ҚАРТТАР – АСЫЛ ҚАЗЫНАМЫЗ

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалында “Ардагерлерді ардақтайық” жобасы шеңберінде өткен “дөңгелек үстелде” партияның сайлауалды бағдарламасының “Денсаулық” бағытын жүзеге асыру мақсатымен құрылған аумақтық комиссияның мүшелері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесі мен мемлекеттік органдар өкілдері қарттарға медициналық көмек көрсету және оларды әлеуметтік қорғаудағы қордаланған мәселелерді талқылады. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жұмабек Елеусізовтің айтуынша, облысымызда жасы алпыстан асқан тұрғындардың саны 105 мыңға жуық. Олардың 95 мыңнан астамы түрлі сырқаттармен диспансерлік есепке алынған. Қарттар қан айналымы жүйесі ауруларына жиі шалдығатын көрінеді. Қысымның көтерілуінен және жүректің ишимиялық ауруынан зардап шегуші 60 мың қарт бар. Одан кейінгі орында эндокриндік аурулар, оның ішінде қант диабеті және тыныс алу жолдары ауруларына шалдыққандар тұр. Егде жастағылар арасында бірден бірнеше аурудың азабын тартушылар да баршылық. Деректер, әрине, көңіл көншітерлік емес. Осы орайда зейнет жасына жеткендерге медициналық көмек тиісті деңгейде көрсетіле ме деген сұрақ туындайды. Жиынға қатысқан зейнеткерлердің емханалардағы ұзын сонар кезектер мен емделушілерді қабылдау жүйесіне, тегін дәрі-дәрмектердің қолжетімсіздігіне қатысты жарыса жеткізген шағымдарына қарағанда, бұл салада шешімін күткен мәселелер әлі де жеткілікті.

– Бір кездері нан алу үшін кезекте тұрушы едік, қазір дәрі-дәрмек алу үшін сағаттап емханада жүретін болдық. Оның өзінде көп дәрілер болмай шығады. Сол сияқты сараптама тапсыру кезінде де әбден мезі боласың, – деді 87 жастағы Иван Куропаткин.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы 80 жастан асқан қарттарға медициналық қызмет үйде көрсетілетінін жеткізді. Дәрі-дәрмек биылдан бастап “СК Фармация” орталықтандырылған сатып алу жүйесі бойынша жеткізіле бастапты. Емханалар көп көлемдегі препараттарды бірден қабылдап алуға дайын болмай шыққан. Әрі тапсырысты жеткізу кезінде де олқылықтар орын алды. “Осыған байланысты бірінші тоқсанда дәрілер кешеуілдетіп берілді. Алдағы уақытта мұндай мәселелер туындамайтын болады”, – деді Жұмабек Елеусізов.

Облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Белоног болса, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ісіндегі кемшіліктерге емханалар мен дәрігерлердің еш қатысы жоғын айтып ақталды.

– Денсаулық сақтау басқармасы министрлікке дәрі-дәрмекті сатып алуды ертерек жүргізуді өтініп, талай мәрте хат жолдады. Бірақ қаржылық жыл басталмайынша, ведомстводағылардың да қолынан келер қайран жоқ. Осындай заңнамалық нормалардың кесірінен зейнетақыға қарап отырған қарттар мен созылмалы ауруға ұшыраған жандар қажетті препараттарын ала алмауда, – деді ол.

Денсаулық сақтау саласының мамандары емханаларда кезекте тұрмау үшін “саll-орталықтар” арқылы дәрігерге жазылу, терминалдар арқылы кезекке тұру мүмкіндіктері жасалғанын, алайда, қарт адамдардың бұл жаңашылдықтарды көп қолданбайтынын айтты. “Облыс орталығының емханалары тұрғындарды тиісті жүктемеден артық қабылдайды, сол себепті де тар ғимараттарда кезек көп”, – деді дәрігерлер. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде халқы тығыз орналасқан 20-шы және “Береке” шағынаудандарында салынатын емханалар бұл проблеманы түбегейлі шешеді деген үміт бар.

– Облыс әкімі Құмар Ақсақалов алдағы жылдары 700 орындық көпсалалы аурухана салынатынын мәлімдеді. Ол бірнеше ауруханаларды біріктіріп қана қоймай, өңірімізде бұрын-соңды болмаған геронтология сияқты бөлімдер ашуға мүмкіндік бермек. Бұл аурухананың ашылуымен денсаулық сақтау саласындағы күрделі мәселелер өз шешімін тауып, қарттарға қамқорлық көрсетудің де аясы кеңейе түседі, – деді медицина саласының ардагері Бейбіт Мұстафина.

Жиынға қатысушылар Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің бүгінгі тұрмысын зерделеу, оларға қамқорлық жасау және атаулы көмек көрсету, соғыс ескерткіштеріне күтім жасау мәселелерін де қарастырды. Бұл мәселелерге облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мәулетбаева кеңірек тоқталды.

Былтыр өткізілген қайырымдылық шараларының нәтижесінде 30 мың қартқа материалдық көмек жасалған. Ал үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында 6 мың адамға 8 млн. теңгенің көмегі көрсетіліпті. Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 240 мың теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика