САЛЫҚ АЗАЙСА, ЕҢБЕКАҚЫ ӨСЕДІ

Мәжіліс депутаттары – “Нұр Отан” партиясы фракциясының мүшелері Аққайың, Қызылжар және Мамлют аудандарында болып, бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Халық қалаулылары ауыл тұрғындарының Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру жайлы сұрақтарына жауап бере отырып, тұрғын үйге ипотекалық несие, жоғары оқу орнына қолжетімділікті арттыру және студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету ісі туралы баяндады. Еңбекақысы төмен қызметкерлердің салық жүктемесін төмендету, бизнесті дамыту үшін шағын несие беру бойынша да түсініктемелер берілді.

Халық қалаулылары Айзада Құрманова мен Айгүл Нұркина Қызылжар ауданына сапары барысында “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің ұжымымен кездесті. Ауыл тұрғындарының көпшілігін “7 – 20 – 25” бағдарламасы бойынша тұрғын үй алудың жаңа мүмкіндіктері қызықтыратыны аңғарылды. Олар өзге ипотекалық несие бағдарламасына қатысушылар аталмыш жүйе бойынша да үй алуға құқылы бола ала ма немесе жеңілдетілген несие тағайындауда жас ерекшеліктеріне қарай шектеулер қойылмай ма дегендей сұрақтар қойды. Депутаттар бұл бағдарлама әлі дайындық үстінде екенін және ол бекітілген кезде түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Новоникольскідегі тұрғындар бос уақыттарын өткізіп, тегін дене шынықтырумен айналысатын мұз айдыны мен спорт кешенін, сонымен қатар мектеп пен балабақшаны аралап көрген депутаттар ауылдағы жағдайға таңданыстарын жасырмады.

Мамлют ауданының Воскресеновка ауылына атбасын тіреген депутаттар Светлана Бычкова мен Жәмила Нұрманбетова ауданның бірқатар шағын жинақталған мектептерін біріктіретін ресурстық орталықтың жұмысымен танысты. Олар педагогтермен білім беруді дамыту және бес әлеуметтік бастаманы іске асыру мәселелерін талқылады. Ұстаздарды салықты төмендету үдерісі қалай жүзеге асырылатыны қызықтырды.

– Бүгінгі күні республика бойынша шамамен 2 миллион жұмысшының табысы 25 айлық есептік көрсеткіштен төмен. Елімізде жеке табыс салығы 10 пайыз болса, енді аталған санаттағылар үшін ол 1 пайызға дейін төмендетіледі. Бұл өзгеріс келер жылдан бастап қолданысқа енеді, – деді Светлана Бычкова.

Аққайың ауданында депутаттар Қанат Мусин мен Александр Суслов жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен шағын несиелендіру мәселелерін талқылады. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығы туралы айтты. Депутаттар бұл мақсат үшін қосымша 20 млрд. теңге бөлініп, шағын несиелендірудің жалпы сомасы 62 млрд. теңгеге жеткенін мәлімдеді. Сапар соңында халық қалаулылары аграрлық колледжде болды.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика