АБАТТАНДЫРУ АЯСЫ КЕҢЕЙМЕК

Облыстық әкімдіктің кезекті отырысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, абаттандыру жұмыстарының барысы және басқа да өзекті мәселелер қаралып, мамыр айында болатын мемлекеттік мерекелерге әзірлік барысы пысықталды.

Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының соңғы үш айдағы серпінімен облыстық статистика департаментінің басшысы Марал Нұржауыпова таныстырды. Статистикалық деректерге сәйкес, облысымыз еліміздің 16 өңірі арасында сауда қарқыны бойынша – бірінші, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өсімі бойынша – алтыншы, ал инвестициялар көлемі бойынша он бірінші орында келеді.

Қаңтар-наурыз айларында өнеркәсіп кәсіпорындары 64,4 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Тамақ өнімдерінің өндірісі 36,4 пайызға өссе, пластмасса өндірісінің өсімі 18,6 пайызды құрады. Ал машина жасау саласындағы көрсеткіш, керісінше, 5,9 пайызға кеміген. Ет өндірісі бойынша үш айдың ішінде Тимирязев, Тайынша, Қызылжар аудандары мен облыс орталығы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізсе, Айыртау, Уәлиханов, Жамбыл аудандары өңірді артқа тартуда.

– Мал санын кемітпей, керісінше көбейту – маңызды мәселелердің бірі. Бұл салада облысымыздың әлеуеті жоғары. Жеке мал шаруашылықтарын ашу, ірі шаруашылықтармен жұмыс істеу, жемазық дайындау мәселелері атқарушы биліктің қадағалауымен жүзеге асырылуы тиіс, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі есеге артып, сауда-саттық жандана түскен.

Ал инфляцияның 2,5 пайызды құрауына азық-түлік тауарлары мен тұрғын үй-коммуналдық қызметі тарифінің қымбаттауы әсер еткен. Дәрі-дәрмек, киім-кешек, жанар-жағармай құны да біршама жоғарылапты.

Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы орташа республикалық көрсеткіштен біршама жоғары екенін айтқан өңір басшысы алғашқы тоқсанда тындырылған жұмыс нәтижесіне оң бағасын берді.

Құмар Іргебайұлы көш соңында қалған аудан басшыларына жұмыс нәтижесі орташа республикалық көрсеткіштен төмен болмауы қажеттігін ескертті.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов үш айға жоспарланған бюджет қаражаты 98,7 пайыз орындалғанын хабарлады. Ал игерілмеген сома – 490 млн. теңге. Қазына қаржысын игеру ісінде баяу қимылдағандардың қатарын Аққайың, Мамлют, Тайынша аудандары бастап тұр. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, білім басқармалары да бөлінген қаржыны уақтылы жұмсап үлгермеген.

Үш айдағы орташа жалақы мөлшері 103 830 теңгені құрады. Облыстағы орташа жалақы әлі де республикалық көрсеткіштен біршама төмен. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов кеңеске селекторлық режімде қатысқан аудан әкімдеріне еңбекақыны көтеру үшін барлық шараларды қолға алуды тапсырды.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – облыста абаттандыру жұмыстарына арналған жоспарлы шараларды жүзеге асыру барысы. Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевтың айтуынша, үш айлық жоспарға сәйкес, облыс бойынша 3 мың шақырымнан астам көшені тазалап, абаттандыру жұмыстарына 224 млн. теңгенің қаражаты жұмсалмақ. Облыс орталығында астаналық дизайнерлер декоративті көгалдандыру жұмыстарын атқармақ. Облыс әкімі бұл іске бизнес өкілдерін де жұмылдыру қажеттігін айтты.

– Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, Петропавл қаласы мен аудандық әкімдіктер апатты жағдайдағы, ескі және бос тұрған нысандарды қалпына келтіру және бұзу бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Өткен жылы мұндай 1122 нысан есепке алынды. Олардың 17-сі қайта қалпына келтірілсе, 299-ы бұзылды. Биыл тағы да осындай 605 нысанды бұзу және 58 нысанды қалпына келтіру жұмыстары жоспарланып отыр. Тозығы жеткен 10 өндірістік нысан бар, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Өңір басшысы мұндай нысандардың иелеріне меншіктерін бұзу немесе қалпына келтіру жұмыстарын міндеттеп, атқарылған жұмыс нәтижесін айғақтайтын суреттерді апта сайын көрсетуді тапсырды.

– Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз атқарылуы тиіс. Сондай-ақ, абаттандыру жұмыстары орталық көшелерде ғана емес, қала бойынша және аудан орталықтарында да қарқынды жүргізілуі керек, – деді өңір басшысы.

Қыс бойы жүргізілген жөндеу жұмыстары көктем шыға облыс орталығының тұрғындарына бірқатар қиындықтар тудырып отыр. Әсіресе, Алтынсарин көшесінде жүргізілген жөндеуден кейін “Еркемай” балабақшасы мен есту кемістігі бар балаларға арналған мектепке жету қиындаған. Облыс әкімі сапасы сын көтермейтін жөндеу жұмыстарын жүргізген компанияға, жалпы жүктелген міндетті дұрыс атқармайтын мекемелерге шара қолдану қажеттігін айтты.

Мамыр айында Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар және Жеңіс күні сияқты еліміздің айтулы мерекелеріне орай өңір тұрғындары үшін ұйымдастырылатын іс-шаралар көлемі ауқымды болмақ. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметованың айтуынша, мереке күндері мәдениет және білім саласы бойынша 450-ден астам, спорт саласына қатысты 130-ға жуық және басқа да қоғамдық маңызға ие 200-дей іс-шара ұйымдастырылатын болады. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқамасының басшысы Ермек Рахимов айтулы мерекелер қарсаңында мәдениетті дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытында ауқымды шаралар атқарылатынын жеткізді.

Құмар Іргебайұлы бүгінде Ұлы Отан соғысының 113 ардагерінің әрқайсысының үйлеріне барып, құрмет көрсету керектігін баса айтты. Биыл ардагерлерге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы берілмек. Соғыс ардагерлеріне теңестірілген жандарға да ақшалай көмек көрсетіледі.

Күн тәртібіне енгізілмесе де, жедел шешуді қажет ететін өзекті мәселе – оқулықтар сатып алуға қажетті қаражаттың тапшылығы да әкімдік отырысында сөз болды. Өңір басшысы балаларды жаңа оқу жылында оқулықсыз қалдырмау үшін аудан басшылары мен Петропавл қаласының әкіміне мамыр айының ортасына дейін бұл мәселені шешуді тапсырды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан” .

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика