ҮЗДІК ЖОБАЛАРҒА ҚОЛДАУ БАР

Өңір жастары өздерінің әлеуметтік жобаларын жүзеге асыру үшін бір миллион теңгеге дейін грант және стипендия ұтып ала алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында үйлестіру агенттігі басшысының орынбасары Алена Баянбекова хабарлады.

Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің бірлесіп әзірлеген жастар корпусын дамыту жобасы өскелең ұрпақты қоғам өміріне бейімдеу, әлеуметтік маңызды іс-шараларға қатыстыру, олардың өмірлік дағдыларын және әлеуметтік бастамаларын дамыту бағытында жүзеге асырылуда.

– Жоба былтыр басталып, оған Алматы, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарының жастары қатысты. 1810 қатысушы 536 әлеуметтік жобасын табысты жүзеге асырды. Атап айтқанда, 37 тігін шеберханасы, 27 тіл үйрету мектебі, 76 бос уақыт клубы, 79 спорт секциясы мен 36 балалар орталығы, сондай-ақ, наубайханалар мен жылыжайлар іске қосылды. Бұл үшін оларға 556 миллион теңгенің гранты ұсынылса, ай сайынғы әлеуметтік шәкіртақының жалпы құны – 458 миллион теңге. Ал биыл бұл жобаға Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының талантты жастары қатыса алады, – деген Алена Валентиновна жобаның биыл 29 жасқа дейінгі 3500 жасты қамтитынын айтты. Алайда, оған мектеп оқушылары қатыса алмайды.

Жоба аясында оқымайтын, жұмыс істемейтін немесе еңбек етсе де, табысы төмен жастарға баса назар аударылмақ. “Жобаның қатысушылары үш кезеңдік оқытудан өтеді, алты ай бойы өз әлеуметтік жобаларын іске асырады. Сондай-ақ, жоғары оқу орнының түлектеріне – 60 000 теңге, қалған барлық қатысушыларға 40 000 теңге ай сайынғы әлеуметтік стипендия қарастырылған. Сонымен қоса, барлық қатысушылар өз жобаларын іске асыру кезінде менторлардың қолдауын алады”, – деді Алена Баянбекова.

Жастарға жобаның бағытын таңдауда еркіндік беріліп отыр. Ең бастысы, олар өздері өмір сүріп жатқан қоғамға, қала мен ауылға көмегін тигізсе болғаны. Жобаларын әзірлеген қатысушылар www.zhasproject.kz сайтына тіркеліп, өтінім қалдыруы тиіс. Барлық өтінімдер үш кезеңді іріктеуден өтеді. Біріншісі – техникалық, онда құжаттардың дұрыстығы тексеріледі, екінші кезеңде бағалау комиссиясы іріктесе, үшіншісінде кездейсоқ компьютерлік іріктеу әдісі қолданылады.

Журналистердің сұрағына жауап беру барысында Алена Баянбекова жастарды ынталандыру мақсатында былтыр қолдауға ие болған жобаны мысалға келтірді. “Былтырғы жеңімпаздарымыздың бірі, Алматы облысының тұрғыны Нұрболат Қарабасов – мүмкіндігі шектеулі жан, қоларбаның көмегімен жүреді. Жоба аясында ол өз еркімен қозғалуы үшін электромобиль ойлап тапты. Ал қазір ол бұл құрылғыларды жалға береді. Бастапқыда жобасын жүзеге асыруға қолдау ретінде 1 млн. теңге алған ол бүгіндері қосымша құрылғылар жасау үшін басқа қордан 10 млн. теңге қаржы алды. Ол бұл жобасын Алматыда ғана емес, Шымкент, Тараз қалаларында да жүзеге асыруда”, – деді А. Баянбекова.

Жобаға қатысу үшін өтініштер 20 мамыр мен 20 маусым аралығында www.zhasproject.kz сайтында қабылданады. Сонымен қатар жобаға қатысты ақпараттармен әлеуметтік желілерде де танысуға болады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика