яғни, отбасын құрмаған жастар. Бағдарлама тек отбасылы адамдарға ғана арналған. Ал жаңағы жастарға біз бағдарлама аясында көмек көрсете алмаймыз. Бұл мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне айтылды, ұсыныстар жасалды. Алдағы уақытта оң шешіледі деген ойдамыз.

Дәлелбек Рахмет:

– Мен өткен жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында Қызылжар өңіріне көшіп келдім, Қытай Халық Республикасынан атамекенге оралғандардың бірімін. Алма Тілегенқызы айтып өткендей, салт бас, сабау қамшы кезімде келгендіктен бағдарлама аясында көрсетілетін қолдаулардан қағылдым. Менен кейін оралған тұрмыс құрмаған екі қарындасым да осы жайтты бастарынан өткерді. Бала күнімізден “атамекен – қарашаңырақ” деген сөзді естіп өстік. Оң мен солымызды таныған жасқа жеткенде үйреніскен ортаны, жайлы жұмысты тастап, Қазақстанға кетуіме осы сөздің әсері мол болды. “Туған жерге ту тігу” – әр қазақтың мақсаты. Осындай ой шабыттандырған кезде бұрын- соңды өмір сүріп көрмеген елге келудің өз қиыншылықтары болатынын ойлай қоймайды екенсің. Қанша қиналсақ та, туындаған қиындықтарды еңсердік.

Мекебай Онай:

– 1934 жылы Өзбекстанның шекарасын кеңейту мақсатында Қазақстанға тиесілі Тамды, Үшқұдық, Кенимех деген аудандар қолдан-қолға өткені белгілі. Кеңес өкіметі ыдыраған тұста сол жердегі қазақтар шекараның арғы бетінде қалып қойды. Кейін “оралман” атанып, Қазақстанға қоныс аударды. Мен 2005 жылы Мағжан Жұмабаев ауданына көшіп келдім. Бұл жерге келгендердің дені – Өзбекстанның Хорезм облысында өмір сүрген қазақтар. Біз жалғыз-жарым емес, туыс-туған, көрші-көлем болып үш-төрт отбасы қоныс аудардық.

– Қызылжар өңіріне келген оралмандардың барлығы бірдей бұл жерде тұрақтап қалмады. Дені еліміздің оңтүстігіне қайта көшті. Осы жерде сіздердің назарларыңызды мынадай бір дерекке аударғым келіп отыр. 2017 жылдың қорытындысы бойынша республикаға 9989 отбасы қоныс аударып, оралман мәртебесін алған. Оралмандардың ең көп бөлігі Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарына және Астана қаласына қоныстаныпты. Бір жылдың ішінде Алматы облысына қазығын қаққан оралмандардың саны – 4119 отбасы. Ал біздің өңірде ұлы көш басталғалы бері 27 жылдың ішінде тұрақтап қалғандардың саны небәрі 7032 отбасы. Өңірдегі халық санын этникалық қазақтардың есебінен көбейтеміз деу бекершілік емес пе?

Мекебай Онай:

– Бұл өңірдің қысы қатты, аязы қытымыр. Ауа райы жылы елдерден көшіп келген ағайындардың жерсінбеуі содан. Бірақ жергілікті жердегі әлеуметтік жағдай жақсы болса, солтүстіктің ауа райына да үйреніп кетуге болады.

Алыстан келген ағайынның “судай сіңіп, тастай батуына” тілдік орта да кедергі. Халыққа қызмет көрсету саласында орыс тілінің үстемдік құрып тұрғанын жасырып қайтеміз. Бұл шетелден келген ағайындарға айтарлықтай кедергі болып отыр. Екіншіден, тұрақты жұмыстың жоқтығы, еңбекақының аздығы жайлы да айтпай кетуге болмас. Бұл – оралмандардың ғана емес, жергілікті тұрғындардың да басындағы мәселе. Менің балаларым бұл жерден тұрақты жұмыс таба алмағандықтан, Алматы, Астана қалаларына кетті. Туған інім Ерданды көшіріп әкеліп едім, тұрақты жұмыс, отбасын асырай алатындай жақсы еңбекақы таба алмаған соң Астанаға көшіп кетті. Әуелі өзі барып бірер жылдай жұмыс істеп жүрді де, кейін отбасын көшіріп алды. Қазақстанның солтүстігінде жұмыс таба алмаса, өзге өңірлерге барып, тіршілік қамын жасап жатыр. Кейбір көрші мемлекеттердің халқы сияқты шекара асып, жат жерде жетімсіреп жүрген жоқ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, жастарымызға Қазақстанның кез келген түкпірінен “екі қолға бір күрек” табылары анық. Бүгінде шеттегі және елге көшіп келетін ағайынды қолдау үшін “Отандастар” қоры құрылып жатыр. Елбасы қазақ бизнесмендерін осы қорға өз үлестерін қосуға шақырды. Мүмкін, қордың арқасында оралмандардың кейбір әлеуметтік мәселелері шешімін тауып қалар. Мемлекет деңгейінде оралмандарды қолдау үшін жұмыстар қолға алынған. Алайда, оның жергілікті жерде жүзеге асырылуы көңіл көншітпейді.

Дәлелбек РАХМЕТ:

– Мекебай ағамыздың айтқандарымен толық келісемін. Менің бір айтпағым, еліміздің оңтүстік облыстарында ішкі көші-қонның қарқыны жоғары. Бірі көшіп келіп, екіншілері қоныс аударып жатқан бұл өңірлердің тұрғындарында жатырқай қарау жоқ, тез тіл табысқыш. Екіншіден, оралмандардың дені бау-бақша өсіруге, сауда-саттыққа бейім келеді. Ол жақта күн жылы, сауда да жақсы дамыған. Тұрақты жұмыс табылмаса, жеміс-жидегін өсіріп, оны саудалап күн көреді. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың ділі ортақ болғанымен, әр өңірге сәйкес өзіндік ерекшеліктері бар. Осы орайда оралмандар өзіне қолайлы ортаны таңдайды.

– Кезінде көші-қон департаментінің төрағасы болған Ғазиз Есмұқанов ағамыз бір естелігінде: “Мен көші-қон департаментін басқарған үш жарым жыл ішінде елге оралған қандастарымыздың ауыр жағдайы туралы Президенттің атына, Үкіметке бірнеше рет хат жазылды. Тұрақты тіркеуге отыру, азаматтық алу турасында сол кезде көтерілген көптеген мәселелер әлі күнге дейін шешілмей келе жатқаны қынжылтады”, – деген болатын. Шынында да, әлі де өңірімізде азаматтық ала алмай шырылдап жүрген қандастарымыз бар. Олардың басындағы бұл мәселені шешу үшін қандай да бір жұмыстар қолға алынған ба?

Алма Махметова:

– Біздің орган шетелден келген қазақтарға оралман мәртебесін береді. Бұл олардың жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алуына көмектеседі. Оралман мәртебесі бір жылға және тек бір рет қана беріледі. Осы уақыт ішінде олар құжаттарын реттеуі тиіс. Сол себепті тиісті органдардың мамандары оралман мәртебесін берер кезде оның не үшін беріліп жатқанын жан-жақты түсіндіреді. Алайда, оралмандардың көбі алдымен еліміздің оңтүстік жағына келеді де, кейін біздің жаққа қоныс аударады. Ол жақта бұл кісілерге азаматтық алу тәртібі түсіндірілмейтін сияқты. Себебі, бізге келгенде олар біржылдық мерзімдерін өткізіп алған болып шығады немесе екі-үш ай уақыттары ғана қалады. Осының кесірінен аз уақыттың ішінде азаматтық алып үлгере алмай қалады. Ал квота бойынша тура бізге келіп қоныстанғандар арасында ондай мәселе жоқ. Бізге келушілердің саны аз болғандықтан, олардың барлығының жағдайынан, не істеп, не қойғанынан хабардармыз.

Дәлелбек Рахмет:

– Қазақстан азаматтығын алуда қатты қиналғандардың бірі – менмін. Атамекенге табаным тигеннен кейін алты жылдан кейін ғана Қазақстан азаматтығына қол жеткіздім. Әсіресе, Қытайдан сұратылатын анықтамалар жолымды ауырлатты. Еліміздегі бюрократиялық кедергілер де жүйкені жұқартты. Әупірімдеп жүріп, әзер алдым. Өткен жылы Елбасы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында сөйлеген сөзінде: “Біз көшіп келетін ағайынға жол сілтеуді тұрғылықты жерінен бастауымыз керек. Елшіліктер азаматтардың құжатын қамдап, қоныстанатын жері туралы кеңес беруге тиіс. Оны Сыртқы істер министрлігіне тапсырамын. Сонда шекарадағы шырғалаң да, елге келген соң құжат түгендеу үшін әрі-бері сабылу да болмайды. Қытай қазақтарының сотталмағаны туралы анықтама алуы жайы, ағайынның арғы беттегі еңбек өтілі есептелмеуі сияқты проблемалар бар. Үкіметке осының бәрін кешенді түрде қайта қарап, шешімін табуды тапсырамын”, – деді. Бұл шетелдегі қазақтар үшін қуанышты жаңалық болғаны анық.

Мекебай Онай:

– Дәлелбекке қарағанда, менің азаматтық алуым анағұрлым жеңіл болды. Аудандық әкімдік пен түрлі құзырлы орган өкілдерінің жанашырлығының арқасында 2005 жылы қыркүйекте отбасыммен көшіп келсем, 2006 жылы қарашада жеке куәлігімді алдым. Елбасына, Үкіметке, халқыма шексіз ризамын. Ал қарапайым халықтың көрсеткен көмегі өз алдына бір төбе. Көршілерім – Қален, Баубек ағалар, Тасболат пен Насима, Светлана, Райхан сынды жанашыр, қолдаушыларым көп болды. Солардың ыстық ықыласы мен жылы құшағы туған жерге деген сүйіспеншілігімізді еселей түсті.

– Соңғы жылдары халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірдің тұрғындарын солтүстікке қоныстандыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл жай көшіп-қону емес, бұл – солтүстік, шығыс облыстарды қазақыландыру. Бұл бағдарламаның қатысушылары да елге келген оралмандардың кебін киіп жүрмей ме?

Алма Махметова:

– Иә, қоныстандыру көшіп-қону ғана емес, бұл – өңірімізді қазақыландыру және мектептері мен балабақшалары, басқа да әлеуметтік нысандары тұрғындардың аздығынан жабылуға шақ тұрған ауылдардың тіршілігін түзеу. Қоныс аударушылар келген соң балабақшадағы, мектептердегі бала да көбейеді, жұмыс күшіне тапшы болып отырған шаруашылықтардың да жағдайы түзеледі, тілдік орта қалыптасады. Яғни, бір-бірімен жіпсіз байланған өзекті мәселелердің түйіні тарқатылады деп күтілуде. Аталған бағдарлама аясында 2016 жылы 136 отбасы көшіп келді. Өткен жылы біздің өңірге 184 отбасыға квота бөлінді. Бұл тапсырманы толық орындадық. Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан көшіп келген отбасылар облыс орталығына, аудандарға қоныстанды. Квота бойынша келгендерге мемлекеттік қолдау көрсетілетіні белгілі. Өткен жылдан бері үйді жалға алуға демеуқаржы төлеу жүзеге асырылуда. Отбасы мүшелері екіден төрт адамға дейін болса ай сайын – 18, бес адамнан асса 21 айлық есептік көрсеткіш көлемінде демеуқаржы төленеді. Егер үйді сатып алғылары келсе, бір жыл бойы төленуі тиіс аталған сома толық аударылады. Қоныс аударушылар Мағжан Жұмабаев, Мамлют және Шал ақын аудандарына орналастырылуда. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл кісілерді жабылып қалған немесе тарап кеткен ауылдарға қоныстандырмауды тапсырды. Осы орайда бағдарлама қатысушылары жұмыспен қамтылатындай, қазақтілді мектептері бар және жайлы үй мен жері бар елді мекендер анықталды. Қазір олардың дені ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүр. Ал биыл бөлінген квота бойынша 767 отбасын қабылдаймыз. Бұл отбасылар қоныстанатын 226 елді мекен анықталды. Бұл ауылдарда бос тұрған және сатылатын 749 үй бар. Сонымен қатар жалға берілетін – 77, жұмыс берушілер тарапынан 59 үй әзір тұр. Әрі бұл елді мекендерде мектеп, балабақша және 1058 бос жұмыс орны бар.

Дәлелбек Рахмет:

– Мен өткен жылдың күзінде аталған бағдарлама аясында Алматы облысынан қоныс аудардым. Қазіргі таңда өзім жеке кәсібімді ашып, тіршілік қамын жасап жүрмін. Екі балам аудан орталығындағы “Парасат” мектеп-лицейінде білім алады, ал зайыбым үшінші баламен үйде отыр. Қызылжар өңіріне қоныс аударғанға дейін Алматы қаласындағы базарлардың бірінде сауда-саттықпен айналыстым. Дағдарыс кезінде бұл кәсіптің шығыны көбейді. Ал мына бағдарлама жайлы естіген кезде, бағымызды сынап көрейік, мүмкін, сол жақта жайлы өмір сүрерміз деген оймен тәуекелге бел буған едік. Мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық әлеуметтік жәрдемақыларды алдық. Қазір пәтер жалдап тұрамыз. Пәтердің ақысын мемлекет төлеп жатыр. Өз қаржыма фотостудия аштым. Ешкімге қол жаймай, құзырлы органдардың табалдырығын тоздырмай өз күшіммен қам-қарекет жасап жүрмін. Әзірге кәсібімнің пайдасынан гөрі шығыны басым. Әрине, кәсіпті бастаған кезде оның қайтарымы бірден бола қоймайды. Алдағы уақытта кеткен шығынның орны толар деген үміттеміз. “Пәлен жерде алтын бар, іздеп барсаң бақыр да жоқ” демекші, кейбір таныстарым “жарылқаймыз” деп еді, келіп едік, түк жағдай жасалмаған” деп ренжиді. Менің ойымша, әр жағдайға әзір болу керек сияқты. Әлде мен азаматтық ала алмай қиналған сәттерде осындай келеңсіздіктерге мойымауға, өзіме ғана сенуге үйренген шығармын. Сол себепті қазіргі қиыншылықтарға налымай, әліптің артын бағып, мүмкіншіліктің барлығын пайдалануға бел буып отырмын.

– Күлпәш Әміржанқызы, оңтүстіктен көшіп келген отбасылардың арқасында жабылудан аман қалған мектептер бар ма?

Күлпәш Қалғожина:

– Үстіміздегі оқу жылында облысымызда 67 бастауыш мектеп жұмыс істеп жатыр. Олардың көпшілігінде тек бес-алты оқушы ғана бар. Ал оқушы саны бес баладан кем 19 бастауыш мектеп жабылды. Оңтүстіктен көшіп келген ағайындардың арқасында есігі айқара ашылған мектептер бар. Соның бірі – Есіл ауданындағы Бірлік бастауыш мектебі. Ауылды жерлерде мектеп ғимараттары сақтаулы тұр. Көші-қон бағдарламасы аясында тұрғындар қоныс аударып жатса, мектеп ашу қиынға соқпайды. Біз көшіп келген әр отбасындағы балаларды есепке алып, біліммен қамтамасыз етіп отырмыз. Сонымен қатар балаларды жаңа ортаға бейімдеу мәселесіне де ерекше назар аударамыз. Бұл – аса маңызды. Көшіп келгендердің арасында мұғалімдер де бар. Олар келмес бұрын алдын ала хабарласып, қай жерде бос сағаттар бар екенін айтып, сол мектептерге жұмыс істеуге шақырдық. Қазір сол мектептерде жұмыс істеп жатыр.

– “Серпін” бағдарламасы арқылы солтүстікке оқуға келген жастардың алғашқы легі маман атанды. Олардың қанша пайызы өңірімізде қалды?

Күлпәш Қалғожина:

– Үстіміздегі жылы “Серпін” бағдарламасы бойынша Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан келген жастар бес колледжде білім алып жүр. Төрт жылдан бері 11 мамандық бойынша 324 бала түрлі кәсіпті меңгеруде. Жастардың 67-сі оқуын тамамдап, дипломдарын алды. Олардың тек он екісі ғана біздің өңірде қалды. Алты жас жергілікті жоғары оқу орнында білім алып жатса, қалғандары жұмысқа орналасты. Өзгелері біз ұсынған жұмыстан бас тартып, өзге өңірлерге жұмыс іздеп кетті. Қазіргі жастар жайлы жұмыс, жоғары еңбекақыны қалайды. Жаңадан еңбек жолын бастаған жас маманның еңбекақысы аз болатыны белгілі. Сондықтан олар өздеріне тиімді жолдарды қарастырып, өз таңдауларын жасады.

– “Серпін” бағдарламасы қолға алынған кезде оңтүстіктен келетін жастардың есебінен жергілікті жерге қажетті мамандар даярланады, тұрғындар саны да артады деген үміт болып еді. Сіздің сөзіңізге қарасақ, бұл үмітіміз ақталмаған сыңайлы. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасымен ауылға баратын жас мамандар талапқа сай сол жерде белгілі бір уақыт жұмыс істеуге міндетті. Ал “Серпін” бағдарламасында мұндай талап қарастырылмаған ба?

– Иә, “серпіндіктерге” ондай талап қойылмаған. Әрі келген жастардың барлығы бірден осы жерде тұрақтап қалады деп үміттенуге де әлі ертерек шығар. Бұл – уақыттың еншісіндегі шаруа. Жергілікті жастардың өзі жыраққа кетіп жатқандықтан, “серпіндіктерге” еш өкпе айта алмаймыз.

Алма Махметова:

– Менің ойымша, жастардан гөрі, отбасылы адамдарды шақырған дұрыс. Мәселен, өткен жылы қоныс аударғандардың 45 пайызы – жас отбасылар. Олар еңбекке жарамды ғана емес, жергілікті демографияны жақсартуға да үлесін қосады. Біз оңтүстік облыстарға барып, жергілікті тұрғындармен кездескенде жоғары білімді жас мамандар келіп, қызығушылық танытты. Біздің өңірде мұғалімдер, дәрігерлер тапшы екенін жақсы білесіздер. Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен жалғызбасты мамандарды бағдарламаға енгізуді сұрап отырмыз. Сонымен қатар “серпіндіктерді” де осы бағдарламаға енгізу көзделіп отыр. Оқуларын тамамдағаннан кейін “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жұмысқа орналастырып, осы жерге тұрақтандыру қажет. Шынында да, қазір оларға “Білім алған жерлеріңде үш не бес жыл жұмыс істеуге міндеттісіңдер” деген талап қойылмағандықтан, ешкімді еркінен тыс ұстап тұра алмаймыз. Ал алдағы уақытта бұл талап міндетті түрде қойылатын шығар.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика