ЖАҢА БАСПАНА — ЖАН РАҚАТЫ

2018-2019 жылдары “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында облыс орталығында 97 мың шаршы метр үй салынып, бір жарым мың пәтер халық игілігіне тапсырылмақшы. Бұл – өңірімізде бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Баспаналардың басым бөлігі “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы салымшыларына берілмек. Баспаналы болудың шарттары қандай? Жаңа пәтерлер қашан тапсырылады? Бұл сұрақтарға аталмыш қаржы институты мамандары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап өткізген баспасөз туры барысында жауап берді.

Баспасөз туры өкілдері алдымен 19-шы шағынауданға атбасын бұрды. Шағынауданның сол жақ қанатындағы аумақта үш құрылыс компаниясы көпқабатты тұрғын үйлер салып жатыр. Өңіріміздің бірқатар аудандарында өздерінің айшықты қолтаңбасын қалдырған “ПМК – 5” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жуков көшесінің бойындағы 78 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын қыркүйек айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Серіктестік директорының орынбасары Алтай Әлібаевтың айтуынша, панельді тұрғын үйдің құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған. Қазіргі уақытта учаскеде 25 адам тер төгуде. Бүгіндері нысандағы жұмыс аяқталуға жақын.

Көрші алаңда “Альфа-Север” ЖШС-нің құрылысшылары 79 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде.

– “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан екі үйді желтоқсан айында пайдалануға береміз. Жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде, құрылыс материалдарының тапшылығы жоқ. Жабын плиталарды бұған дейін басқа өңірлерден жеткізетінбіз, қазір оны жергілікті “Единство” құрылыс компаниясынан аламыз, – дейді серіктестіктің директоры Андрей Капустин. Жалпы, Жуков көшесінде бой көтеріп жатқан панельдік тұрғын үйлердің үшеуі үстіміздегі жылы пайдалануға берілмек.

Дәл осындай тұрғын үйдің екеуі “Береке” шағынауданында салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары “Пилон” серіктестігіне сеніп тапсырылған. Оксана Грибанова басқаратын ұжымның да бұған дейін тындырған істері айтарлықтай. Олар 75 пәтерлік панельден салынып жатқан үйдің бірінші қабатындағы жұмыстарды бірыңғайлап тастапты. Жертөледегі жұмыстар түгелімен атқарылған. Құрылыс басында елу адам еңбек етуде. Мердігер компания инфрақұрылымдық желілерді тарту жұмыстарын құрылыспен қатар атқаруда.

Бұдан кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері “Жас өркен” шағынауданында болды. Мұнда да құрылысшылар екі ауысымда еңбек етуде. Жамбыл көшесіндегі ең үлкен 332 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын “Основание” ЖШС-і жүргізуде. Құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасы бар серіктестік тоғыз қабатты нысандағы бар жұмыстың отыз пайызын тындырып үлгерген. Баспананың бірінші қабатында мектепке дейінгі шағын орталық орналаспақ. Нысандағы құрыш қолды құрылысшылардың саны бір жүзге жуық екен.

“Қазградстрой НС” құрылыс фирмасы К.Сүтішев көшесінде қаламызда бұрын-соңды салынбаған 18 қабатты үш бірдей тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп жатқаны көпшілікке мәлім. Міне, осы серіктестік “Жас өркен” шағынауданында 12 қабатты, 192 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын өткен жылдың желтоқсан айында қолға алыпты.

Осы үйге қарсы 144 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылысын Хайдар Атажанов басқаратын “Стройкомпания” ЖШС-і жүргізуде. Мұндағы атқарылып жатқан жұмыстар да көңілден шығады. Құрылысқа 70 адам жұмылдырылса, олардың басым бөлігі – тасқалаушылар. Қабырғалары көтерілген қабаттардағы пәтерлердің терезелері салынып, басқа да жұмыстар ешқандай кідіріссіз атқарылуда.

Баспасөз туры барысында “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның облыстық филиалының өкілдері бұл үйлердегі пәтерлердің тең жартысы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылардың, ал қалған бөлігі қала әкімдігінде пәтер кезегінде тұрғандардың еншісіне тиетінін атап айтты.

– Қазір Петропавл қаласында пәтер кезегінде 13 мың адам тұрса, облыс бойынша бұл көрсеткіш 18 мыңнан асады. Ал “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның облыстық филиалы арқылы пәтер алуға ниет білдірген салымшылардың саны бүгіндері үш мың адамды құрайды. Қазір бұл жүйенің жұмысын жандандыра түсу қажеттігі туындап отыр. Ол үшін құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылардың санын арттыра түсу керек, – дейді “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Райхан Әбдірахманова.

Қаржы институты өкілдерінің айтуынша, баспаналар тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына және баспана кезегінде тұрғандарға берілгенде, оның шаршы метрі 140 мың теңгеден аспайды. Ипотекалық несиенің жылдық үстемеақысы – 5 пайыз. Баспана алатын салымшының шотында пәтер құнының 30 пайызы болуы тиіс. Банк шарты бойынша өзінің шотына қажетті соманы үздіксіз салып отырғандар тұрғын үйге бірінші кезекте қол жеткізеді. Яғни, үзбей ақша жинағандардың – баспана алу мүмкіндігі жоғары. Қазір банкте 35 мың солтүстікқазақстандық салымшы бар.

Баспасөз турының соңында тілшілердің сауалдарына жауап берген қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Серік Сабралин екі жылдың ішінде “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша көпқабатты тоғыз үй пайдалануға берілетінін хабарлады. Бұл жұмыстарға ел бюджетінен 6,4 млрд. теңге бөлінген. Сондай-ақ, қоғамның әлжуаз тобына жататындарға жалға берілетін екі көпқабатты тұрғын үйдің де құрылысы биыл жүргізілуде.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика