ОБЛЫС ӘКІМІ Қ.І.АҚСАҚАЛОВТЫҢ ТҰРҒЫНДАР АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕБІ

Құрметті солтүстікқазақстандықтар!

Бүгін біз сіздермен дәстүр бойынша өткен жылды қорытындылап, алда тұрған міндеттер мен жоспарларымызды айқындаймыз.

2017 жыл Қазақстанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің үшінші жаңғыруына және саяси реформаға жол ашқан бағдарламалық мәлімдемесімен басталған болатын.

Былтырғы жылдың ең елеулі оқиғасы Қазақстанда “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінің сәтті өткізілуі болды. Көрмені өткізу орны ретінде Астананың таңдап алынуы Қазақстанның әлемдік экономиканың дамуына қосқан үлесінің мойындалғанын көрсетеді. Көрмеге болашақтың энергиясы, жаңғыртылатын қуат көздерінің келешегі тақырыбының таңдап алынуы еліміздің инновациялық экономика құру жөніндегі ұстанған бағытына толықтай сәйкес келеді.

Елді жаңғырту стратегиясының тағы бір маңызды элементі – экономикалық және саяси өзгерістермен бірге қоғамдық сананы уақыт талабына сай өзгерту. Қазақстанды әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосу жөніндегі алға қойылған мақсаттарға жету үшін рухани жаңғыру қажет екендігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2017 жылдың 12 сәуірінде жарияланған “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында айтты.

Еліміздің болашағының жарқын болуы үшін цифрлық дәуір жетістіктерінің жақсы жағын алып, дамуымызға тежеу болатын өткеннің кейбір сарқыншақтарынан арылуымыз, бірақ ұлттық мәдени тамырымыздан ажырамауымыз қажет.

Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда қазақ әліпбиін латын графикасына ауыстырудың басталуы, үштілділікті дамыту бағдарламасы (қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білу) және “Цифрлық Қазақстан” жобасы нақты шаралар болып отыр.

Экономикалық дағдарыс салдарын еңсеруге қатысты қиындықтарға қарамастан, Қазақстан тәуелсіз дамудың 26-шы жылында экономикада, ішкі және сыртқы саясатта, қауіпсіздікті нығайтуда өсім мен оң өзгерістерге қол жеткізді.

2018 жылы қазақстандықтар еліміздің бас қаласы – Астананың 20 жылдығын атап өтеді.

Биыл Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, басқа да көптеген маңызды шаралар өтіп, біз солардың куәсі боламыз.

Солтүстікқазақстандықтар үшін биылғы жыл қазан айында Петропавл қаласында “Қазақстан мен Ресейде туризмді дамытудағы жаңа көзқарастар мен тенденциялар” тақырыбында қос мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мерейтойлық,15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумымен есте қалмақ.

2018 жылдың 10 қаңтарында еліміздің барлық бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауы жарияланып, онда Елбасы жаңа жылда жүзеге асырылатын 10 міндетті айқындап берді. Басты мақсатымыз – Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіргізу үшін біздің мемлекеттің алдында көптеген жаңа белестерді бағындыру міндеті тұр.

Мен Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының әдеттегідей Президенттің бастамаларын қолдайтынына және қойылған міндеттерді жүзеге асыруға лайықты үлестерін қосатынына сенімдімін.

 

Қымбатты достар!

 

Бірер күн бұрын ғана барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулері аяқталды. 643 кездесу өтіп, оған 44097 адам қатысты. Тұрғындардан 1959 өтініш пен ұсыныс түсті, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 181-ге аз.

Өтініштердің негізгі бөлігі абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол және әлеуметтік нысандар құрылысы, құқық тәртібі мәселелері төңірегінде болды.

Өтініш-ұсыныстардың едәуір азайғаны – бұл атқарушы органдардың жергілікті жерде солтүстікқазақстандықтардың, нақты елді мекендердің мәселелерін шешу бойынша атқарып жатқан күнделікті жұмыстарының нәтижесі. Бұл тұрғындардың билікке деген сенімінің нығайғанының дәлелі болып табылады.

Ресми интернет-ресурстарда және “Facebook”-тегі әкімдіктің парақшалары арқылы берілген интерактивті онлайн-трансляциялар осы есепті кездесулерді жаңаша өткізудің бір жаңа түрі болды.

2017 жылғы есеп беру кездесуінде тұрғындардан 2140 өтініш түскен болатын, соның 2126-сы өз шешімін тапты, 1181 өтініш бірден орындалды, 959 күрделі мәселе бақылауға алынды және шешілді. 14 мәселе 2018 жылға ауысты.

“Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам” Ұлт жоспарын, “Нұрлы жол”, “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламалары мен экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі 2016-2018 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы жоспарды жүзеге асыру нәтижесінде өткен жылы облыс қарыштап дамуға қол жеткізді.

Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін облысымыздың әлеуеті мол, оны 2017 жылдың қорытындысы айғақтайды.

Тұтастай алғанда дамудың оң серпіні байқалды, макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі өнеркәсіпте (104,5 пайыз), ауыл шаруашылығында (102,3 пайыз), саудада (100,5 пайыз), құрылыста (104,5 пайыз) қамтамасыз етілді.

2017 жылы өңірлік жалпы өнімнің нақты өсімі 2 пайызға жуық деңгейде болады (977,2 млрд.теңге) деп күтілуде.

 

АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ

 

Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 2,3 пайызға өсіп, 510,6 млрд.теңгені құрады.

Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сыртқы сауда айналымы 2017 жылдың қаңтар-қазан айларында 14,5 млн. АҚШ долларына өсіп, 50,4 млн. долларға тең болды.

Елбасы өз Жолдауында атап өткендей, аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Бұл үшін облыста басымдыққа ие (рентабельді) дақылдарды көбейтуге бағытталған егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысы жалғасуда.

2017 жылы майлы дақылдар алқабы 40 пайызға кеңейтіліп, 715 мың гектарды құрады, ал биыл оның көлемін 1 млн. гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз (1009 мың гектар немесе 41 пайызға артық). Бұл ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемін қосымша 60-70 млрд. теңгеге көбейтуге мүмкіндік береді, сонымен қатар еңбек өнімділігін арттырып, жалақыны өсіріп, салық салынатын базаны ұлғайтары анық.

2017 жылы біздің диқандар гектарынан орташа есеппен 18,2 центнерден, ал жалпы көлемі 5,6 млн. тонна астық жинады. Мұндай нәтижеге соңғы бес жылда алғаш рет қол жеткізілді.

Бұл жетістікке озық технологияларды қолдану, ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаңарту арқылы қол жеткізілді. Биыл жалпы сомасы 32,2 млрд. теңгеге 1310 бірлік жаңа техника мен жабдықтар сатып алу жоспарланып отыр (лизингке 3,9 млрд. теңгеге 250 бірлік).

Бұл жұмыстың барлығы мемлекеттің үлкен қамқорлығының арқасында атқарылуда. 2017 жылы өсімдік шаруашылығы саласына демеуқаржы түрінде – 14,3 млрд. теңге, 2018 жылы 16,3 млрд. теңге бөлінді.

Еңбек өнімділігін арттыру және шығындарды азайту ауыл шаруашылығын цифрландыру дәуірінде қол жеткізілуі тиіс негізгі екі көрсеткіш болып табылады.

“АгроСтрим” ЖШС-мен бірлесіп “Атамекен” компаниясы шаруашылықтарының негізінде барлық техникалардың жұмысын жоспарлайтын, минералдық тыңайтқыштарды енгізу, өсімдікті қорғау тәсілін қолдану, астық қозғалысын есепке алу, фотобейне есептер мен кәсіпорындардағы әрбір дақылдың өзіндік құнын анықтау жұмыстарын автоматтандыратын 8 модульді енгізу бойынша қанат-қақты жоба іске қосылды. Тәжірибе нәтижесі бойынша бұл технологиялар өзге шаруашылықтарға таратылатын болады.

Нақты мал шаруашылығы элементтерін енгізу жоспарланып отыр, ол техника мен бағдарламалық қамтамасыз етуді қолданып, сауылған сүт мөлшері, дәрі-дәрмектің қажеттілігі мен оны беру, жемдеу уақыты сияқты басқа да көрсеткіштерді анықтап отыру арқылы жануарларды автоматтандырылған түрде бағуға мүмкіндік береді.

Бүгінде жаңа технологияларды қолданудың алқаптарға спутник арқылы мониторинг жүргізу, дрондарды қолдану, жануарларға электронды чип тағу сияқты оң мысалдары бар. Өндіріске “Ақылды технологияны” енгізу жұмысын “Атамекен” компаниялар тобы, сондай-ақ “ҚазЭкспортАстық” холдингі жүргізуде. “Атамекенде” жаңа технологияларды қолданудың арқасында соңғы 4 жылда барлық дақылдардың жалпы жиын-терін көлемі 262,3 мың тоннадан 495 мың тоннаға дейін артқан. Табыс 6,4 млрд. теңгеден 20,0 млрд. теңгеге дейін өсті.

Облыстың агроөнеркәсіп кешеніндегі маңызды бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу. Оның үлесі облыстың өңдеу өнеркәсібінің 60 пайыздан астамын алады. 2017 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 86 кәсіпорын жұмыс істеді.

2017 жылдың қаңтар-желтоқсан айында облыста азық-түлік өндірісінің көлемі ақшаға шаққанда 93,6 млрд. теңгені құрады (өткен жылдың деңгейінен 7,5 пайызға көп), физикалық индекс көлемі 102,8 пайызға тең болды.

Статистика департаментінің мәліметінше, 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы өнім көлемінің өсімі мынадай: өсімдік майы – 24395 тонна (24 пайыз), сүт пен кілегей – 117382 тонна (26 пайыз), сарымай – 2324 тонна (24 пайыз), ірімшік пен сүзбе – 1513 тонна (25 пайыз), құрғақ сүт – 1560 тонна (29 пайыз), макарон өнімдері – 19113 тонна (2 пайыз).

2017 жылы сүт өңдеу кәсіпорындарына тереңдете өңделген өнімдер шығару үшін 838 500 мың теңге демеуқаржы төленді. Мемлекет тарапынан көрсетілген бұл қолдау отандық қайта өңдеу кәсіпорындарын Кеден одағы елдері кәсіпорындарымен тең жағдайға қояды. Нәтижесінде бәсекеге қабілетті өнім көлемін арттырып, ішкі нарықта тұтынатын терең өңделген сүт өнімдерінің импортын қысқартуға және кәсіпорындардың қаржылық-шаруашылық қызметіне оң ықпал ету арқылы жалпы агроөнеркәсіп кешені қайта өңдеу саласының дамуына жақсы әсер етеді деп күтілуде.

Солтүстік Қазақстан облысында 2016-2020 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамытудың Жол картасы аясында 2018 жылы жалпы құны 35 млрд. теңге болатын 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 509 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Өңдеу өнеркәсібінің өсімі жоспар бойынша 4,1 пайыз деңгейінде болып, өндіріс көлемі 157,9 млрд. теңгені құрайды.

 

ӨНЕРКӘСІП

 

Мемлекет басшысы “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында өнеркәсіп, АӨК, көлік пен логистика, құрылыс секторы сияқты дәстүрлі негізгі салаларды дамытуға қарқын беру үшін кешенді міндет қойған болатын.

2017 жылдың қорытындысында өңір өнеркәсібі дамуының оң серпіні сақталды. Облыстағы өнеркәсіп саласында 476 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, оның 40-ы өткен жылы ашылған болатын. Өнеркәсіп кәсіпорындарында 12 мыңға жуық адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық еңбекақысы былтыр 9 пайызға өсіп, 106 мың теңгеге жетті. Ол республика бойынша орташа деңгейдің тек 50 пайызын құрайды (ҚР бойынша – 211,5 мың теңге).

Былтыр өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындары 223 млрд. теңгенің өнімдерін өндірді, өсім 4,5 пайыз болды, бұл – республика бойынша алтыншы көрсеткіш. Өнеркәсіп өнімдерінің 70 пайыздан астамын өңдеу кәсіпорындары (158 млрд. теңге) шығарды, физикалық индекс көлемі 4 пайызға өсті.

Мұндай өсім тамақ өнімдері өндірісі көлемінің 2,8 пайызға, машина жасаудың 1,5 есеге, резеңке және пластмасса өнімдерінің 10,4 пайызға, жеңіл өнеркәсіптің 49,7 пайызға, химия өнеркәсібінің 40 пайызға, оның ішінде қорғаныс өнеркәсібі, темір жол және мұнай-газ кешендерінің зауыттарында тапсырыстың өсуі есебінен мүмкін болды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша машина жасау кәсіпорындарының тапсырыстар портфелі 16 пайызға артып, 42,7 млрд. теңгеге жетті. Жасалған келісімшарттардың құрылымында барынша көп үлес темір жол және мұнай-газ кешендеріне (тиісінше 58 пайыз және 22 пайыз) тиесілі.

Саланың жетекші кәсіпорындары “Петропавл ауыр машина жасау зауыты”, “ЗИКСТО”, “С.М.Киров атындағы зауыт” және “Мұнаймаш” акционерлік қоғамдары 2017 жылы 26,7 млрд. теңгенің өнімдерін өндірді. “ЗИКСТО” АҚ-ы өндіріс қарқынын 2,2 есеге, ал “ПЗТМ” АҚ-ы 2 есеге өсірді.

2018 жылдың басында да машина жасау кәсіпорындары өткен жылдан ауысқан және жаңадан жасалған келісімшарттар нәтижесінде 38 млрд. теңге деңгейіндегі тапсырыспен жұмыс істеп жатыр, бұл 2017 жылғы келісімшарттардың 90 пайызын құрайды.

“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” және “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамдары секілді саланың ірі кәсіпорындары үстіміздегі жылы бюджет қаржысы есебінен жаңа қондырғылар сатып алып, өндірісті одан әрі жаңғыртуды жоспарлаған, бұл еңбек өнімділігін 2 есеге ұлғайтып қана қоймайды, сонымен қатар бұйымдардың жаңа үлгілерін игерумен бірге шығарылатын азаматтық өнімдердің түрлерін айтарлықтай кеңейтпек.

Тұтастай алғанда, 2017 жылы өнеркәсіп кәсіпорындары жаңғырту жұмыстарына 6,5 млрд. теңге мөлшерінде қаржы жұмсады.

Мәселен, өткен жылы “ЗИКСТО” АҚ-ы 80-футтық контейнер тасымалдағыштың жаңа моделін игерді, “Казнефтегазмаш” АҚ-ы жүргізілген жаңғырту жұмыстарының арқасында энергетика саласының кәсіпорындары үшін ысырманың жаңа түрлерін шығаруды бастады, “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ы білім мекемелеріне арналған металл шкафтар өндірісін жолға қойды.

“Мұнаймаш” АҚ-ы осызаманғы станоктарды сатып алды, ол жаңа өнім түрлерін, оның ішінде ұңғымаларды күрделі және ағымдағы жөндеуге қажет пакерлерді шығаруға мүмкіндік береді. Бұл жерде мынаны айта кеткен жөн, Қазақстанда пакерлер шығарылмайды. Бұл кәсіпорынға қазақстандық өнімдерді өндіруді дамыту және экспортқа шығару арқылы импортты алмастыру саясатын жүргізіп, нарықта белгілі бір орынды алуға мүмкіндік береді.

(Пакер – мұнай, газ, су, геологиялық барлау скважиналарының кейбір бөліктерін жауып, герметизациялауға қажет тығыздағыш құрал).

Елбасы өзінің Жолдауында елімізде Индустрияландыру бағдарламасының табысты жүзеге асырылып жатқанын атап көрсетті. Егер индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында біз 32 млрд. теңгенің жобасын жүзеге асырсақ, екінші бесжылдықтың соңғы үш жылында жобаларды іске қосуға жұмсалатын инвестиция сомасы (31 млрд. теңгеден 67 млрд. теңгеге жетті) және ашылған жұмыс орындары (1,4 мың орыннан 2,2 мыңға жетті) екі есе ұлғайды.

Осы бағдарламаларға қатысып отырған кәсіпорындарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау өткен үш жыл ішінде облыс үшін өзекті болып саналатын ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, майлы және дәнді дақылдарды өңдеу, құрылыс материалдарын шығару сияқты 27 жобаны табысты аяқтауға мүмкіндік берді, 7 жоба сүт, ұн үгу, нан-тоқаш өнімдері өндірісін жаңғыртуға бағытталған.

Бұл жобаларды өндіріске енгізу 700-ден астам жұмыс орнын ашуға және 16 млрд. теңге сомасында инвестиция тартуға мүмкіндік берді. 2017 жылы 5,7 млрд. теңгенің 8 жобасы жүзеге асырылып, 200-ден астам адам еңбекке араласты, соның арқасында облыс үшін лего-кірпіш, сип-панель, жылдам дайындалатын тамақ өнімдері іспетті жаңа өндірістер игерілді.

2017 жылы Елбасына “Маслодел” ЖШС-нің Швейцарияның “ТЕТРА ПАК” қондырғысымен жабдықталған сүт өңдеу зауыты таныстырылды. Өндірістік процесі толық автоматтандырылған жоғары технологиялық қондырғысы бар кәсіпорын тәулігіне 300 тоннаға дейін сүтті өңдей алады. Зауыттың жылдық жалпы өндірістік қуаты 40 мың тонна дайын өнім шығаруға жетеді. Жүргізілген осындай жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде кәсіпорын Қазақстандағы сүт өнеркәсібі көшбасшыларының біріне айналды.

Бизнес бастамаларға мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде Индустрияландыру картасына кірген жобалардағы өндіріс көлемінің өскенін көреміз, олардың үлесі 2014 жылғы 23 пайыздан бүгіндері 32 пайызға жетті. Былтыр іске қосылған жобалардың барлығы бойынша 50 млрд. теңгенің өнімі шығарылды (2014 жылы – 28 млрд. теңге). Бұл – облыстағы өңдеу өнеркәсібіндегі барлық көлемінің 32 пайызы.

2016 жылы Президент Әкімшілігі Индустрияландыру картасындағы жүктемесі аз жобалардың тізімін жасады, оған Солтүстік Қазақстан облысынан 12 өндіріс орны кірді. Осы кәсіпорындардың жұмысын жандандыруды қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы әр нысан бойынша Жол картасы жасалды. Өткен жыл ішінде қабылданған шаралардың нәтижесінде барлық жобалардың тұрақты жұмыс істеуіне қол жеткізілді.

Өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігі өсті, 2017 жылдың тоғыз айында ол 13 пайызға артып, 15 мың АҚШ долларына жетті.

Тамақ өнеркәсібінің дамуына “Молпродукт”, “Зенченко”, “Маслодел”, “Богатырский продукт” кәсіпорындары сүбелі үлес қосуда, олар 2017 жылы 20 млрд. теңгеден астам сомаға өнімдер шығарды.

Машина жасау саласында 2016 жылы іске қосылған Петропавл трактор зауыты табысты жұмыс істеп жатыр. Бүгіндері ол өздері жасаған жобамен 28 бірлік әртүрлі ауыл шаруашылығы техникасын шығарды.

“Солтүстік Раблер Ресайслинг” кәсіпорны өңіріміздің экологиясына оң ықпал етуде, ол бір жылда 2 мың тоннаға жуық резеңкетехникалық бұйымдарды, оның ішінде тозығы жеткен көлік доңғалақтарын ұнтаққа айналдырып, жол-құрылыс саласына арналған едендік төселімдер шығарады.

Үстіміздегі жылы кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде тағы сегіз жобаны іске қосу жоспарланып отыр, олардың барлығы жаңа өндіріс орындарын ашуды көздейді, оның ішінде облысымызда тұңғыш рет импорт алмастыратын өнімдер: полипропилен жәшігін, қайың шпонын шығару игерілмек, қайталама полимерлерді өңдеу ұйымдастырылмақ.

Біздің облыста шығарылған өнімдер Қазақстанның барлық дерлік өңірлеріне жеткізіледі, шетелдерге тамақ өнімдерінің, көлік құралдарының, аспаптар мен аппараттардың бірнеше түрлері экспортталады. Тұтастай алғанда, 2017 жылдың 11 айында өзара сауданы есепке алғанда облысымыздағы кәсіпорындардың экспорт көлемі 147,8 млн. АҚШ доллары болды және ол 10 пайызға жуық өсті.

Бұл жерде көлемі 1,6 млрд. теңге болған машина жасау зауыттары өнімдерінің экспорттық жеткізілімі 20 пайызға өскенін атап көрсетуге болады. Мәселен, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ы Ресей Федерациясына күрделі АПРС-40 мұнай-газ техникасын және энергетикалық қондырғысын жөнелтті, “Мұнаймаш” АҚ-ы мұнай өндіру қондырғыларына қосалқы бөлшектер экспорттады, “ЗМО” кәсіпорны бұрғылау қондырғысының жинақтаушы бөлшектерін жіберді.

Бүгіндері облысымызда бұрынғы Калинин атындағы зауыттың 19 гектар аумақта орналасқан 26 өндірістік және әкімшілік ғимараттары бар кешенінің негізінде Қытайдың Хубэй провинциясындағы бір компанияның қатысуымен индустриялық аймақ құру жөніндегі мәселе талқыланып жатыр. Оның бірінші кезеңінде 15 түрлі арнаулы техника түрлері (өртке қарсы, коммуналдық, жүк тиеп-түсіретін, құрылыс және т.б.) орналасатын екі өндірістік ғимарат қалпына келтірілмек.

2017 жылдың желтоқсан айында Петропавл қаласында “Радуга” ЖШС-нің жекеменшік индустриялық аймағы ашылды. Кәсіпорын 300-ге жуық жұмыс орнын ашу арқылы 10 млрд. теңге сомасына 14 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл дымқыл майлық, кір жуу құралдары, санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаздар шығарудың жаңа желісін іске қосуға, сондай-ақ көтерме-бөлу орталығының құрылысын жүргізуге мүмкіндік береді.

Жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындарды іске қосу ерекше назарда болмақ. Өндірісі жүрмей тұрған кәсіпорындарды қалпына келтіру жөніндегі Жол картасы шеңберінде соңғы үш жыл ішінде 19 жоба, оның төртеуі былтыр (“Стройкомплекс Керамос” ЖШС-нің кірпіш өндірісі, “Жапаров” ЖК-нің темір-бетон сақиналарын шығару, “Есіл құс фабрикасы” ЖШС-нің құс фабрикасы, “Био Оперейшен” ЖШС-нің диірмені мен элеваторының 1-кезеңі) іске асырылды.

Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан екі кәсіпорын биыл іске қосылмақ, олар:

“Тоқшын май зауыты” ЖШС-і ағаш өңдеу жөніндегі жобаны “Казахстанская Фанерная Компания” ЖШС-мен бірлесіп өз алаңында жүзеге асырмақ;

“Био Оперейшен” ЖШС-і кешенді қалпына келтірудің екінші және үшінші кезеңдерін жүзеге асыруды жоспарлап отыр, соның нәтижесінде крахмал мен балауыз, сондай-ақ биоэтанол өндіру жөніндегі цехтар пайдалануға берілмек. 2018 жылы оған 2,5 млрд. теңге инвестиция тарту көзделген.

ИНВЕСТИЦИЯЛАР

 

Қолайлы инвестициялық климат құру өңірімізге инвестиция тартудың маңызды бөлігі болып табылады.

Инвестиция тарту бойынша республикалық орташа көрсеткіш 105,5 пайызды құрайды. Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары – 111,5 пайыз, атап айтқанда, 188,9 млрд. теңге тартылды. Бұл өсу көрсеткіші бойынша өңіріміздің елімізде төртінші орынға ие болуына мүмкіндік берді.

Жеке инвестициялар 80 пайызды (151,2 млрд. теңге), бюджет қаражаты 20 пайызды (37,7 млрд.теңге) құрады. Осылайша, 1 теңге бюджет қаржысына 4 теңге жеке инвестиция тартылды. Инвестиция бюджет қаражаты емес, жеке салымдардың есебінен өсуі тиіс.

Инвестиция тартуда негізгі басымдық ауыл шаруашылығы (38,2 пайыз) мен өнеркәсіп (25,9 пайыз) салаларына беріледі.

Біздің өңір ауыл шаруашылығына инвестиция тарту бойынша көшбасшылық танытуда. Қазақстан бойынша ауыл шаруашылығын дамытуға 352,5 млрд. теңгенің инвестициясы тартылса, оның 20,5 пайызы Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі.

Өткен жылы өңірімізге тартылған тура инвестиция 1,2 пайызды, яғни 2,2 млрд. теңгені құрады.

Инвестиция тарту жөніндегі өңірлік кеңес аясында және шетелдік компаниялармен екіжақты кездесулердің нәтижесінде қазақстандық және шетелдік инвесторлармен 30-дан астам меморандумға қол қойылды.

Қытай, Ресей, Австралия, БАӘ мемлекеттерінің 20-дан астам компаниялары өңіріміздің инвестициялық мүмкіндігіне қызығушылық танытуда.

2017 жылдың 7 шілдесінде облыс делегациясы Қытайдың Шаньси провинциясында қытай делегациясының қатысуымен өткен конференцияға қатысса, 2017 жылдың 10-11 шілде күндері 8 адамнан тұратын облыс делегациясы Астана қаласында Қытай Халық Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Хан Чанфумен кездесті.

2017 жылдың 8 тамызында облыс делегациясы Астана қаласында Хэнань провинциясына арналған Қазақстан – Қытай бизнес-форумына қатысты.

Астанадағы “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесі аясында облыс әкімдігі Қытайдың “Ишэбэй” ғылыми-техникалық корпорациясымен “Жасыл технология” дамыту бойынша, “Tielin Logistics Co., LTD” компаниясымен кедендік логистика аймағын құру бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыру, Дунъин қаласының Халық Үкіметімен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша тәжірибе алмасу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Біз елімізде алғашқылардың бірі болып инвестициялық портал құрып, жаңғырттық. Порталда өңірдің инвестициялық әлеуеті, бос өндіріс орындары мен жер телімдері, инвесторлар мен кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары, НХА, жүзеге асырылатын жобалар туралы мәліметтер топтастырылған.

Қазіргі уақытта облысымызды дамытудың басым бағыттарын айқындайтын, инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай тудыратын инвестициялық стратегияны жүзеге асыру бойынша Жол картасы жасалуда.

“Бизнестің жол картасы – 2020” бизнесті қолдау және дамытудың бірегей бағдарламасы шағын және орта бизнесті дамытудың тиімді шараларының бірі болып отыр.

2017 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектілерінен түскен 198 өтінішке бағдарламаның барлық тетіктері бойынша қолдау көрсетіліп, 30 жаңа өндіріс құрылды, 153 жұмыс орны ашылды. Бағдарламаның қатысушылары 5,7 мың жұмыс орнын сақтап, 568 жаңа жұмыс орнын ашты және бюджетке 1,6 млрд. теңгенің салығын төледі.

Осындай жұмыстардың нәтижесінде бизнесті жүргізудің жеңілдігі бойынша өңірлердің рейтінгісінде біздің облыс төртінші орыннан көріне білді.

 

КӨЛІК-ЛОГИСТИКАЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ

 

Облысымыздың экономикалық дамуында көлік-логистикалық инфрақұрылымның маңызы айтарлықтай мәнге ие. Тек соңғы 2 жылдың ішінде салаға 3 есе көп инвестиция құйылып, ол шекара аймағында, автожолдарда құрылыс пен жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталды. Бүгіндері оның көлемі 80 млрд. теңгені құрады.

Қазақстан мен Ресейдің шекаралық облыстарын жалғастыратын, Астана қаласына шығатын жолдың 200 шақырымын қайта қалпына келтіру жұмыстарына 70 млрд. теңге (212 млн. АҚШ доллары) бөлінді. Жалпы, 143 шақырым (70 пайыз) жол салынды. Қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейін автокөлік құралдары, жүк қозғалысын бақылауға және мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін арнайы автоматтандырылған өлшеу құрылғылары орнатылатын болады.

2017 жылдан бері Қорған қаласы бағытындағы “Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы” тасжолының 60 шақырым учаскесіне жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмысты 2019 жылы аяқтау жоспарланған.

Былтырғы жылы автокөлік жолдарына жүргізілетін жөндеу жұмыстарының көлемі ұлғайтылып, жергілікті маңыздағы 640 шақырым автожолға 10,7 млрд. теңге қаржы жұмсалып, жөнделді.

2018 жылы жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеуге 10,8 млрд. теңге жұмсау жоспарланған. Оның 6 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, ал 4,8 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінеді. Жоспарлы жөндеу жұмысы 369,2 шақырымды қамтиды. 2018 жылы барлық жоспарымыз орындалатын болса, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автокөлік жолдары 60 пайызды құрайтын болады. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 2 пайызға жоғары.

Облысымыз үшін тауар айналымының күретамыры болып табылатын Оңтүстік Орал темір жолы үлкен маңызға ие. Тек 2017 жылы транзиттік тасымалдау 14,5 пайызға артты. Бұл серпін үстіміздегі жылы да сақталатын болады.

2016 жылы темір жолдың солтүстікқазақстандық учаскесі инфрақұрылымын жаңартуға 5,8 млрд. теңге құйылды.

2018 жылы Петропавл темір жол вокзалының орталық шатырын жөндеу жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ ғимараттың қасбеті, фойе мен жолаушылар залы жаңартылмақ. Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыра түсетін эскалатор мен лифт орнату жұмыстары басталады.

Бүгіндері шетелдік инвесторлардың қатысуымен өңірімізде көлік-логистикалық орталықтар құру бойынша жобалар қарастырылуда. Қазіргі уақытта Мамлют ауданындағы Ресейдің темір жолына шығатын республикалық жолдардың қиылысында осындай орталықтың құрылысы жүргізілуде.

7,6 млрд. теңгеге (23 млн. АҚШ доллары) жаңғырту жұмыстары жүргізілген Петропавл әуежайы былтырғы жылдан бастап барлық үлгідегі ұшақтарды қабылдай алады. Биылғы жылы әуе кемелері тұрағын кеңейтуге қосымша қаржы бөлу жоспарлануда. Ресейлік әуе компанияларымен транзиттік рейстерді ұйымдастыру бойынша келіссөздер жүргізілуде.

 

ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫ

 

Өзінің экономикалық және қаржылық көрсеткіштерін тұрақты түрде жақсарту арқылы Солтүстік Қазақстан облысының энергетика саласы табысты дамуда.

Жыл сайын жүргізілетін жөндеу және жаңарту жұмыстарының арқасында 2016 жылы жылу-электр орталығының негізгі құрал-жабдықтарының қуаттылығы 471-ден 541 МВт-ға дейін арттырылды.

2017 жылы “СевКазЭнерго” АҚ-ның №2 ЖЭО-ы құрал-жабдықтарын жаңғыртуға 5 млрд. теңге бөлді. Жүргізілген шаралар 47,5 мың тонна көмір, 55,6 млн. кВт/сағ. электр энергиясын және 27,4 мың тонна отынға тең болатын 16,5 мың Гкал жылу энергиясын үнемдеуге мүмкіндік берді.

2018 жылы электр энергиясы кешенін дамытуға 10 млрд. теңге бөлу жоспарланды. Ол кәсіпорынның негізгі құрал-жабдықтарын жаңартып, электр энергиясымен қамтудың сенімділігін арттыруға, электр және жылу желісінің тозуын азайтуға септігін тигізетін болады.

Облыста жаңартылатын энергетика дәстүрлі энергетикамен қатар дамуда. 2017 жылы бес жаңа нысан іске қосылды. Петропавл қаласындағы №13 мектепте геотермалды жылу сорғысы, Айыртау мен Ақжар аудандарындағы фермерлік шаруашылықтардың шалғайдағы мал қораларын электр энергиясымен қамту үшін төрт фотоэлектр панелі орнатылды.

2017 жылы барлық жаңартылатын энергия көздерінен алынған жалпы қуат 20,5 млн. кВт/сағ. құрады.

Тайынша ауданында “Greencity KZ” компаниясы қуаттылығы 35 МВт, ал “Ventac Group” компаниясы қуаттылығы 7,5 МВт болатын жел-электр станциясының құрылысын жүргізуде, ал Қызылжар ауданында “Био-ТЭС” компаниясы қуаттылығы 1 МВт биогаз қондырғысын пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Облыс экономикасының аграрлық сипатта болуының арқасында дәнді және майлы дақылдардың сабанын пайдалану мүмкін болып отыр. Бүгіндері биомассамен жылытылатын 73 қазандық орнатылып, қолданылуда. Осындай қазандықтарды көбейту үшін Жол картасы жасалды. 2018 жылы 130-дан астам нысанды биомассамен жұмыс істейтін қазандықтарға қосу жоспарланып отыр.

 

СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ

 

Ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсарту, оның ішінде таза ауыз-сумен қамту мәселесіне басымдық берілуде.

2017 жылы су және жылумен қамту желілерінің құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына 3,5 млрд. теңге бөлінді. “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 1,1 млрд., ал өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша 2,4 млрд. теңге қарастырылған.

2017 жылы өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында 8 сумен қамту нысанының құрылысына 2 млрд. теңге бөлінді. Үш нысан (Дмитриевка, Шаховское, Береке ауылдары) пайдалануға беріліп, 5 жоба 2018 жылы аяқталатын болады.

2017 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті арқылы Пресновка (1, 2 кезектегі) және Соколовка су торабын жаңғыртуға, сондай-ақ 4 апаттық учаскенің топтық су құбырларын жаңартуға 4,9 млрд. теңге бағытталды.

2018 жылдың 1 қаңтарына сәйкес, ауылдардың орталықтандырылған суға қолжетімділігі 57,5 пайызды құрайды. Бұл – ауыл тұрғындарының 78,9 пайызы.

2018 жылы “2020 жылға дейін өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында өткен жылдан ауысқан бес жобаны аяқтауға, сумен жабдықтау және су тарту бойынша 7 жаңа жобаны жүзеге асыруға 1,1 миллиард теңге қарастырылды.

Бұл жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде 11 ауылды сумен қамтамасыз етіп, облыс бойынша ауыл тұрғындарының орталықтандырылған суға қолжетімділігін 1,7 пайызға арттыруға мүмкіндік туады.

ҚҰРЫЛЫС

 

Соңғы жылдары өңірде құрылыс жұмыстарының қарқын алғаны байқалады. Құрылыс жұмыстарына жұмсалған қаржы 64,5 миллиард теңгені құрады. Физикалық индекс көлемі – 104,5 пайыз. Биылға жоспарланғаны – 69,5 миллиард теңге немесе 102,4 пайыз. Өткен жылы 200,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2018 жылға жоспарланғаны – 229 мың шаршы метр.

“Нұрлы жер” тұрғын үй құрылысы бағдарламасы мен “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында 2017 жылы жалпы аумағы 118,3 мың шаршы метрді құрайтын 19 тұрғын үй (1463 пәтер) пайдалануға берілді.

Бағдарламаның басты бағыттарының бірі тұрғындардың әлеуметтік жағынан әлжуаз тобы үшін сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйлер қорын құру болып табылады. 2017 жылы Ұлттық қордың қаражаты есебінен төрт тұрғын үй немесе 400 пәтер пайдалануға берілді. 2018 жылы осындай 200 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Облыс әкімдігі осы бағыт бойынша пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің аумағын арттыру жұмысын жалғастырып келеді.

Петропавл қаласында үй кезегінде тұрғандарды сатып алу құқығы бар жалдамалы баспанамен қамтамасыз ету үшін “КИК” АҚ-ы 116 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға берді. 2018 жылы 96 пәтерлі тағы бір үйдің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр.

“Нұрлы жол” мемлекеттік инфрақұрылымды дамытудың бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 7 несиелік үйдің немесе 603 пәтердің құрылысы аяқталды. 2018 жылы 1 тұрғын үй кешенін және 5 тұрғын үйді (974 пәтер) пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл шараларды қаржыландыру мақсатында 8,1 млрд. теңге көлеміндегі Ұлттық қордың қаржысы тартылған болатын.

Біздің облысымызда үй құрылыстарында ДСК технологиясы сияқты инновациялық әдістер қолданыла бастады. 2017 жылы 3 іріпанельді тұрғын үй (231 пәтер) құрылысы аяқталды. Үстіміздегі жылы 4 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілсе, 7 үйдің жобасы жасалып жатыр.

Жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің басым бөлігі жеке тұрғын үй құрылысына тиесілі болады.

Облыс орталығында осы бағыттағы тұрғын үйлердің құрылысын бірыңғай сәулеттік стильде салуға басымдық беріліп келеді.

Әрқайсысының жалпы алаңы 70,61 шаршы метр болатын алғашқы 72 бірпәтерлі баспана “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның несиелендіру жүйесі арқылы 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында сатылатын болады.

2017 жылы 500 орындық қазақ театрының, прокуратураның заманауи ғимараттарының, Оқушылар сарайының, теннис кортының, мектеп пен емхананың құрылыстары жоспарланған “Жас өркен” шағынауданының құрылыс жоспарына түзетулер енгізілді. Онымен қоса, бұл жерде көпқабатты тұрғын үйлердің (шамамен 1500 пәтер) құрылысы жоспарланған.

 

БІЛІМ БЕРУ

 

Өңірдің әлеуметтік-мәдени дамуы – өзекті мәселелердің бірі. Бүгінде, білім беру жүйесі мүлде жаңа ойлауға негізделген іргелі реформалар кезеңінде.

Жыл қорытындысы бойынша облыста білім беру саласында 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамту мәселесі толығымен шешіліп, 100 пайызға жетті.

Өңірде 22160 баланы қамтыған 522 мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар. 2017 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бұл сала қарқынды дамып, “Концессиялар туралы” Қазақстан Республикасының Заңы аясында қараша-желтоқсан айларында 230 орындық екі балабақша пайдалануға берілді.

Қазір 70533 оқушы білім алатын 497 күндізгі мемлекеттік мектеп бар. Жыл сайын облыста мектеп қызметінің кепілдендірілген нормасына оқушылар санының сәйкес келмеуіне байланысты мектептер саны қысқаруда. Өткен жылы 20 мектеп жабылып қалды. Оның 19-ы – бастауыш мектеп. Үш мектеп қайта құрылып, негізгі екі мектеп – бастауышқа, бір орта мектеп негізгі білім беруге көшті.

Шағын комплектілі мектептер мәселесі өткір қалпында тұр. 2017 жылы – 393 мектеп (79 пайыз), 2016 жылы 413 мектеп (79,88 пайыз) шағын комплектілі болды. Сапалы білім беру қызметтерін алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы екі ресурстық орталық Уәлиханов және Мамлют аудандарында (2016 жылы – үш ресурстық орталық) ашылды. Облыста шағын комплектілі мектептерге арналған барлығы 19 ресурстық орталық бар.

Өңірдегі төрт мектепте оқушылар үш ауысымда оқиды. Қазіргі таңда бұл мәселені шешу жолдары қарастырылып, Петропавл қаласында 1500 орындық екі мектептің құрылысы (“Жас өркен” шағынауданында 900 орын, “Береке” шағынауданында 600 орын) басталды.

Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен – 200,0 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 1,0 миллион теңге бөлінді.

Он екі жылдық білім беруге көшу мақсатында екінші жыл білім берудің жаңартылған бағдарламасы енгізілуде. 2017 жылдың бірінші қыркүйегінен 2, 5, 7-сыныптардағы 21364 оқушы жаңа бағдарламалар бойынша (2016 жылы 1-сыныпта – 8014 оқушы) білім ала бастады. “100 нақты қадам” Ұлт жоспарындағы 79-қадамды жүзеге асыру аясында өңірдегі 57 мектепте вариативті компонент есебінен жаратылыстану – ғылыми цикл пәндері (химия, биология, информатика және физика) бойынша 99 мұғалім ағылшын тілінде сабақ береді. Оның ішінде В1, В2 деңгейлік сертификатқа ие 18 ұстаз базалық лауазымдық қызметақының 200 пайызы мөлшерінде үстемеақы алады.

Педагогикалық ұжымдар білім беру қызметінің және оқушылардың білім сапасын арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде.

Ғаламторға 497 мектеп қосылып, 100 пайыз көрсеткішке жетті. Кең жолақты интернетке қосылған мектеп саны – 474 немесе 95,4 пайыз. “Күнделік.kz” жүйесінде электронды журналмен жұмыс істеудің жалпы көрсеткіші бойынша СҚО бесінші орында (2016-2017 оқу жылдарында – жетінші орын).

“BilimLand” электронды білім беру платформасына қосылуға облыстағы 497 мектеп келісімшарт жасады. 288 мектеп – онлайнда, 209 мектеп оффлайн режімде.

Облысымыздың 52 мектебінде IT-технология енгізу үшін “Робот техникасы” элективті курсы өткізіледі, 162 робот техникасының жиынтығы сатып алынды.

Облыста 25 кәсіптік-техникалық білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 22-сі мемлекеттік және үшеуі – жекеменшік. Өңір экономикасына қажетті құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, энергетика, қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларына 112 біліктілік пен 75 мамандық бойынша кадрлар даярланады.

“Барлығы үшін тегін кәсіптік-техникалық білім беру” жобасы аясында 2017-2018 оқу жылдарында 3562 адам қабылданды. Оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 3136 адам және “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы бойынша 426 адам республикалық бюджет есебінен оқытылуда.

“Мәңгілік ел жастары – индустрияға!” – “Серпін – 2050” әлеуметтік жобасы аясында өткен жылы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан 50 адам келді. Бүгінгі таңда бес колледжде 11 мамандық бойынша жұмыс күші мол өңірлерден келген 324 студент техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы бейініндегі мамандықтар бойынша білім алуда.

 

“Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыстың 6 колледжінде “Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша)”, “Ақпараттық жүйе (қолданылу салалары бойынша)”, “Радиоэлектроника және байланыс” IT-мамандықтары бойынша мамандар даярланады. Үстіміздегі оқу жылында білім алушылардың саны 661 адамды құрады.

Кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері және кәсіпорындар арасында 987 келісімшарт жасалған. Оның ішінде дуалды оқыту бойынша 283 келісімшарт бар.

“Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын жүзеге асырудың маңызды құрамдас бөлігі – IT-мамандарын даярлау. Бұл мақсатта үстіміздегі жылы қаладағы Бірінші жалпы білім беру лицейін IТ лицей ретінде қайта бағдарлау жоспарлануда. Оған сәйкес оқу бағдарламасы әзірленді.

2017 жылы “Жас өркен” шағынауданында құрылысы басталған Оқушылар сарайы биыл тамыз айында пайдалануға берілетін болады. Құрылыстың жобалық құны шамамен 3,6 миллиард теңгені құрайды. Петропавл қаласындағы болашақ Оқушылар сарайы мектептен тыс қосымша білім берумен айналысатын мекемелер арасында алдыңғы қатарда болмақ. IT-квантум/Робоквантум/VR-квантум/ Лазер-квантум/Авиа-квантум/Агро-квантум бағыттары бойынша балалар мен жасөспірімдердің интеллектуалдық дамуына және бос уақытына арналған заманауи инновациялық алаң құру мен дамыту мақсатында балалар IT-орталығы жұмыс істейтін болады. Оған қоса, инновациялық технопарк құру қарастырылуда.

 

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

 

Қазақстанның барынша бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуі денсаулық сақтау сапасының жоғары деңгейін көрсетеді, Қазақстанда өмір сүрудің ұзақтығын 2020 жылға қарай 73 жасқа дейін арттыру көзделген.

Денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2017 жылы 1,2 млрд. теңге бөлінді. 132 бірлік медициналық жабдық, 23 бірлік санитарлық көлік сатып алынып, 21 жоба бойынша күрделі жөндеу жүргізілді.

Құны 177 миллион теңге тұратын электрофизиологиялық және жүректі картаға түсіру жүйелері секілді екі аппараттың Кардиологиялық орталықта орнатылуы өткен жылғы маңызды жетістіктің бірі болды. Бұған дейін жүрек соғу ырғағының бұзуылуымен барлық сырқаттар квота бойынша Астана және Алматыдағы ғылыми-зерттеу орталықтарына жіберілетін. 2017 жылы радиожиілік абляция әдісімен 37 ота өткізілді, биыл мұндай 50 ота жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштері жақсарды:

– жарақат алу, бақытсыздық және улану жағдайларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 17,5 пайызға төмендеді;

– онкологиялық аурулар көрсеткіші 8 пайызға төмендеді;

– онкологиялық ауруларды ерте деңгейінде (І-ІІ) анықтау 67,4 пайызға дейін артты;

– туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 8,2 пайызға төмендеді.

Үстіміздегі жылдың І тоқсанында денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында медицина ұйымдарын компьютерлік техникамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс аяқталды. Барлық медицина ұйымдарында ақпараттық жүйелер енгізілді.

Қалалық емханаларда онлайн-кеңес, дәрігерді үйге шақыру, дәрігердің қабылдауына жазылу үшін мобильді қосымша жұмыс істейді.

“Антиинсульт” және “Онкоскрин” мобильді қосымшаларының жұмысы орта және жоғары инсульт туындау қатерімен 3310 адамды, сондай-ақ қатерлі ісікке шалдыққан сырқаттарды анықтауға мүмкіндік берді.

Барлық “Жедел жәрдем” көліктері GPS-навигатормен жабдықталған, бұл шақыртудың уақытын қысқарту үшін көлікті дер кезінде бағыттауға мүмкіндік береді.

Аурудың тарихына, анамнезге, тағайындауларға, рецептерге және т.б. сырқаттың бірыңғай қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында “Ақылды емхана”, “Электронды рецепт”, “Денсаулық паспорты” және басқа да жобалар жүзеге асырылатын болады.

Жаңа оқу жылынан бастап М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде медициналық факультет ашуға дайындық жүргізілуде, бұл өңіріміздегі медицина мамандарының жетіспеушілігін қысқартуға жағдай туғызады.

 

МӘДЕНИЕТ

 

Облысымызда тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау, мәдениетті дамыту бойынша мақсатты жұмыстар атқарылуда. Мәдениет нысандарын ашу Жол картасына сәйкес 2017 жылы 33 нысан қолданысқа берілді, соның ішінде 24 демалыс орталығы және 9 кітапхана бар.

2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысында түрлі форматтағы 20 мыңнан аса іс-шара өткізілді: көрмелер, мұражай сабақтар, еске алу кештері, тұсаукесер кештері, концерттік бағдарламалар және тағы басқалар.

“ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында Солтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері жоғары деңгейде өтті.

ҚХР-ның Шихэцзы, сондай-ақ БАӘ-нің Әбу-Даби, Ресей Федерациясының Түмен, Воронеж, Беларусь Республикасының Брест қалаларында өткен халықаралық, республикалық фестивальдар мен конкурстарда шығармашылық ұжымдар біздің облысымызды лайықты деңгейде таныстырды.

Алғаш рет біздің облысымызда Қазақстан Республикасының ХІІІ Ұлттық Дельфий ойындары өтті, нәтижесінде солтүстікқазақстандықтар 26 медаль иеленіп, жеңімпаз атанды.

Өңірімізде жалпыхалықтық патриотизмге, өзінің тарихына, мәдениетіне, халқына сыйластық сезім қалыптастыруға бағытталған “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Былтыр біздің өңіріміздің біртуар тұлғаларының есімін есте қалдыру мақсатында Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтің ескерткіш-мүсіні ашылды.

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада латын әліпбиін үйрену бойынша орталық ашылды, бұл тұрғындарға қазақ алфавитін латын әліпбиіне көшіру бойынша түсіндіру жұмысын қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Бұл жерде республикадағы және өңіріміздегі алғашқы коворкинг-орталық ашылды. Осындай орталықтарды облыстың ауылдық кітапханаларында ашу жоспарланып отыр.

2018 жылға көптеген мәдени шаралар жоспарланған. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы жерлестерінің құрылтайы, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы, ақын, сазгер, әнші Сегіз серінің 200 жылдығы, Қожаберген жыраудың 355 жылдығы, Астана қаласының 20 жылдығын мерекелу, Астана қаласының 20 жылдығы мерейтойы шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері, 2018 жылы Петропавл қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің ХV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясындағы мәдени-бұқаралық шаралар бар.

Сондай-ақ 2018 жылы 500 орындық қазақ театрының жаңа ғимаратының құрылысы және Петропавл қаласында жерлесіміз, ақын, қолбасшы Қожаберген жырау Толыбайұлының 355 жылдық мерейтойына орай ескерткіш-мүсінін орнату жоспарланып отыр.

 

СПОРТ

 

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 172453 адам немесе тұрғындардың 30,8 пайызы спортпен айналысады.

2017 жылы өңірімізде Қызылжар ауданының Новоникольск ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Айыртау ауданының Шалқар ауылында және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Салқынкөл ауылында 150 орындық көрермендер мінберімен 2 спорттық алаң, “Streetworkout” күштік гимнастика жаттығуларына арналған 5 алаң, 12 көше тренажерлер кешені (1 – Жамбыл ауданының Пресновка ауылында, 11 – облыс орталығында), жасанды жабын төселген 15 шағын футбол алаңы, жарақаттандырмайтын жамылғысы бар 2 баскетбол алаңы орнатылып, қолданысқа берілді.

Былтыр Петропавл қаласындағы “Қарасай” орталық стадионында футбол алаңының жасанды төселімін ауыстырып, қайта жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ “Жастар” стадионында жабық футбол манежінің құрылысы аяқталуда.

Қысқы спорттық маусым басталғаннан бері 385 хоккей корапшасы құйылды. “Солтүстік” спорттық мерекесінің ақтық кезеңін өткізу үшін Есіл ауданында жабық хоккей қорапшасы салынды.

Спорт имараттары желісін кеңейту бойынша жұмыстар 2018 жылы да жалғасын табады. Спорт имараттарын 28 бірлікке ұлғайту жоспарланып отыр, соның ішінде: Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында стадион құрылысы; Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда еркін күреске арналған спорт залының құрылысы; Жамбыл ауданының Пресновка ауылында волейбол алаңы; облыс орталығында жасанды жабындысы бар 10 шағын футбол алаңы және спорттық 10 көше тренажері.

Петропавл қаласында “КазЭдемСтрой групп” ЖШС-і мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмін қолдану арқылы салған әмбебап теннис орталығының, “Фэнтэзилэнд” ЖШС-нің қолдауымен Есіл ауданының Явленка ауылында жабық хоккей қорапшасының, Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында, Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталды. Мұндай кешеннің құрылысы Ақжар ауданының Талшық ауылында да жоспарланып отыр.

2017 жылдың басынан облыста 312 мыңнан аса адамды қамтыған 1371 бұқаралық спорттық шара өтті.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларына әртүрлі спорт түрлері бойынша облысымыздың 356 өкілі еніп отыр.

Жерлестеріміз республикалық және халықаралық жарыстарда 429 медаль жеңіп алды, соның ішінде 261 медаль – спорттың олимпиадалық түрлері бойынша, 168 медаль – олимпиадалық емес спорт түрлерінен.

Республикалық және халықаралық деңгейде жоғары көрсеткішке қол жеткізген 90 спортшыға ай сайын шәкіртақы төленеді.

ТҰРҒЫНДАРДЫ

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ

 

Тұрғындарды әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі жұмыспен қамту саласын дамыту болып табылады. 2017 жылы 30714 адам жұмыспен қамтылып, 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, бұл 2016 жылдың деңгейінен 27 пайызға артық. Экономикалық белсенді тұрғындардың арасынан тіркелген жұмыссыздардың үлесі 2017 жылы 0,6 пайызды құрады.

2017 жылы “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасының шараларын жүзеге асыруға 4,5 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде 2,8 млрд. теңге – республикалық бюджеттен, 1,7 млрд. теңге – жалпы сипаттағы трансферттер.

Бағдарламаның бірінші бағыты аясында қыркүйек айынан бастап техникалық және кәсіби оқуға 426 қатысушы жіберілді.

Бағдарламаның екінші бағыты “Жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бойынша 1,839 млрд. теңге сомасында 394 несиесі, қайтарылған қаражат есебінен 129,3 миллион теңгенің 43 несиесі берілді. “Бастау бизнес” жобасы бойынша 937 қатысушы оқытылды.

Бағдарламаның үшінші бағыты “Еңбек ресурстарының икемділігін және тұрғындарды жұмыспен қамтуды қолдау арқылы еңбек нарығын дамыту” шеңберінде әлеуметтік жұмыс орындарына 369 адам орналастырылды, Жастар тәжірибесіне 470 қатысушы жіберілді.

Тұрғындарды жұмыспен қамту орталығы арқылы 13482 адам жұмысқа қабылданды. 2017 жылдың басынан облысымызға қоныс аудару бойынша атқарылған жұмыстардың аясында 802 адамнан тұратын 181 отбасы көшіп келді.

Бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде 43 жоба бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды, 318 жұмыс орны құрылды, соның 183-і бағдарламаның қатысушылары үшін.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды және жұмыссыздарды өнімді еңбекпен айналысуға тарту бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмыспен қамтуға ықпал етудің кешенді жоспары жасалды. 2018 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды рәсімдеу және тарту жөніндегі Жол картасы бекітілді.

Облыс кәсіпорындарында цифрландырудың өндірістік процесіне байланысты жұмысшыларды жұмыстан босату қатерін есепке ала отыра барлығы 27,5 мың адам, соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған 14,3 мың және жұмыссыз 13,3 мың адамды еңбекпен қамту көзделген, сондай-ақ 2 мың адам “Бастау бизнес” жобасы бойынша кәсіпкерліктің негіздеріне оқытылатын болады, 1850 адам жеңілдетілген микрокредит алады.

Азаматтарға қолжетімді болу және жаңа жұмыс орнын табу мүмкіндігін кеңейту үшін “Бірыңғай электронды еңбек биржасы” жобасы енгізілу үстінде. Ол Жұмыспен қамту орталықтарының, жеке агенттіктердің, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің күштерін біріктіре отырып, тұрғындардың жұмыспен қамтамасыз етілуіне оң ықпалын тигізеді.

Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес үстіміздегі жылы аз қамтылған отбасыларға жұмыспен қамту бағдарламаларына белсенді қатысқан жағдайда ғана ұсынылатын атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібіне көшу жүзеге асырылды. Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа форматын енгізу үшін 4196 аз қамтылған отбасының ішінен көмек алудан ықтимал үміткер ретінде 16716 азамат анықталды.

Тұрмыстық жағдайы төмен отбасылар үшін 319 млн. теңгеден астам сома көлемінде әлеуметтік көмек қарастырылған. Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматының енгізілуі көмек алушылардың жауапкершілігінің, жұмыс іздеп, өзін-өзі еңбекпен қамтамасыз етуге деген ынтасының, қоғамдық өмірге араласу деңгейінің артуына жағдай тудырады.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес және әлеуметтік әріптестік жөніндегі бас келісім бойынша Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі, облыстық кәсіподақтар кеңесі, жұмыс берушілер және кәсіпкерлер қауымдастығы арасында 2015-2017 жылдарға арналған келісім жасалды.

Келісімде үш жылға арналған әлеуметтік әріптестікті дамытудың негізгі басымдықтары көрсетіліп, облыстың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын кешенді жүзеге асыру, әлеуметтік-еңбек саласы қызметкерлерін қорғау, әлеуметтік әріптестіктің одан әрі даму бағыттары анықталды.

Тараптардың мүдделерін, еңбек қатынастарын барынша есепке алу мақсатында өндірістік процестерді тұрақтандыру, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен кепілдігін қамтамасыз ету жөнінде меморандумдар жасалуда.

2018 жылдың 1 қаңтарында облыстың 1959 кәсіпорыны мен ұйымдарында меморандум өз күшіне енді.

 

ЗАҢДЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ТӘРТІБІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

 

Өңірімізде заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша жоспарланған жұмыстар жалғасын табуда және соның нәтижесінде барлық негізгі бағыттарда қылмыс деңгейінің тұрақты төмендеу үрдісі байқалып келеді. 2017 жылы жалпы қылмыстардың 19,2 пайызға (9031-ден 7295-ке дейін) кемігені байқалып отыр. Барлық дерлік қылмыс түрлерінің, соның ішінде ауыр (91,4 пайыз) және аса ауыр санаттағыларының (96,8 пайыз) ашылуының өсіміне қол жеткізіліп отыр. Барлық қоғам назарына ілінген қылмыстар ашылды.

Қоғамдық орындар мен көшелердегі жедел жағдай оңалып, балалар арасындағы және қайта жасалған қылмыстар, мас күйде жасалатын қылмыстар саны азайды.

2015 жылы ішкі істер департаментінің бюджеті 4,4 млрд. теңгені құраса, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 5,9 млрд. теңгеге жетті. Республика бойынша алғашқы болып облыстық ішкі істер департаменті Мағжан Жұмабаев пен Қызылжар аудандарының ішкі істер бөлімдері базасында бейнебақылау орталықтарын ашты. Мұндай жұмыс облысымыздың барлық аудандарында жалғастырылады.

2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Петропавл қаласында 74 бейнекамера орнатылған болса, қазір олардың саны 410-ға жетіп отыр. Қала аумағының 70 пайызы бейнекамералар арқылы бақылануда. Бұл көрсеткіш 100 пайызға дейін жеткізілмек.

Тұрғындар арасында кез келген құқық бұзушылыққа “төзбеушілік” қағидасының нығаюына қол жеткізілді. Былтыр 135 мыңнан астам тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Өткен жылдың ішінде барлық әкімшілік учаскелердегі полицияның учаскелік инспекторлары қызмет ететін аумақтарындағы тұрғындардың алдында есеп берді.

Бүгінгі таңда Петропавл қаласындағы әлеуметтік және мәдени-ойын-сауық саласының нысандарын қоса алғанда, ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығына 1995 бейнебақылау камерасы қосылған. Петропавл станциясының темір жол вокзалы мен автовокзалда бет-жүзді тану жүйесі қолданылады және ол жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйесіне біріктірілген.

Жолда келе жатқан көліктердің нөмірлік белгілерін танушы 11 жүйе, сонымен қатар “Интеллектуалды қиылыстар” мен тіркеудің автоматтық жүйесі жұмыс істейді. Өткен жылы олардың көмегімен 2 мың құқық бұзушылық анықталып, нәтижесінде жүргізушілер 20 млн. теңге айыппұл төледі. Осындай тиімділіктерді ескере отырып, алдағы уақытта құқық бұзушылықты анықтайтын 10 құрамдастырылған жүйені, 4 интеллектуалды қиылыс және жолдағы көліктердің нөмірлік белгілерін танушы 5 мобильдік жүйені енгізу бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Жергілікті полиция қызметінде қанатқақты режімде электронды хаттама толтыруға арналған 19 планшет пен принтер бар. Бұл жобаның іске асырылуы адам факторын мейлінше шектеп, сыбайлас жемқорлық деңгейін түбегейлі төмендетуге, осылайша полицияға деген сенімнің артуына мүмкіндік береді.

 

ЦИФРЛАНДЫРУ

 

“Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыста цифрландыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Өңір тұрғындарының 78 пайызы тұрақты түрде интернетті қолданады, бұл, өз кезегінде, күн санап интернет саудасы мен онлайн-қызметтерді қолдану аясының кеңеюіне тікелей әсер етеді.

Бүгіннің өзінде облыс тұрғындарының 62 пайызы төлем карталарын қолданады. Былтыр 2016 жылмен салыстырғанда карточкамен төлем жасау саны 2 есе, яғни, 2,7 млрд. теңге сомаға артты. Өткен жылы электронды форматта көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны 650 мың өтінішті құрап, 11 есе өсті.

Қазіргі кезде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетіледі. 2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік корпорация арқылы электронды форматта – 823831, ал қағаз түрінде 499252 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Бүгінгі таңда “Электронды үкімет” порталы арқылы 746 мемлекеттік қызметтің 400-ден астамын, атап айтсақ, барлық лицензия түрлерін, рұқсат қағаздарын алу үшін өтініш беру, мекенжай және сотталмағандығы туралы анықтамаларды және тағы басқа қызметтерді электронды форматта алуға болады.

Желтоқсан айында жаңа жоба іске қосылды – проактивтік форматта “Баланың тууы” композиттік қызметі көрсетіле бастады. Ол үйден шықпай-ақ СМС-хабарламаларға жауап бере отырып, баланың тууы туралы куәлігі мен жәрдемақысын алуға, балабақшаға кезекке қоюға мүмкіндік береді.

Бұл жұмыс адами факторды шектеп, сыбайлас жемқорлық тәуекелін төменгі деңгейге дейін жеткізуге жол ашады.

Облыстағы цифрландырудың бүгінгі жағдайына сараптама жүргізіп, тұжырымдамасын жасау мақсатында “Есіл” өңірлік даму орталығының базасында цифрландыру жөніндегі кеңсе құрылып, оған қалада осы бағытта жекелей жұмыс істейтін ІТ-кәсіпорындар мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жоғары білікті мамандары тартылған

Цифрландыру кеңсесі аясында әр саладағы мекемелер базасында – білім саласы бойынша – Білім берудегі ақпараттық технологиялар орталығында, денсаулық сақтау бойынша “Надежда” медициналық жүйесін жасаған “Профит” компаниясында жұмыс топтары құрылды. Бұған СҚМУ-дің Ақпараттық технологиялар департаменті де қатыстырылады.

“Зерде” холдингімен бірге алдын ала жүргізген жұмыс бойынша үстіміздегі жылы “Quick Wins” форматында жүзеге асырылатын 49 жоба белгіленді. Бұл жобалар облысымыздың цифрландыру тұжырымдамасына енгізіліп, 8 басым бағытты қамтиды. Олар ауыл шаруашылығы, туризм және “Smart Петропавл” тұжырымдамасына біріктірілетін қауіпсіздік, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, қаланы басқару сынды алты бағыт болып саналады.

Үстіміздегі жылы өңіріміздің туристік нысандары бойынша мобильдік қосымша жасап, темір жол вокзалында, әуежай және Петропавл қаласының орталық көшелерінде мәдени-тарихи, ойын-сауық орындары мен тамақтану, орналасу (онлайн броньдаумен) нысандары көрсетілетін 5 мультимедиалық тақтаны орнату жоспарланып отыр.

“Қызыл сызық” және “Солтүстік Қазақстан облысының қасиетті орындары бойынша 3D-турлар” жобаларының жүзеге асырылуы жергілікті азаматтар мен өңір қонақтарының заманауи гаджеттер мен виртуалды турлар арқылы өлкеміздің тарихи маңызды және көрікті орындары туралы ақпараттар алып, білімін арттыруына мүмкіндік береді.

“Ашық әкімдік” жобасы қолдау тауып отыр.

“Smart City” аясындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жобалары бойынша Петропавл қаласы “пилоттық” нысан болмақ. Осыған орай, қалада жұмыстың ашықтығы мен тұрғындармен кері байланыстың жеделдігін қамтамасыз ету үшін “Электронды ПИК” жобасы іске қосылды.

Барлық коммуникация желілерін, қалалық люктар мен энергия үнемдеуді мониторингілеу жүйесін көрсететін ситуациялық картаны жасау жобасы және қала ғимараттарында QR-кодтарын пайдалану жоспарланып отыр.

 

ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫН ДАМЫТУ

 

Заманымыз қарқынды түрде өзгеруде. Облыс және аудан орталықтары өмір сүру үшін қолайлы орынға айналып, өзіне тән танымал келбетке ие болуы тиіс. Петропавл қаласының абаттандырылуы әлемдік трендтерге сәйкес болуы керек. Облыс орталығын заманға сай, көрікті әрі жайлы ету – бүгінгі күнгі басты міндеттердің бірі.

Соңғы жылдары қалада көптеген әлеуметтік маңызды нысандар бой көтерді. Ескі тұрғын үйлердің орнына жаңа, қажетті жағдайлардың барлығы қарастырылған әлдеқайда жайлы баспаналар тұрғызылып жатыр. Петропавл күн сайын өзгеріп, көрікті және заманауи қалаға айналып келеді.

2018 жылы жалпы алаңы 7,5 мың шаршы метр “Hampton by Hilton” сауда-қонақүй кешенінің құрылысы аяқталады. Әлемдік стандарттарға сай болатын нысан 300 адамды жұмыс орнымен қамтиды.

Үстіміздегі жылдың соңында пайдалануға берілетін және 500 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін “Dostik Mall” сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы да ауқымды жоба.

“Жас өркен”, “Береке”, “Кірпішті”, “Солнечный”, “Орман” шағынаудандары ауқымды құрылыстар мен дамудың алаңдары болып табылады. Облыс орталығында аулаішілік жолдардың, аулалардың, балалардың ойын алаңқайларының асфальт-бетон жабындыларына орташа жөндеу жүргізу және көшелерді жарықтандыру жұмыстары жалғасатын болады.

Жамбыл көшесінің бойында салынып жатқан 500 орындық қазақ театры қаламыздың көркін аша түспек. Театр сәулеті неоклассика стилінде болмақ, яғни осызаманғы трендтер мен классика үйлесім табады. Осызаманғы театрда халықаралық деңгейдегі кез келген шараларды өткізуге болады. Құрылысшылар 2018 жылы ғимараттың корпусын көтеріп, 2019 жылы ішкі әрлеу жұмыстарын аяқтауды көздеп отыр.

Сонымен қатар биыл біз жол үстінен өтетін көпірдің құрылысын аяқтаймыз. Ол жерде қалалықтар мен шаһар қонақтарының айналаны тамашалауларына арналған көру алаңы пайда болады.

Қалалық Мәдениет және демалыс саябағын қалпына келтіру бойынша кешенді жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, жаңа демалу аймақтары, спорттық және балалар ойын алаңдары, автоқалашықтар, гүлзарлар, жаяужолдар салынып, көше спорттық жаттығу құрылғылары қойылды, қылқанды және жапырақты ағаштар отырғызылды.

Құрметті жерлестер! Солтүстік Қазақстан облысының 2017 жылғы жалпы даму қорытындысы осындай. Елбасымыз үстіміздегі жылға жаңа ауқымды міндеттерді қойып отыр. Барлық мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру жұмысы жалғасын табатын болады. Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің гүлденуіне бағытталған мақсаттарға жетуге өзінің лайықты үлесін қосатындығына сенімдімін.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.