ӘРІПТЕСТІК КӨКЖИЕГІ

Жұмыс сапарымен Ақмола облысында болған облыс әкімі Құмар Ақсақалов Бурабай қаласындағы “Rixos” қонақүйінде Қытай Халық Республикасының мемлекеттік азық-түлік басқармасы басшысының орынбасары Цзэн Лиин бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Шара барысында Солтүстік Қазақстан облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы инвестициялық әріптестік әлеуеті талқыланды.

Алқалы жиын солтүстікқазақстандық тауар өндірушілердің өнімдері қойылған көрмеден басталды. Бұдан соң жиынды ашқан өңір басшысы қазір облыста бизнесті дамытуға және бірлескен кәсіпорындар ашуға барлық жағдайдың жасалып отырғанын атап көрсетті.

– Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздегі аграрлы өңірлердің бірі. Мұнда жыл сайын ел бидайының – 30 пайызы, майлы дақылдардың 40 пайыздан астамы өндіріледі. Сондай-ақ, сүттің 10 пайызы мен құс етінің 12 пайыздан астамы біздің өңірімізге тиесілі. Біздің азық-түлігіміз экологиялық тазалығымен ерекшеленеді. Бүгінде Еуропадағы кәсіпорындарға экологиялық таза бидай жөнелтіледі. Шетелдіктер оны өздерінің бидайымен араластырып, жақсы өнім алуда. Өңіріміздің географиялық орналасуы да қолайлы. Облыс орталығы – Петропавл қаласы арқылы Қытайдан Еуропаға жүктің 60 пайыздан астамы өтеді, – деді Құмар Іргебайұлы.

Бүгінгі таңда облысымыз Қытайдың Хубей, Шаньси, Шаньдун провинцияларымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Өңірде Қытай мен Қазақстанның бірлескен кәсіпорындары ашылуда. Соның бірі – “Тайынша май” серіктестігінің “Айцзю” компаниясымен бірлесіп ашқан майлы дақылдарды қайта өңдейтін ірі зауыты. Құмар Ақсақалов серіктестіктің атқарушы директоры Фан Лун Фей мырзаның өңірімізге келген бірінші Қытай инвесторы екенін айтты.

Бұдан соң Цзэн Лиин ханым көрсетілген қонақжайлық үшін алғысын білдіріп, өңірде соя бұршағын өндіру туралы ұсыныс жасады.

– Облыста құнарлы жердің көп екенін байқадық. Қытайда сояға сұраныс жоғары. Бізге жылына оның 95 миллион тоннасы керек. Шетелден жеткізілетін соя бұршағының көлемі бидайдан 20 есе көп. Біз қазір оны Аргентина мен Бразилиядан сатып алуға мәжбүрміз. Ал оны Қазақстаннан тасымалдау әлдеқайда тиімді. Егер осы өнімді үлкен көлемде сатып алатын болсақ, онда жергілікті инфрақұрылымды дамыту мәселесіне қаржылай қолдау білдіруге дайынбыз, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек солтүстік өңірдің инвестициялық мүмкіндіктеріне кеңірек тоқталды. Жиын барысында қос тарап алдағы уақытта келісімшарт жасасу жөнінде шешімге келді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика