ПАЙДАЛЫ ДЕМАЛЫС

“Жасыл ел” еңбек жасағы өзінің 14-інші маусымын бастады. Биыл бұл жасақ 600-ден астам адамды жұмыспен қамтиды. Жасақ мүшелері өңірімізді көркейту жұмыстарына ғана емес, жастардың қоғамдық іс-шаралары мен акцияларына да қатысып, өз үлестерін қосуда. Олардың қатарында “Challenge – сенің жаңа қырың” республикалық спорттық бастамасы бар.

Жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді мекен айналасын жасыл желекпен көмкеру, көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту мақсатында қолға алынған “Жасыл ел” бағдарламасы студенттердің бос уақытын тиiмдi пайдалануына септігін тигізуде. Бұл жұмыстар олар үшін қызықты жазғы демалыспен қатар, қосымша қаражат көзі. Әрі жасақтағы жұмыс жастарды ұжым болып әрекет етуге бейімдеп, еңбекке құрметпен қарауға тәрбиелейтіні сөзсіз. Көптеген жастардың назарын өзіне аударған “Challenge – сенің жаңа қырың” спорттық бастамасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қолдаған болатын. Өңір жастарының да бұл игі шарадан тыс қалмай, жұмыла атсалысқаны қуантады.

– “Жасыл ел” жасағындағы еңбек бұл жай ғана жұмыс емес, сонымен қатар, спорт. Биыл 665 адамды тұрақты еңбекпен қамтыдық. Бұл мақсатқа 40 млн. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жасақ мүшелері облыстың барлық аудандарына жұмысқа орналастырылады. Ал облыс орталығына берілген жасақ құрамында 20 адам бар. Олар Петропавл қаласын абаттандыру және тазалау жұмыстарына қатысады, – дейді “Жасыл ел” облыстық штабының жетекшісі Асқар Баймұқанов.

Соңғы екі жылда “Жасыл ел” еңбек жасағында жұмыс істеуге ниет білдірген жастардың саны көбейгені байқалады. 2016 жылы облыс бойынша 435 адам еңбекке жұмылдырылған болатын. Бұл жастар еліміздің дамуына, көркеюіне сүбелі үлес қосып жүргенін білдіреді. Әрі бұл жұмыс жастарға саламатты өмір салтын ұстанып, денсаулықтарын жақсартуға да мүмкіндік береді.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика