ИНТЕРНЕТТІҢ ИГІЛІГІ

Бүгінде кез келген адам “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы немесе “Электронды үкімет” веб-порталы арқылы мемлекеттік қызмет ала алады. “Электронды үкімет” веб-порталы арқылы жеке және заңды тұлғаларға салықтар мен айыппұлдарды онлайн режімде төлеуге мүмкіндік бар. Порталда экономика, білім, мәдениет, жұмыс, денсаулық, спорт, туризм және басқа да адам өмірінде маңызды бірнеше тақырыптық бөлімдерде 2000-нан астам қызмет ұсынылған.

Азаматтық хал актілерін тіркеу және апостильдеу мәселелері бойынша көрсетілетін қызмет түрлеріне баланың тууын тіркеу, азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама немесе қайталама куәліктерді беру, акт жазбаларына түзетулер, толықтырулар мен өзгерістер енгізу, неке қиюды және бұзуды тіркеу, тегін, атын, әкесінің атын өзгертуді тіркеу, әділет және басқа мемлекеттік органдардан, нотариустардан келіп түсетін ресми құжаттарды апостильдеу жатады.

Азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша ең көп таралған қызмет түрі – неке қию. Былтыр облыстық АХАТ органдарына некеге тұру туралы 3895 өтініш түссе, оның тең жартысы “Электронды үкімет” порталы арқылы қабылданған. Некеге тұрғысы келген жастар өтініштерін интернет арқылы жолдай алады. Ол үшін некеге тұрушылар Қазақстан Республикасының азаматтары болуы керек. Болашақ ерлі-зайыптыларға қойылатын тағы бір талап – екеуінің де бұған дейін некеде болмауы. Мемлекеттік баж салығын төлеу керек болғандықтан, өтініш берушіде банк картасы болуы тиіс. Көрсетілетін қызмет түрі тегін болғанымен, неке қию үшін бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік баж салығы төленеді. Төлем веб-порталдың төлем шлюзі арқылы жүзеге асырылады.

Некені тіркеу туралы өтініш келіп түскеннен кейін азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мамандары некенің күні мен сағатын белгілеп, жас жұбайларға хабарлайды. Жастар белгіленген уақытта өздерімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттарын алып келулері тиіс. Некені қию электронды түрде өтініш берілгеннен бастап 30 күнтізбелік күн өткеннен кейін жүзеге асырылады. Ал өтінішті азаматтар тіркелген орнына қарамастан, кез келген азаматтық хал актілерін тіркеу органына бере алады.

Аталған қызмет түрі неке қиюшылар үшін әлдеқайда ыңғайлы екенін айта кеткен жөн. Себебі, өтініш беру кезінде олар кезекте тұрып, уақыттарын босқа өткізбейді, тіпті, екеуінің бір жерде болуы да міндетті емес. Әлемнің кез келген бұрышында болса да, өтініш бере алады. Яғни, азаматтық хал актісін тіркеу органдарына жүгінудің қажеті жоқ. Сонымен қатар жастар некесін тіркеу үшін өздеріне қолайлы уақытты таңдай алады.

Цифрландыруды жүзеге асыру барысында азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында жиі көрсетілетін қызметтердің бірі – баланың тууын тіркеу. СМС-хабарлама арқылы, үйден шықпай-ақ баланың туу туралы куәлігін алуға, оны балабақшаға кезекке қойып, жәрдемақысын реттеуге болады. Бұл қызмет түрі тегін, яғни СМС-хабарлама жолдау үшін де төлем алынбайды. Жоба жүзеге асырыла бастағаннан бері облысымызда дүниеге келген бір жүзден астам нәресте СМС-хабарлама арқылы тіркелді.

Гүлнәр ҚОЖАХМЕТОВА,

облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика