ТҰРҒЫНДАР ДӘН РИЗА

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен құрылған арнайы мониторингтік топ өкілдері мен агенттік қызметшілері жұмыс сапарымен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда болып қайтты. “Жемқорлыққа қарсы халықтық комитет” қоғамдық қорының президенті Мұсағали Дуамбеков бастаған делегация тұрғындар және мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, өз міндеттері мен мақсаттары жөнінде баяндады, аудан орталығындағы бірнеше нысанды аралады.

Сапалы мемлекеттік қызмет көрсету мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тиімділігінің басты көрсеткіші болып табылады. Сондықтан республикалық арнайы мониторингтік топ аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысу барысында алдымен қызмет сапасына мән берді. Орталыққа келген жергілікті тұрғындардан сұрастыру нәтижесінде олардың мұндағы қызметке көңілдері толатынына көз жеткізді.

– Мемлекеттік қызмет уақтылы, қысқа мерзім ішінде ұсынылуы тиіс. Бұл – қазіргі уақыттың талабы. Шағым-ұсынысы бар әрбір азамат агенттік қызметіне жүгінуге құқылы. Мониторингтік топ жұмысының келесі бағыты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Оның тиімді әдістерінің бірі – жемқорлық тәуекелдерін талдау. Өткен жылы азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп осындай талдау жүргіздік. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктермен бірігіп жасаған “Жолдарда сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету бойынша он қадам” атты жобаны іске қостық, – деді агенттіктің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин тұрғындармен әңгіме барысында.

Мониторингтік топ аудан орталығында екі жыл бұрын ашылған “Құлагер” дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне де ат басын тіреді. Мұндағы жаттығу залдары аудан тұрғындары үшін тегін жұмыс істейді. “Осындай әлеуметтік маңызды нысандардың құрылысы халықтың өмір сапасын жақсартуға, тұрғындар арасындағы өзара сенімді арттыруға себепші бола алады”, – деген Мұсағали Дуамбеков аудандағы белсенді азаматтардың ісіне ризашылығын білдірді.

Мемлекеттік аппарат пен қоғам арасындағы байланыстырушы құрал ретінде қызмет көрсетудің барлық салаларында азаматтық бақылауды жүзеге асыратын арнайы мониторингтік топтың облыс аудандарындағы жұмыс сапары әлі де жалғасатын болады.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика