БАСПАНА — БАҚЫТ МЕКЕНІ

“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтіп, “Нұрлы жер” бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Владислав Лукиннің айтуынша, мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, өңірімізде өткен жылы жалпы алаңы 200,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша берілген сатып алу құқығы бар жалдамалы пәтерлер саны – 116. Қалалықтардың мұндай баспанаға қол жеткізуіне “Қазақстан ипотекалық компаниясы” АҚ-ы мүмкіншілік тудырды. Биыл “Береке” ықшамауданында тағы осындай 96 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, былтыр бағдарлама аясында тұрғындардың әлеуметтік жағынан әлжуаз тобы үшін сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйлердің құрылысы тамамдалып, ондағы пәтерлер 400 отбасыға берілді. Ал биыл мұндай баспаналардың саны 200-ге артпақ.

– Инфрақұрылымды дамытуға бөлінген 8 млрд. теңгеден астам қаржы толығымен игерілді. 2018 жылғы тұрғын үй құрылысы үшін қарастырылған 11, 8 млрд. теңге қаржының өткен үш айға жоспарланған 0,7 млрд. теңгесі талапқа сай игеріліп отыр, – деді Владислав Лукин.

Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, өңіріміз пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі бойынша республикада алдыңғы қатардан көрінген. Биыл да қоныстойлар аз болмайды. Жуков көшесі бойында, “Береке”, “Жас өркен” ықшамаудандарында салынып жатқан бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы үстіміздегі жылы аяқталып, тұрғындар игілігіне берілуі тиіс.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының бөлім басшысы Азамат Омаров тұрғын үй құрылысы сапасын бақылау жұмысының қорытындысы жайында баяндады. Оның айтуына қарағанда, құрылыс барысында өрескел кемшіліктерге жол берілмеген. Осы орайда, партия мүшелері “Береке” ықшамауданындағы Гастелло көшесі, 42-үй мекенжайында орналасқан проблемалық баспананың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, оны қалыпқа келтіру жұмыстарының барысымен танысқысы келетіндерін жеткізді. Бірақ жиында бұл үйге жауапты тұлғалар болмаған соң, сұрақ та жауапсыз қалды.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика