ҚАЗАҚСТАН — КӨПКЕ ҮЛГІ

Әлемде 256 этнос өкілі бар болса, солардың 130-дан астамы Қазақстанда тату-тәтті өмір кешуде. Этносаралық татулық пен бірлікті – саясатының басты бағыты еткен ел көпке үлгі.

Қазақстан халқының бірлігі күні – ең жарқын мерекелердің бірі. Қазақтар ықылым заманнан бейбітсүйгіш халық ретінде танылған. Оның қонақжайлылығы, сабырлы мінезі мен қарапайымдылығы да елдегі татулыққа, тұрақтылыққа себепші екені рас. Бойға біткен бұл қасиеттер қазағымыз қайда жүрмесін өзінің рөлін атқарып келеді.

Бүгінде өзім тұрып жатқан Ресейде қазақтардың ондаған қоғамдық бірлестіктері, мәдениетті қолдау қорлары жұмыс істейді. Мәскеуде “Қазақ тілі” қоғамы, “Қазақ диаспорасы” қоры, қазақ жастарының “Мұрагер” қоғамы, қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясы, Санкт-Петербургте “Атамекен” қоғамы, Қазан қаласында “Қазақстан қоғамы”, Орынбор облысында қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясы, Астрахань қаласында қазақтардың “Жолдастық” мәдени қоғамы, Омбы облысында аймақтық ұлттық-мәдени автономиясы, Түмен облысында “Достық” қоғамдық ұйымы, Саратов облысында қазақ мәдениетінің “Қазақстан” орталығы жұмыс істейді. Бұл тізім өте ауқымды. Алайда, бұдан да маңыздысы – қанмен біткен құндылықтарды сақтап қалып, көркейтуге ниет танытушылардың қатары молайып жатқандығында.

Біздің “Этногармония” деп аталатын этномәдени бастамаларды қолдау қорымыздың құрылғанына бір жылға жуық уақыт өтті. Алайда, қазақ мәдениетін, ана тілімізді насихаттап жүрген өзге ұйымдармен ынтымақтастығымыз жарасып, атқаратын іс-шаралардың ауқымын кеңейту мақсатына біртіндеп қол жеткізіп келеміз.

Биыл алғаш рет Мәскеуде қалалық деңгейде шығыс халқының бас мейрамы – Наурыздың бар сән-салтанатымен аталып өтуіне өзіндік үлесімізді қостық. Мәскеу облысының Голицыно қаласында да жұртшылықтың Наурызды дәстүрге сай қарсы алуына мұрындық болдық. Киіз үй тігіп, қазақтың ежелгі тұрмысы, салт-дәстүрлерімен таныстырдық.

Ал жуырда пионерлер сарайының үлкен концерт залында “Менің үйім – Мәскеу” атты мәскеулік балалардың ұлттық мәдениет фестивалінің аясында Қазақ мәдениеті күні өтті. Шара Мәскеу қаласының ұлттық саясат және өңіраралық байланыс, білім беру департаменттері, “Қазақ диаспорасы” қоры, қазақ этномәдениетін дамыту мен сақтау ұйымы одағының, біздің қолдауымызбен ұйымастырылды. Мерекені дайындау жұмыстарына мәскеулік жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттер қатысты. Мерекелік сахнада қазақтың ән-күйлері орындалып, билері көрсетілді. Ұлттық ойыннан жарыстар, балалар суреттері мен туындыларының көрмесі, халық қолөнері бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.

Тарихи Отанынан жырақта жүрген бауырларымызбен қатар, жергілікті халық үшін түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып, қазақ халқының бай мәдениетіне терең бойлата отырып, рухани азық алуларына жол ашуды жалғастыратын боламыз. Біздің басты міндетіміз де осы.

Геннадий ӘЛІБЕКОВ,

“Этногармония” этномәдени бастамаларды қолдау қорының басшысы.

Мәскеу қаласы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика