ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауы – еліміздегі ең маңызды саяси оқиғалардың бірі. Бұл мемлекетіміздің дамуының стратегиялық негізгі құжаты болып табылады. Биылғы Жолдау еліміздің төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамуына арналған. Онда Мемлекет басшысы іске асыруға қажетті он негізгі міндетті айқындап берді.

Жолдауда Елбасы: “Жаһандық технологиялық жылжу сын-қатерлермен қатар өсудің жаңа мүмкіндіктерін де әкеледі. Бұл біздің әлемнің ең дамыған 30 елдің қатарына кіруімізге тарихи мүмкіндік болып табылады”, – деп қазіргі заманғы технологиялар өмірімізді өзгертетінін атап айтты. Бұл нақты тәжірибелік істер бағдарламасын, әрине, қазақстандықтар қолдайды. Осы орайда маңызды құжатта адами капиталдың жаңа сапасын қамтамасыз етуді көздеген жетінші басымдыққа ерекше назар аударғым келеді. Мемлекет басшысы әділ әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін, соның ішінде, еңбек қатынастары саласында азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету арқылы еліміздің адами капиталын арттыруға бағытталған біртұтас саясат жүргізуде.

Жолдау міндеттеген бағытты жүзеге асыруды көздеп, жұмысын үйлестіріп отырған облыстық еңбек инспекциясы басқармасы бүгінде айтарлықтай іс-шаралар атқаруда. Облыстың мемлекеттік еңбек инспекторлары 2017 жылы 271 кәсіпорында тексерген болатын. Тексеру барысында Еңбек кодексін бұзудың 662 фактісі анықталды. Заңсыздықтың басым бөлігі жұмыс берушілерге қатысты болды. Еңбек қатынасы 351 рет бұзылса, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 284 кемшілікке жол берілген, жұмыспен қамту бойынша 27 заңсыздық анықталды. Осы анықталған кемшіліктердің негізінде инспекторлар 212 нұсқама толтырды. Еңбек заңнамасының бұзылуына жол берген 137 лауазым иесі мен заңды тұлға өкілі әкімшілік жазаға тартылды.

Бұл жұмыс үстіміздегі жылы да өз жалғасын тапты. Басқарма мамандары облыс бойынша азаматтардың құқықтарын қорғау және еңбек қатынастарын реттеуді іске асыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және үйлестіру жөніндегі жол картасын жүзеге асыруда. Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары кәсіпорындар мен ұйымдар қызметіне 72 тексеріс өткізіп, 123 еңбек заңнамасын бұзу фактісін анықтады. Оның 82-сі еңбек қатынастары, 39-ы еңбекті қорғау және қауіпсіздік, ал екеуі жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты болды. Жұмыс берушілерге кемшіліктерді жою туралы 53 нұсқама берілді. Оның негізінде 6,1 млн. теңгенің айыппұлы салынды.

Қазақстанның әрбір тұрғыны еңбек бостандығына ие, тиісті шарт бойынша қауіпсіз де таза жұмыс орнында еңбек етуге құқылы. Алайда, ол әлі күнге өзектілігін жоймаған мәселелер қатарында қалып отыр. Әдетте, оның басты себебі – жұмыс берушінің артық шығын шығарғысы келмейтіндігі. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес былтыр жергілікті кәсіпорындарда 53 оқыс оқиға орын алып, 56 адам жапа шеккен болатын. Қаза болған қызметкерлердің саны – 9. Ал үстіміздегі жылы өндірісте 18 жазатайым оқиғаға тергеу жүргізілді. Екі қызметкер мерт болды. Тағы жетеуі ауыр жарақат алды. Бұл оқыс оқиғаларға себеп болған жағдайлардың ішінде жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын бақыламауы, зардап шегушінің еңбек қауіпсіздігі талаптарын толық білмеуі немесе орындамауы, машиналар мен механизмдердің ақауларының болуы, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы, апаттар, жеке қорғану құралдарын пайдаланбау сияқты фактілер жиі кездеседі.

Маңызды салада бұдан да басқа кемшін тұстар баршылық. Мәселен, зейнетақы жарналары мен салық төлемдерінсіз еңбек етіп жүрген азаматтар тіркелуде. Оған қоса соңғы екі жыл ішінде инспекторларымыз еңбек шартын жасамастан, жұмысшылардың қызметін пайдаланып отырған ондаған кәсіпкердің әрекетін әшкереледі. Олардың дені құрылыс, сауда, қоғамдық тамақтандыру орындары мен ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеген.

Осыған орай үстіміздегі жылдың наурыз айында ел бойынша “Еңбек шартын жасаңыз” акциясы басталған болатын. Республикалық акцияның мақсаты – бейресми еңбек қатынастарына жол бермеу және оларды анықтау, еңбек қатынастарының жасырын түрлерін қысқарту, азаматтардың еңбек саласындағы өз құқықтарынан хабардар болу деңгейін арттыру болып табылады.

“Еңбек шартын жасаңыз” шарасы бейресми еңбек қатынастарында тұрған азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесіне тарту, халықтың жұмыспен бейресми түрде қамтылу фактілеріне теріс көзқарасын қалыптастыру, жұмыс берушілерге бақылау шараларын күшейту, мемлекеттік органдардың, әлеуметтік әріптестердің қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындар арасында ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізуді көздейді.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастырып отырған акция жыл бойы жалғасады. Азаматтар қолданыстағы еңбек заңнамасы саласындағы заң бұзушылықтар, еңбек шартын жасамаған жұмыс берушілер, әлеуеттік аударымдар және міндетті зейнетақы жарналарын аудармайтын кәсіпорын басшылары туралы хабарлау мүмкіндігіне ие.

Еліміздің дамуының алдағы жылдарға арналған барлық басым міндеттері бірлескен күш-жігеріміздің арқасында табысты іске асырылатынына ешқандай күмән келтірмейміз.

Қайрат ПІШЕНБАЕВ,

облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика