МІНДЕТІМІЗ — ЕЛЖАНДЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ

Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы терең біліммен, тәлімді тәрбиемен қаруланған бәсекеге қабілетті және сауатты қазақстандық ұлт қалыптастыруға бағытталған. Осы мақсатқа жетуде Мағжан Жұмабаев ауданының педагогтері мен ата-аналарының алдында күрделі әрі жауапкершілігі мол міндеттер тұр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігін атап көрсеткен болатын. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болуда және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамытуды көздейді.

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар орта мектебі – жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасын эксперименттен өткізген еліміздегі отыз мектептің бірі. Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Бүгінгі таңда жаңартылған бағдарлама бойынша 1, 2, 5 және 7-сынып оқушылары білім алуда. Аудан бойынша Сарытомар орта мектебі жаңартылған мазмұндағы білім беруді сынақтан өткізетін қанатқақты мектеп ретінде айқындалған. Онда мектепалды даярлық сыныбы, 3, 6, 8-сыныптар сынақтан өтеді.

Білім берудің мазмұны жаңарып, тың көзқарастар пайда болды. Ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және жаңа технологияларды меңгеріп қана қоймай, оны сабақ барысында тиімді қолдана білу міндеті тұр. Педагогтерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керектігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында баса айтқан болатын. Бүгінгі таңда ауданымыздағы 887 мұғалімнің 251-і жаңа бағдарлама бойынша даярлық курстарынан өтті. Сонымен қатар мектеп директорлары мен олардың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары да біліктіліктерін жетілдірді. Булаево №4 орта мектебі базасында бастауыш сынып мұғалімдерінің көшпелі курстарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Елбасы Жолдауында білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын жақсарту қажеттігі міндеттелді. Осыған орай ауданымыздағы білім беру ұйымдарындағы педагогтердің тілдік даярлығына баса назар аударылуда. 2017-2018 оқу жылында жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту бойынша 34 мұғалім курстарда оқып, А2, В1, В2 деңгейлеріне ие болды. Булаево №2 орта мектебі аудандағы жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту бойынша қанатқақты білім ордасы ретінде белгіленді. Онда бүгінде информатика пәні бойынша вариативтік сабақтар ағылшын тілінде жүргізілуде. 2018 жылы жаңартылған мазмұн бойынша ауданымыздың тағы 65 мұғалімі біліктіліктерін жетілдіру курстарынан өтеді.

Оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс. Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосылу да Жолдау аясында жүзеге асырылатын маңызды шара болғандықтан, бұл мәселені де назардан тыс қалдырған жоқпыз. Ауданның жиырма мектебі жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған, тағы сегізінің жылдамдығын арттыруды жоспарлап отырмыз. Барлық мектептер материалдық-техникалық жабдықтармен, интерактивті қондырғылармен қамтылған. Булаево №2, Сарытомар орта мектептері робот техникасынан қанатқақты мектептер болып табылады. Оларда сабақ беретін он бір мұғалім арнайы курстарды бітірді.

Жолдауда атап көрсетілгеніндей, 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет. Білім беру мазмұнын жаңарту, инновациялық технологиялар мен әдістемелерді, баланың икемі мен дағдысын қадағалау көрсеткіштерінің жүйесін енгізу мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің негізгі міндеттері болып табылады.

Бүгіндері аудандағы бес балабақша мен қырық шағын орталықта 1200-ге жуық балдырған тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбие және білім беру ұйымдарында он бес жоғары, жетпіс екі арнаулы орта білімді мамандар жұмыс істейді. Жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасы бойынша жиырма тәрбиеші “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру институтындағы курстарда оқып шықты.

Балабақшалар Қазақстан Республикасының “Мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбие мен білім беру үдерісін ұйымдастыру туралы” мемлекеттік стандарттарына сәйкес қызмет көрсетеді. Типтік бағдарламаны жүзеге асыру білім берудің “Денсаулық”, “Байланыс”, “Таным”, “Шығармашылық” және “Әлеумет” салаларын біріктіру арқылы жүзеге асырылады. Мектепке дейінгі тәрбие және білім беру мекемелерінде жобалық, зерттеушілік, ақпараттық коммуникативтік, денсаулық сақтау, тұлғалық-бағдарлық және ойын технологияларына ерекше мән беріледі.

Денсаулық сақтау технологиясы бойынша “Балдәурен” бөбекжай-бақшасының әдістемелік құралы шығарылды. “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру институты ұйымдастырған байқауда “Бөбек” балабақшасының тәрбиешілері “Балаларды саламатты өмір салтына тарту” тақырыбындағы өзінің педагогикалық идеяларымен бөлісіп, екінші орынға ие болды. Бүлдіршіндерді балабақшадағы кезеңнен бастап ғылыми жобаларға, зерттеулерге даярлаудың маңызы ерекше. Тәрбиеші педагогтер “Дидактикалық ойындар арқылы қарапайым математикалық ұғымдар қалыптастыру”, “Мектепке дейінгі мекемелерде ата-аналармен бірлесе отырып, бала құзыреттілігін дамытудың жолдары”, ал бүлдіршіндер “Терезе алдындағы жуа”, “Үй жануарлары” тақырыптарына зерттеулер жүргізді.

Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруға орай мектепке дейінгі мекемелерде қоғамдық жаңарудың жоспары жасалды. Отан отбасынан басталатынындай, әр бүлдіршіннің бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға балабақшаларда ерекше мән беріледі. Балалардың кішкентай күнінен бастап оларды Отанымыздың көрікті жерлерімен, еліміздің рәміздерімен және олардың авторларымен, туған ауылының тарихымен, белгілі тұлғаларымен, Қазақстанның “Қызыл кітапқа” енген өсімдіктерімен, жануарларымен, тағы басқалармен таныстыруға баса назар аударылады. Осындай шаралар бейнетүсірілімдер көрсете отырып, жүргізіледі. Туған өлкеміздің табиғатын тамашалау арқылы балғындар танымдық қызықты деректерге қанығады.

Сонымен қатар рухани жаңғыру аясында білім беру ұйымдары “Тәрбие және білім” атты ішкі бағдарламасын әзірледі. Ол өскелең ұрпақты жан-жақты, үйлесімді дамыған, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған. Бағдарлама аясында мектеп оқушылары Сарытомар ауылындағы Мағжан Жұмабаевтың мұражайымен, Булаево және Петропавл қалаларындағы тарихи-өлкетану мұражайларымен, олардағы құнды жәдігерлермен, ауданымыз бен облысымыздың тарихымен және оның жасампаз адамдарының өмірлерімен, жүріп өткен жолдарымен танысты.

2018 жылдың қаңтар айында қазақтың ұлы ақыны, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған патриоттық марафон бастау алды. Шараның мақсаты – Мағжан сенген өскелең ұрпақты ақынның артында қалған асыл мұраларымен таныстырып, оның шығармаларынан рухани нәр алуға, оған деген қызығушылықтарын оятуға бағытталған. Бүгіндері жас ақындардың Мағжанға арнаған өлеңдері “Жыр қоржынына” жинақталып, ол марафон түрінде барлық аудандардың мектептерін аралауда. Алаштың арысы Мағжанның туған күніне дейін барлық мектептерді аралаған “Жыр қоржыны” Сарытомар ауылындағы ақынның мұражайына тапсырылатын болады.

Мағжан Жұмабаев ауданының барлық мектептерінің мұғалімдері өздерінің тәрбие жұмыстарын “Мәңгілік Ел” патриоттық идеясы мен “Рухани жаңғыру” бағдарламасы негізінде құрып, солар бойынша жұмыс істеуде. Онда туған өлкеге, отбасына, Отанға сүйіспеншілік, еңбексүйгіштік, тұрақтылық пен бірлік, қонақжайлылық, тағы басқа да құндылықтарға тәрбиелей отырып, шығармашыл, дарынды, туған жерін шексіз сүйетін, еліміздің нағыз азаматын тәрбиелеу мақсат етілген.

Ырысжан НҰРҒАЛИЕВА,

Мағжан Жұмабаев аудандық білім бөлімінің басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика