КӨҢІЛГЕ ҚУАНЫШ ҰЯЛАТАДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған халыққа Үндеуінде көтерген 5 әлеуметтік бастамасы мейрамдарға толы наурыз айында халқымызға үлкен қуаныш пен мерекелік, көтеріңкі көңіл-күй сыйлағаны анық. Мемлекет басшысының атап көрсеткеніндей, еліміздің әлемдік дағдарыстың қиындықтарын еңсеріп, сенімді өсу жолына қайта түскен экономикасы миллиондаған қарапайым адамдардың көкейлерінде жүрген өзекті мәселелердің оң шешімін кешіктірмей табуға мүмкіндік беріп отыр.

Солардың ішінде ең бастысы – “Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру” бастамасы екендігі даусыз. Елімізде тұрғын үй салу қарқыны жылдан-жылға үдетіліп, өткен жылы 11,2 миллион шаршы метрді құраған рекордтық көрсеткішке қол жеткізілгенімен, халқымыздың демографиялық өсімі де айтарлықтай болғандықтан, баспана кезегінде тұрғандар саны әлі де көп. Осыған орай, Президентіміз “7 – 20 – 25” бағдарламасын ұсынып отыр. Яғни, тұрғын үй немесе пәтер сатып алушыларға берілетін ипотекалық несие жылдық мөлшерлемесі – 7 проценттен, бастапқы жарнасы 20 проценттен асырылмай 25 жылға берілетін болады. Осыған дейін екінші деңгейлі банктер алғашқы жарнасы 30-дан 50 процентке дейін баратын, жылдық мөлшерлемесі 14-16 проценттік тым қымбат ипотекалық несиелерді 10-15 жылға беріп келгендігін ескерсек, Елбасы ұсынған жаңа бағдарлама баспанадан мұқтаждық көріп жүрген миллиондаған азаматқа елеулі жеңілдік туғызары хақ. Мұның өзі тұрғын үй құрылысына соны серпін берері де сөзсіз.

Екінші бастама – “Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтудың” да әлеуметтік маңызы зор. Жалақысы төмен адамдарға салынатын табыс салығының мөлшерін келесі жылдан бастап 10 проценттен 1 процентке дейін азайту 2 миллионнан астам адамның жағдайын жақсартпақ. Бұдан үнемделген қаржы басқа мақсатқа емес, жұмыскерлердің жалақысын арттыруға жұмсалуға тиістілігі атап көрсетілгені де өте маңызды. Бұл алдағы жылы жұмыскерлердің төлейтін табыс салығы азайтылып қана қоймай, олардың жалақылары да көбейтіледі деген сөз. Оған қоса, Елбасы Үкіметке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеуді тапсырғандығы да әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан орынды деп білемін. Бұл озық дамыған елдерде бар тәжірибе екендігі белгілі. Ол туралы пікірлер біздің елімізде де көптен бері айтылып жүр.

Елбасының үшінші бастамасы – “Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту” қоғамда да, Парламентте де жиі көтеріліп жүрген проблемаларды оңынан шешуге бағытталған. Алдымыздағы оқу жылына қосымша 20 мың грант бөлінетіндігі шетелдің оқыту төлемі арзан жоғары оқу орындарына түсушілер қатарын азайтуға септігін тигізеді деп ойлаймын. Сондай-ақ, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құны ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтерілетіндігі білім беру сапасын әлдеқайда арттыруға мүмкіндік бермек. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салынып, осы жөніндегі тапшылық біржола жойылатындығы да – жастарымызға деген шынайы жанашырлықтың тағы бір айғағы.

Төртінші бастама – “Шағын несие беруді көбейту” қажеттігі туралы біз өңірлерде болып, әсіресе, ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізгенде үнемі естіп жүрміз. Сондықтан да үстіміздегі жылы осы мақсатқа қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, шағын несиелердің жалпы сомасы 62 миллиард теңгеге жеткізілетіндігі, нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететіндігі – Елбасының, ең алдымен, ауылға деген айрықша қамқорлығы деп санаймын. Ауылдағы ағайын осы мүмкіндікті мүлт жібермей, өз істерін ашуға жаппай ұмтылыс танытса, құба-құп.

Бесінші бастама – “Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру” да – бізге, депутаттарға, еліміздің орталық және солтүстік өңірлерінің тұрғындарымен кездескен сайын айтылып, күн тәртібінен түспей тұрған маңызды мәселе. Сондықтан да Елбасының Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистральды газ құбырын салу жобасын 1-1,5 жыл ішінде жүзеге асыруды тапсырғандығы, кейін оны Көкшетау арқылы Петропавлға дейін жеткізу міндетін де қойғандығын қуана қабыл алдық.

Елбасының жаңа әлеуметтік бастамалары барша қазақстандықтардың ертеңгі күнге сенімдерін нығайтып, қанаттандыра түсетін қуатты қамқорлық деп білемін. Әлемдегі ең мықты дамыған отыз елдің қатарына қосылу мақсатын көздеген қарашаңырағымыз – Қазақстанның алға басқан нық қадамдары көңілге қуаныш ұялатады.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

“Нұр Отан” партиясы фракциясының мүшесі.

Comments   

 
0 #1 Дәрия 2018-03-14 05:28
Елбасының " Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" атты халыққа үндеуін оқып, бір жасап қалдық. .Көреген басшымыз бұл құжатта бес әлеуметтік өзекті мәселені қамтыған. Ең бастысы баспана. Президентіміз ұсынып отырған "7 – 20 – 25”"бағдарламас ы арқылы енді барлық қазақстандықтар баспанаға қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады. Бұл көптің көкейінде жүрген арманға қанат қақтырған жақсы жаңалық. Әлеуметтік бастамалардың ішінде жастардың сапалы білім алуы, оларды жатақханамен қамтамасыз ету, шағын несие беруді көбейту, елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру сияқты маңызды мәселелер қамтылған. Мұның барлығы ел ертеңі үшін істеліп отырған ауқымды жұмыстар. Елбасының айтқан ұтымды ойы ертеңге деген сенімді шыңдап, көптің жүрегіне қуаныш сезімін ұялатты.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика