ЖӘРМЕҢКЕ — ЖОЛ БАСЫ

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыста мемлекеттік қызметке 291 адам орналасқан. Соның 192-сі жалпы конкурсқа қатысқандар, яғни тест тапсырып, қызметіне жаңадан кіріссе, 99-ы – мемлекеттік қызметте жұмыс орнын ауыстырғандар. Соның өзінде өңіріміздегі мемлекеттік органдарда әлі 361 жұмыс орны бос тұр. Жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттырып, бос жұмыс орындары және оларға орналасу тәртібі туралы мәлімет беруде “Мен мемлекеттік қызметті таңдаймын!” атты бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің пайдасы мол екеніне көз жеткізіліп отыр.

Былтыр мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті өңір тұрғындары үшін төрт жәрмеңке өткізген. Ал өткен жылдың қараша айында департаменттің бастамасымен “Мен мемлекеттік қызметті таңдаймын!” атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырыла бастады. Облыс орталығындағы Жастар сарайында өткен жәрмеңкелерге 16 жергілікті атқарушы және 18 аумақтық мемлекеттік орган қатысып, жұмыс іздеген азаматтарға 210 бос мемлекеттік әкімшілік лауазым ұсынды. Осы сияқты жәрмеңкелер облыстың барлық аудан орталықтарында ұйымдастырылды. Нәтижесінде, былтыр өткізілген жәрмеңкелерде 464 бос әкімшілік мемлекеттік лауазым ұсынылған. Оған облыс орталығы мен аудандарынан түрлі жастағы әртүрлі мамандықты меңгерген 750-ден астам азамат қатысты. Шараға қатысушылар бос жұмыс орындары бар мемлекеттік органдардың кадр қызметі мамандарынан мемлекеттік қызметке тұру үшін тестілеу бағдарламасы, конкурстық үрдістерге қатысу тәртібі жайлы ақпарат және жан-жақты кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

Департаментпен ынтымақтастық аясында жәрмеңкеге “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының өкілдері келіп, қатысушыларға кеңес беріп, тәжірибелік көмек көрсетті. Жәрмеңке барысында мемлекеттік қызметке тұру үшін тестілеуге жазылып, электронды-сандық қолтаңба алғысы келетіндер үшін арнайы жабдықталған қызмет көрсету аймағы да қарастырылды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Рамиль Бахриразиевтің айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде былтыр 1172 азамат мемлекеттік қызметке орналасқан. Оның 766-сы жалпы конкурс бойынша тест тапсырып, мемлекеттік қызметке алғаш кіріссе, 406-сы жұмыс орындарын ауыстырғандар. Дегенмен де, жыл соңындағы есеп бойынша, мемлекеттік органдарда 375 жұмыс орны бос қалған. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын тауып, біршама іс атқарылды, түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырылды.

– Биыл М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің үшінші және төртінші курс студенттері үшін екі кездесу ұйымдастырылды. Оған облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі, ішкі істер және мемлекеттік кірістер департаменттерінің, облыс әкімі аппаратының өкілдері қатысты. Университет тамамдап, жас маман атанғалы отырған студенттердің дұрыс таңдау жасауына көмектесті. Мекемедегі бос жұмыс орындары жайлы ақпарат беріп, онда орналасу және қызмет ету тәртібі жайлы баяндады, – деді Рамиль Бахриразиев.

Жыл басынан бері жүзден астам адамды қамтыған екі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілсе, олардың барысында құқықтық, экономикалық, педагогикалық мамандық иелеріне сұраныстың зор екеніне көз жеткізілді.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Текстиль для дома, Вышивка, Фурнитура, Ткани
автоновости