ӨРКЕНДЕУ ЖОЛЫ

Бүгінде дамудың өзіндік сара жолы бар Қазақстанның әлем елдерінің басым бөлігімен сенімді достық және ынтымақтастық қарым-қатынас орнатып, әлеуметтік-экономикалық дамуында тың серпіліске ие болуы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың байыпты және сарабдал саясатының нәтижесі. Елбасының биылғы Жолдауы да еліміздің қарыштап дамуы үшін баршамызға келелі міндеттерді жүктеп отыр.

Уақыт талабымен үндес құжатта ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып қарқынды дамыту қажеттігі атап өтілді. Себебі, аграрлық сектордың дамуы – қоғамның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын айқындайтын негізгі фактор. Былтыр ауданда 23,7 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 336 мың тонна астық жиналды. Бүгіндері диқандар көктемгі дала жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Ауыл шаруашылығы техникасының паркі жаңартылып, егістік көлемі арта түсті. Мал шаруашылығын жетілдіруге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында аудан тұрғындарының өрісі кеңейді.

Осы жылдың қаңтар-сәуір айындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1421,5 миллион теңгені құрады. Ет, сүт, жұмыртқа өнімдері өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда біршама артты. Барлық шаруашылықтардың мал басын көбейтуі де – еселі еңбектің нәтижесі. Оған тоқмейілсімейтін аудан тұрғындары мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жеңілдетілген несие алып, мал санын одан әрі өсіруге ұмтылуда. Алдағы уақытта алқаптарды әртараптандыру, ауыл шаруашылығына қажетті жерлерді тиімді пайдалану жұмыстары жіті бақылауға алынып, мал шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді шаралар жалғасын табады. Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы мал басын арттыру, “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық”, “Ырыс” бағдарламаларын жүзеге асыру, малды асылдандыру мәселелері күн тәртібінен түскен емес.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететін факторлардың бірі – кәсіпкерлікті дамыту. Ауданда 700-ден астам шағын және орта бизнес субъектісі қызмет көрсетеді. Осы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында бөлшек сауда айналымы 547,6 миллион теңгені құрады. Ал физикалық көлем индексі 111 пайыз болды.

Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы тұрақтылық кәсіпкерлік саласын дамытуға қолайлы жағдай туғызса, шағын және орта бизнес өкілдері тұрғындарды жұмыспен қамтуға өз үлестерін қосып келеді. “Сарыбай – Инвест” серіктестігі аудан орталығындағы екіқабатты 12 пәтерлік тұрғын үйді қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асыруда. “Геостар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Талшық ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін және тұрғын үйлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуды жоспарласа, “ПГС Компания” ЖШС-нің 10 пәтерлік тұрғын үйінің жобалық-сметалық құжаты әзір. “Сейітов” жеке кәсіпкерлігі аудан орталығында өткен жылдың маусым айында көпсалалы қонақүй кешенін салу жұмыстарын бастаған болатын. 50 миллион теңге тұратын бұл кешен осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, Дәуіт ауылында жол бойындағы әмбебап кешен және осы ауылға жол салу жоспары – аудан кәсіпкерлерінің таяу болашақта жүзеге асыратын шараларының бір парасы.

Аудандық жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік кіріс басқармасымен бірлесе отырып, экономиканың нақты секторындағы жалақыны көтеру және жаңа жұмыс орындарын ашу есебінен аудандық бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Биылғы жылдың алғашқы 4 айындағы кіріс сомасы 781 миллион теңгені құрап, жоспар 103 пайызға орындалды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 68,5 миллион теңгеге артық. Ал бюджеттің шығыс бөлігінің жоспары 99,9 пайызды құрады.

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де билік назарынан тыс қалған емес. Биылдың өзінде ауданымызда 553 шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Баспаналы болуға кезекте тұрғандар саны – 209 адам.

Аудан тұрғындары санитарлық-гигиеналық талаптарға сай сапалы ауызсумен толықтай қамтамасыз етілген. Булаев топтық магистарльді су құбырымен тіршілік нәрі 13 елді мекенге жеткізілсе, су тазарту жүйесі орнатылған тереңдіктегі ұңғымалар арқылы таза ауызсумен 8 елді мекен қамтамасыз етілді. Ұңғымалар ауылдық округ әкімдерінің қарамағында, олар үздіксіз істеп тұруы үшін жыл сайын сервистік қызмет көрсетіліп тұрады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінгі таңда халыққа әлеуметтік көмек көрсету, жұмыссыздықты азайту бойынша істер жалғасуда. Биылғы жылдың төрт айында 237 адамның жұмысқа орналасуына көмек көрсетілді.

Елбасы білім беру бағдарламалары өзгерістерге үнемі бейім болуға және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамытуға бағытталатынын айтты. Өткен оқу жылында ұлттық бірыңғай тестілеуге түлектеріміздің 77 пайызы қатысты. 9 бала “Алтын белгі” алса, 9 түлек мектепті үздік аттестатпен аяқтады. Мектептерді материалдық-техникалық жабдықтау мәселесі де назардан тыс қалған емес. Жолдауда көрсетілген орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшуге ақжарлықтар да кірісті.

500 шақырымға жуық сан тарау жолдың жағдайын дұрыстау жұмыстары жоспарға сай жүзеге асырылуда. Инерттік материалдар төселіп, тегістеліп, көктемгі су тасқыны кезінде жартылай бұзылған жолдар қалпына келтірілді. Мәдениет, спорт салаларында, құқықтық тәртіпті қорғау ісінде де атқарылып жатқан істер аз емес.

Географиялық орналасуы, минералдық және кен байлығы, соған сәйкес табиғи-климаттық жағдайы, ең негізгісі, еңбекті бағалайтын және өзінің туған өлкесін сүйетін тұрғындары бар ауданның жарқын болашағына бағытталған ауқымды жоспарлар жүзеге асырылып, жалғасын табады. Жолдау жүктеген міндеттер, аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыра бермек.

Ғалымтай АЙТМҰХАМЕТОВ,

Ақжар ауданы әкімінің орынбасары.

Текстиль для дома, Вышивка, Фурнитура, Ткани
автоновости