СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ СЕРПІЛІС

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” Жолдауы негізінде қабылданған “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасына сәйкес сот жүйесінде сандық технологияларды қолдану бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңіріміздегі сот органдарында да “электронды сот төрелігін” іске асыру мен ақпараттандыру бойынша өзгерістер аз емес.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар дамыған заманда кез келген ақпараттың қолжетімділігін арттыруға баса назар аудару қажеттігі Елбасының Жолдауларында айтылып келеді. Қазіргі таңда азаматтар мен заңды тұлғалардың өз құқықтарын қорғауды мейілінше ашық және қолжетімді етуге мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық-инновациялық технологиялар енгізілді. Өзгерістер сотқа құжат тапсырудан бастап соттың шешімі мен атқару парағын қолына алған уақытқа дейінгі сот төрелігін іске асырудың барлық сатысын қамтиды.

Бүгінде өңірімізде сот төрелігінің электронды жүйесі қарқынды дамуда. Нәтижесінде сот процесі жеделдетіліп, сот барысы туралы азаматтарды электронды түрде хабарландыру арқылы қағазбастылық азайып, процессуалдық істер оңтайландырылды. Демек, электронды сот төрелігі сот жүйесінің серпінді дамуына үлес қосуда.

Халық үшін тиімді жобалардың бірі – “Сот кабинеті”. Сот тәжірибелерінің нәтижелері мен сот актілері дерекқорын, нормативтік қаулыларын пайдалануға мүмкіндік беретін “Талдау” форумын, “Төрелік” сот органдарының ақпараттық-талдамалық жүйесін, “Қашықтағы сот процесін” атап өтуге болады. Мемлекет басшысы республика судьяларының алтыншы съезінде азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз етуді, сот жүйесін цифрландыруды енгізуді тапсырған болатын. Осыған орай, 2014 жылдан бастап еліміздің Жоғарғы сотының ресми парақшасында онлайн қызметтерге және сот органдарының жұмысына қолжетімділікті арттыратын “Сот кабинеті” электронды жобасы енгізіліп, нәтижесін бере бастады.

“Сот кабинеті” іске қосылғаннан бері қызметті қолданушылардың қатары көбейіп, жыл сайын жетілдіріліп тұрады. Бүгінгі таңда іс жүргізудің барлық бағыттары бойынша 50-ден астам қызмет түрі көрсетіледі. Биылғы жылдың алғашқы үш айының өзінде өңірлік соттарға келіп түскен 7 мыңнан астам электронды құжат электронды сот төрелігі жұмысының тиімділігін көрсетіп отыр. Олардың 3611-і – талап-арыз, ал 2757-сі әкімшілік іс болды. Бұл көрсеткіштер өңіріміздегі сот жүйесінің қызметін пайдаланушылар санының артқанын білдіреді.

Жүйенің көмегімен еліміздің кез келген сот органдарына азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша электронды өтініштер, шағымдар, өтінішхаттар жолданады. Ол үшін пайдаланушының электронды цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Бұл бір жағынан, іс жүргізуді оңтайландыруды қамтамасыз етсе, екіншіден, пайдаланушының интернет желісі арқылы кез келген жерде мемлекеттік баж салығын онлайн режімде төлеуге мүмкіндігі туады. Мысалы, арыз беруші тарап құқықтық кеңес алмай-ақ, азаматтық, қылмыстық, әкімшілік сот ісін пайдаланып, істің анық-қанығын бақылау мүмкіндігіне ие болады. Яғни, сайттағы сілтемелерді баса отырып, дау тудырған мәселе жөніндегі шешімдермен және қорытындылармен танысуға мүмкіндік бар.

“Сот кабинеті” жүйесі арқылы сотқа қатысқан тарап сот отырысының аудиожазбасын тыңдап, бейнетүсірілімді қарап, электронды нұсқасын көшіріп ала алады. Сот отырысының таспаға жазылуы, ең алдымен, сотқа қатысушы тараптарды тәртіпке шақырып, сот жүйесіндегі жемқорлықты жояды.

Бүгінде облысымыздың 67 сот залы аудио-бейне тіркеу жүйесімен жабдықталған. Нәтижесінде судьялардың іс-әрекетіне қатысты шағымдар азайып, сот қорғауына қолжетімділікті жеңілдетті. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыс соттарында 6761 сот отырысы өткізіліп, олардың барлығы аудио-бейне тіркеу жүйесі арқылы жүргізілді. Сот процестеріне аудио-бейне тіркеу жүйесін енгізу нәтижесінде азаматтар мен ұйымдардың уақыты мен бюджет қаржысы үнемделіп, сот процесіне қатысушылардың тәртібі күшейді.

“Қашықтағы сот процесі” инновациялық жобасының арқасында сотталған адамдарды тасымалдау барысында туындауы мүмкін тәуекелдердің алдын алу мүмкіндігі туды. Өткен жылдың шілде айында өңір аумағындағы алты түзету мекемесі бейнебайланыс орнату жүйелерімен жабдықталды. Ал “Электронды қылмыстық іс” жобасы арқылы қылмыстық істерді бұрмалауға жол берілмейді. Бүгінгі таңда өңіріміздің 21 қылмыстық соты түгелдей электронды форматқа көшіріліп, отырыс залдары бейнеаудио жүйесімен жабдықталып, халықтың сот төрелігіне деген сенімін арттырды.

Озық технологиялардың қолданылуы судьялар мен сот отырысындағы хатшылардың жұмысын оңтайландыруға, сот отырысының хаттамасындағы ескертулерді азайтуға, сот ісін жүргізу тәртібін жеңілдетуге ықпалын тигізді. Заманауи электронды қызмет сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігіне бағытталып, қағазбастылықтан арылуға, құқықтық қоғамның барлық мүшелеріне және бұқаралық ақпарат құралдарына соттардың қызметі туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Оян МҮТӘЛӘПОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика