СЕНІМДІ СЕРПІЛІС

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел Парламенті палаталарының бірлескен отырысында халықтың әл-ауқатын арттыруды көздеген жаңа әлеуметтік бастамалар көтеріп, халқына Үндеу жариялады. Президенттің бастамасымен танысқан халықтың болашаққа деген үміті еселене түсті. Әрбір отбасын, әрбір адамды қамтитын әлеуметтік шаралардың қызметі ұзағынан болғай деп тілейміз.

“7 – 20 – 25” деп аталатын бірінші бастама әр отбасына қуаныш пен үміт сыйлаған игі ұсыныс деуіміз керек. Тапқан-таянғандарын пәтер жалдауға жұмсап отырған жастар үшін баспана – ең басты мәселе. Пәтер алу үшін берілетін несиенің үстемеақысын жеті пайызға, ал алдын ала төлемді 20 пайызға дейін азайтып, несиені өтеу мерзімін 25 жылға дейін ұзарту жалақысы аз отбасыларға жасалған тамаша мүмкіндік екендігі рас.

Төмен жалақы алатын жұмысшылардың табысын молайту үшін салық жүктемесін он есеге азайтып, бір пайызға түсіру игі іс екені сөзсіз. Елбасы алыстан болжап, көптің көкейінде жүрген армандарын тамырын басқандай дәл тауып, көңілдерінен шықты.

Жоғары білімге қолжетімділікті арттыру және оның сапасын көтеру мақсатында бұрынғы 54 мыңға тағы қосымша 20 мың грант бөлуді ұсынып отыр. Бұл бастама “төртінші өнеркәсіптік революция” жағдайындағы жаңа экономикада сұранысқа ие мыңдаған маманды дайындауға мүмкіндік бермек. “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын іске асыру жолындағы нанотехнология мен робототехниканы дамыту үшін, ең алдымен, тиісті мамандар керек екендігі белгілі. Осы ретте жаңа заманның көшіне ілесемін деген білімсүйер жастарға жасалып жатқан ізгі қадамдардың легі осылай жалғасуда.

Үйлерінен жырақта білім алып жатқан студенттеріміздің тұрмыс жағдайы алаңдатып отырған кезеңде, 2022 жылға дейін жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негізінде кемінде 75 мың орындық жатақхана салыну керектігін көтерген бастаманың маңызы айрықша екені сөзсіз. Елбасының Үндеуін зор ықыласпен тыңдаған қаншама ата-ана мен студент жастар мемлекеттің қамқорлығын сезініп, ерекше сезімге бөленгені аян. Бұл атқарылатын шараның тек әлеуметтік мәселе шеңберінде қалмай, еліміздің экономикасын дамытуға да септігін тигізері сөзсіз. Жатақхана, тұрғын үй құрылысын жандандыра отыра, индустрияландыру саласын дамытып, шағын және орта кәсіпкерлердің шаруасына нақты қолдау жасалады.

Президент төртінші бастамасында шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыру үшін қосымша 20 миллиард теңге бөлу керегін айтты. Ауылдарда, қалалық жерлерде өз шаруашылықтарын басқарып, өзіне де, өзгеге де пайда әкелуді көздеген жерлестерімізге зор мүмкіндік жасалып отыр. Бұл – несие алып, бизнес бастайтын іскер азаматтардың саны былтырғыдан екі есеге көбейеді деген сөз. Бүгін мемлекет бизнестің дамуына қолдау көрсетсе, ертеңгі күні осы бизнес иелері еліміздің арқа тұтар азаматтары болары анық.

Президент Астана тұрғындарының соңғы кезде түтін құрсауында қалып қойғанына назар аударып, газдандыру мәселесін көтерді. Оны нақты орындаудың Жол картасы жасалғандығын да тілге тиек етті. Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтарына газ тартылса екен деген халық тілегі қабыл болды. Газ құбырын тарту қосымша жұмыс орындарын көбейтумен қоса, ең алдымен, адамдардың денсаулығына өлшеусіз зиянын тигізіп отырған түтіннен арылу, сондай-ақ, еліміздің экологиялық мәселелерін шешуге мүмкіндік туғызып отырғаны қуантады.

Халықтың әл-ауқатын арттыратын осындай шараларды жүзеге асыруды тиісті құзырлы органдарға тапсырған Елбасы: “Татулығы жарасқан Қазақ елінің ғұмырлы болуы үшін тарихтың өзі дәлелдеген бір ақиқат бар – халқымыз бірлікте болса күшейген, бірлігі қашса әлсіреген”, – деген оймен тұжырымдады.

Біз ұлттық руханиятымыздың көкжиегін кеңейтіп, экономикамызды дамыту мақсатын ұстанып келеміз. Қоғамда жағымды серпіліс туғызған жаңа бастамалар ертеңгі күнге деген сенімімізді арттырады.

Жанар ТАЛАСПАЕВА,

“Нұр Отан” партиясы саяси кеңесінің мүшесі, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика