МӘСЕЛЕЛЕР ОРТАҒА САЛЫНДЫ

Президенттің бес әлеуметтік бастамасын түсіндіру мақсатымен өңірімізге келген Мәжіліс депутаттары Айзада Құрманова, Айгүл Нұркина, Жәмила Нұрманбетова мен Меруерт Қазбекова облыстық кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерімен кездесті. Кәсіпкерлер бизнестің кейбір салалары үшін үдемелі тәуліктік тарифті қайтару, диірмендер мен жергілікті құрылыс материалдарын өндірушілерге қолдау көрсету сияқты көкейлеріндегі мәселелерді ортаға салды.

Депутаттар әлеуметтік бастамалардың әрқайсысына тоқталып, олардан күтілетін нәтижелер туралы әңгіме өрбітті. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев мемлекеттік несиелендіру бағдарламаларын пайдаланғысы келетін ауыл тұрғындарына қатысты мәселелерді қозғады.

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының директорлар кеңесінің шешімімен жеңілдетілген несиелер беру шарттары өзгертілді. Өткен жылы жеке кәсіпкерлерге мал шаруашылығымен айналысу үшін несие алуға болатын, ал биыл олар бұл бағдарламадан тыс қалып отыр. Біз мұны жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, бизнесін жаңадан ашатындар мен жеке кәсіпкерлерге несиелер беруді көздейтін нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының шарттарына қайшы келеді деп ойлаймыз. Өткен жылы 98 жеке кәсіпкердің 73-і мал шаруашылығымен айналысу үшін қаржыландырылған, – деді ол.

15 сәуірден облыс аудандарында “Бастау бизнес” бағдарламасы бойынша оқыту басталады. Палата өкілдері аудандарға шығып, бағдарламаның артықшылықтары, сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

– Кәсіпкерлікті дамытуға шақыра отырып, біз бір жағынан ауылдықтардан бұл мүмкіндікті тартып алғандай боламыз. Өйткені, ауылдағы көпшілік мал шаруашылығымен айналысқанды қалайды, – деді Дархан Қалиев.

Өңір кәсіпкерлері үшін тағы бір өзекті мәселе – электр қуаты үшін тәуліктік тарифтердің алынып тасталуы болып отыр. Олардың пікірінше, күндізгі және түнгі тарифтерді қайта енгізу қажет. Онымен қоса, кәсіпкерлерге де, тұрғындарға да қай тарифті қолданатыны жөнінен таңдау құқығы берілуі тиіс.

Экспорттық нарықтан шеттетіле бастаған көптеген ұн үгетін кәсіпорындардың ортақ проблемалары жайында “Сұлтан-ММК” кәсіпорнының қаржы жөніндегі директоры Виктор Кельбрант айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, шетелдерге ұн экспорттау тиімсіз бола бастаған, тіпті, соның әсерінен кейбір кәсіпорындар жабылып та қалған. Өйткені, көршілес Өзбекстан мен Тәжікстан елдері диірмен кешендері желісін құрып, Қазақстан бидайынан өздерінде ұн үгуде. Ол үшін тиімді шарттарды енгізген. Мәселен, Өзбекстан өз аумағына бидай әкелуді тегін қылса, дайын өнімге салынатын салық пен транзиттік тарифті көтеріп жіберген.

– Біз шығаратын металл конструкцияларымызды Астана мен Алматының маңызды құрылыс нысандарына жөнелтіп тұрамыз. Алайда, өз өңірімізде ол мүлдем өтімсіз. Дәл біздікіндей материалдарды кейбір құрылысшылар мемлекеттік тапсырыс беру арқылы, тіпті, Мәскеу облысынан да алдыртып жатады, – деген “Петропавл металлконструкциялары зауыты” ЖШС-і бас директорының орынбасары Азамат Бекқожинов депутаттардың назарын құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорындардың негізгі проблемасына аударды.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика