ТАБЫС БАРДА — ТІРШІЛІК ТҮЗУ

Нұрсұлтан Назарбаевтың “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” атты халыққа Үндеуі шешімін күтіп тұрған мәселелерге дер кезінде тиген “қамшы” болғандай. Мысалға, сол бес бастаманың бірі – “Шағын несие беруді көбейту” өзін-өзі еңбекпен қамтып жүрген кәсіпкерлерге істерін дамытып, соның арқасында табыстарын еселеп өсірулеріне жол ашса, жұмыссыздардың екі қолға бір күрек табуына мүмкіндік тудырады. Сол сияқты алыс-жақын шетелдерден тарихи Отанына көшіп келген қандастарымыз үшін де пайдалы болары сөзсіз. Әсіресе, біздің солтүстікті, қытымыр аязына, қысының ұзақтығына қарамастан, жерсініп кетулері үшін игі әсерін тигізеді деп ойлаймын.

Елбасы төртінші бастамасының мән-мағынасын түсіндіре отырып: “2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілді. Алайда, “Бастау Бизнес” жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға шағын несиелерді ала алмады. Сондықтан, 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын. Нәтижесінде несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 14 мың адамға жететін болады”, – деді.

Бұрын шеттен келген қандастарымызға қаржылай көмек көрсетілгенімен, оның көлемі де, соңғы нәтижесі де мардымсыз болды. Жергілікті билік қолдау көрсетуге талпынғанымен, “жақыннан жәрдем берудің” тетігі табылмай қойды. Бұған қандастарымыздың қаржылай жәрдемді алып болған соң, жөнді жұмыс таба алмай, еліміздің орталығы мен оңтүстік аймақтарына көшіп кетулері дәлел бола алады. Сөз болып отырған бастама шетелден көшіп келген қандастарымызға жеңілдетілген несие алып, орта не шағын бизнеспен шұғылдануға мүмкіндік тудырып отыр. Өз кәсіптерін дөңгелетудің арқасында еңбектерінің тиісті ақысын алады. Табыс бар жерде тіршілік те шырайлы. Демек, Елбасының “Шағын несие беруді көбейту” атты төртінші бастамасы ауыл шаруашылығымен шұғылданамын деген отандастарымызға, әсіресе, шеттен көшіп келген қандастарымыз үшін көмек болғалы тұр.

Мекебай ОҢАЙ.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика