КӨҢІЛІ ДАРҚАН ДАЛАДАЙ

Арықбалық ауылдық округіне қарасты Горный кентінде тұратын Теодор Круч қазақшаға судай. Оның әкесі Давыд Круч 1941 жылы Қазақстанға жер аударылған. Герман фашистері КСРО-ға қарсы соғыс бастағанда, кеңес басшылығы сенімсіз ұлт ретінде немістерді ежелден мекендеп, тамыр жайған жерлерінен Қазақстанға депортациялағанын білеміз. Сол “сенімсіздердің” арасында Давыд Кручтың да отбасы болса керек. Осылайша, тағдырдың жазуымен Ботай елді мекеніне, қазақи ортаға түскен екен.

– Ауылдағы өзіммен қатарлас қара домалақ балалардың арасында мен сары реңіммен ерекшеленіп жүретінмін. Барлығы “Давид сары” деп атайтын. Атым неміс болғанмен, өзімді қазақ деп санап келемін, – дейді Теодор балдәурен шағын есіне алып.

Қанша ел көріп, жер араласа да, өзі туып-өскен өлкеден артық мекен жоқ, деп есептейтін Теодор қазақ жұртындай бауырмал, кеңпейіл халықты да кездестірмегенін айтады.

– Қарындасым мен күйеу балам Германияға көшіп келіңдер деп талай айтқан еді. Мен оларға ешбір жердің Ботайға жетпейтінін және бізді ағайынындай санап, кең құшағын жаятын халықтың болмасын айтып түсіндірдім. Германияға неше барсам да, ондағы халықтың әдет-ғұрпына, сөйлеу мәнері мен жүріс-тұрысына үйрене алмай-ақ қойдым. Кең далада сайрандап өскен, қазақи қарапайымдылыққа үйреніп қалған адамға мұндай жерде қиын болары айдан анық, – дейді Теодор Давыдович.

Кезінде жайлы өмір іздеп Еуропаға, әсіресе, Германияға көшіп кеткен отандастарымыздың арасында Қазақстанға қайтып оралғандары жетерлік. Оралуды аңсап жүргендері қаншама? Қазақ халқы басқа этнос өкілдерінің ешқайсысына да “өз елдеріңді табыңдар” деп айтып көрген емес.

– Мұнда біз өз армандарымызды жүзеге асырдық. Балалы болдық, жұмыс істеп, бір жерден екінші жерге емін-еркін көшіп-қондық. Енді бүгінде балаларымыз да өзіміздей білім алып, қазақ достарымен бауырларындай араласып жүр. Бақыт үшін бұдан артық не керек? – дейді ол.

Бағлан ҚОЖАҚОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Айыртау ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика