ҚУАТТЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҚАДАМ

Әрдайым елдің болашағы, халықтың жайын ойлайтын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында көптің көкейінде жүрген аса түйінді мәселелерді алға тартып, оларды шешу жолдарын айқындап берді. Президент ұсынған бастамалар – біздің еліміз үшін халықтың әлеуметтік жағдайы әрдайым басым бағыт болып қала беретіндігінің нақты дәлелі. Мәселен, қазіргі жылдық үстемесі – 16, алғашқы жарнасы 50 пайызға дейін көтерілген, мерзімі 15 жылға есептелген ипотекалық шарттар тұрғын үйге мұқтаж көптеген отандастарымыздың қолын байлап келген еді.

Енді тіршілігі қарапайым тұрғындардың алдынан да кең мүмкіндіктер ашылғалы отыр. Нақты айтсақ, “7 – 20 – 25” бағдарламасын жүзеге асыру арқылы ипотекалық несие қарапайым азаматтар үшін де қолжетімді болады. Оның негізгі шарты несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 пайыздан аспайды. Алғашқы жарнаны 20 пайызға дейін төмендетудің өзі – қарапайым адамға жасалған үлкен қамқорлық. Әсіресе, 7 пайыздық үстемемен несие беру жастардың баспана алу мүмкіндігін барынша ұлғайтады деп ойлаймын.

Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатын жұмыскерлерге салынатын жеке табыс салығын 1 пайыз мөлшерінде белгілеуді тапсырды. Осы қадам арқылы үнемделетін қаржы олардың жалақысын көбейтуге бағытталады. Сөйтіп, жұмыс берушіге салмақ түсірместен, 2 миллионнан астам жұмысшының жалақысын өсіруге қол жеткізілмек.

Жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, шағын несие көлемін ұлғайтуға бағытталған бастамалардың да маңызы өте зор. Жоғары білім саласына қосымша 20 мың грант бөліп, 2020 жылдың соңына дейін студенттерге ең кемі 75 мың орындық жатақхана салу, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың мәселесін реттеу мақсатында 14 мың азаматқа 62 млрд. теңге көлемде шағын несие беру ұсынылып отыр. Осы бастаманың арқасында мыңдаған қазақстандық өз кәсібін бастауға мүмкіндік алады.

“Көгілдір отын” мәселесіне келер болсақ, елді газбен қамтамасыз ету көп мәселенің, оның ішінде қоршаған ортаны қорғау да бар, түйінін тарқатуға мүмкіндік береді. Елбасымыз атап көрсеткендей, егер Астанаға “көгілдір отын” жеткізілсе, тек елорда­мыз­дың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуы 6 есеге дейін төмендейді екен. Осы бір цифрдың сыртында көп игіліктер жатқаны анық. Басқасын айтпағанда, экологияның жақсаруы халқымыздың денсаулығына игі әсерін тигізері сөзсіз.

Мемлекет басшысы ұсынған бес бастаманың аясы өте кең. Олар әлеуметтік мәселелермен ғана шектелмейді. Ұсынылып отырылған бағдарламаларды жүзеге асыру елімізде тұрғын үй құрылысының дамуына, экономиканың өсуіне, жаңа жұмыс орындары­ның ашылуына және кәсіпкерліктің дамуына тың серпін береді. Бұл бағ­дарламаларды ойдағыдай орындау арқылы біз демографиялық мәселелерді де сәтті шешетін боламыз.

Қорыта айтқанда, Жолдаудың жүгін көтеріп тұрған Елбасының жаңа әлеуметтік бастамалары барша қазақстандықтардың ертеңгі күнге сенімдерін нығайтатын, оларды бір мүддеге жұмылдыратын, отандастарымызды жаңа жеңістерге жігерлендіретін қуатты стратегиялық қадам болып табылады.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика