ТЕЛЕАРНА ХАБАРЛАРЫНЫҢ САПАСЫ АРТАДЫ

Болашақта еліміздегі шалғай елді мекен тұрғындары телеарна хабарларын жоғары сапамен көре бастайды. Сонымен қатар ауылдықтар бұрынғыдай 3-4 емес, ал 15 арнаға абоненттік өтемақысыз қол жеткізбек. Бұл мақсат Елбасы бекіткен “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында телерадио хабарларын таратуды цифрлы жүйеге көшіру арқылы іске асырылмақ.

Телекоммуникация нарығына үлкен өзгерістер әкелген цифрландыру процесі бүгінгі күні әлемнің көптеген елінде жүзеге асырылу үстінде. Сол көшке қосылған Қазақстан да қазіргі уақытта эфирді цифрлы телерадио хабарларын таратуға ауыстыру жұмыстарын жолға қойған.

Биылғы жылдың соңында бірқатар облыста цифрлы хабар таратуды кезең-кезеңімен енгізу басталады. Бірінші кезекте, Маңғыстау облысы көшіріледі, ал желтоқсанда Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарын цифрлы телевизиямен толық қамту жоспарлануда. Осының нәтижесінде хабар таратуда көрініс пен дыбыстың сапасы барынша жоғарылап, эфирдегі дыбыстың анықтығы қамтамасыз етіледі.

Бұған қоса, цифрлы жүйе тұрғындарға облыс орталықтары, Астана және Алматы қалаларында 30 отандық телеарнаны, сондай-ақ, ауылдық елді мекендерде 15 телеарнаны абоненттік өтемақысыз, сапалы деңгейде көруге мүмкіндік береді. Қалған өңірлерде бұл жүйені енгізу жұмыстары 2020 жылдың соңына дейін бірнеше кезеңде жүргізіледі. Бұл жоба “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарына енгізілген. Оның аясында 827 радио және телевизия стансасын салу және жаңғырту жұмыстары жоспарланған.

Бүгінгі күні 356 станса салынса, жылдың соңына дейін тағы 292 станса құрылысын аяқтау жоспарлануда. Бұл қадам халықтың 94 пайызын цифрлы хабар таралымымен қамтуға мүмкіндік бермек. Қалған 179 стансаны 2019-2020 жылдары пайдалануға беру көзделген. Айта кету керек, цифрлы жүйені енгізу барысында аналогтық хабар таратуды тоқтату қатар жүргізіліп, бұл жұмыс жоспар бойынша 2021 жылы аяқталмақшы.

Мамандар цифрлы хабар таратуды енгізу ақпараттық өнімнің сапасын арттыруға ғана емес, осы кеңістікті бекемдеуге де үлкен септігін тигізетінін айтады. Еліміздің шекара маңындағы бірқатар елді мекендерінің көрші елдердің телеарнасы мен радиосын қабылдауға мәжбүр екені жиі айтылып жүргені белгілі. Цифрлы жүйені енгізу осы мәселені шешуге де ықпал етпек.

Қамбар АХМЕТ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика