ДЕПУТАТТАР — ҚЫЗЫЛЖАР ӨҢІРІНДЕ

Қазақстан Республикасы Парламенті “Өңір” депутаттық тобының бір топ мүшелері осы аптада жұмыс бабындағы сапармен Петропавл қаласында болды. Астаналық меймандар С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада “Қазақстан Республикасы Президентінің “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” Жолдауын жүзеге асыру барысында Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпорындарының үлгісінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің проблемалары мен перспективалары” тақырыбында өткен көшпелі “дөңгелек үстел” отырысына қатысты. Бұл алқалы жиынға сенаторлармен бірге ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, облыстық басқармалар мен ведомстволардың, ірі агроқұрылымдардың басшылары, Ақмола мен Қостанай облыстарының, ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысты.

Алқалы жиынға қатысушылар кітапхананың бірінші қабатында ұйымдастырылған өңіріміздегі кәсіпорындар шығарған азық-түлік өнімдерінің көрмесін тамашалады.

“Дөңгелек үстелді” ашқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатындағы “Өңір” депутаттық тобының жетекшісі Михаил Бортник Мемлекет басшысы өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту және еңбек өнімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды түбегейлі өзгерту міндетін алға қойғанын атап көрсетті.

Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев өзінің баяндамасында 2017-2021 жылдарға арналған ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасының орындалу барысына тоқталып, алда тұрған міндеттер мен кейбір өзекті мәселелерді жан-жақты баяндады.

Ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекет жыл сайын қомақты қаржы бөлуде. Азық-түлік нарығын тұрақтандыру, импорттық тауарлардың тасқыны күшейген қазіргі жағдайда халықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мүмкіндіктерінің төмендеуіне жол бермеу, асыл тұқымды мал өсіру, аграрлық және өнеркәсіптік секторлардың мүдделерін тиімді үйлестіре отырып, тұрақты экономикалық дамудың алғышарттарын қамтамасыз ету, елді мекендер мен өңдеу кәсіпорындарына баратын жолдарды жөндеу, ауыл инфрақұрылымын жақсарту сияқты міндеттер тұр. Оларды орындау арқылы елімізде бәсекеге қабілетті өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге болады.

– Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Бұл бүкіл әлемге танылатын “Қазақстанда жасалған” табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы өзінің “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” Жолдауында. Біздің облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету, оның экспорттық әлеуетін арттыру ең өзекті мәселелердің бірі болып саналады, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров. Парламент Сенаты депутаттарының қатысуымен өткен алқалы жиында еліміздегі аграрлық саясаттың, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласының өзекті міндеттері талқыланды.

“Дөңгелек үстелде” Қазақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ғылыми-зерттеу институты бас директорының міндетін атқарушы Ғайни Сарбасова, сенаторлар Ерік Сұлтанов, Рәшит Әкімов, Бекмырза Еламанов, Мұратбай Жолдасбаев, Сергей Плотников, бірқатар мемлекеттік органдардың, агроқұрылымдардың басшылары ойларын ортаға салды. Алқалы жиынға қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің проблемалары мен перспективаларына қатысты ұсынымдар қабылдады.

Парламент Сенаты “Өңір” депутаттық тобының мүшелері жұмыс сапары аясында “Тайынша май”, “BioOperations” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде, “Петропавл трактор зауыты”, “МаслоДел”, “РимКазАгро” кәсіпорындарында болып, олардағы өндірістік процестермен және инновациялық технологиямен танысып, еңбек ұжымдарымен кездесті.

* * *

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары “Нұр Отан” партиясының “Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық” атты сайлауалды бағдарламасының “Денсаулық” бағыты бойынша комиссиясының отырысына қатысты.

Мәжіліс депутаттары алдымен облыстық кардиологиялық орталықта болды. Халық қалаулылары емдеу мекемесінің материалдық-техникалық базасымен танысып, медицина саласындағы озық тәжірибелерді сөз етті. Орталықтың бас дәрігері Азамат Мағзұмов жүрекке жылына 600 ота жасалатынын, өткен жылы жергілікті бюджет есебінен сатып алынған заманауи аппараттың көмегімен бірнеше науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туғанын жеткізді.

Елбасының биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласына айрықша мән берілді. Тарихи құжатта халықтың өмір сүру жасының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге сұраныс көлемі арта түсетіні аталған болатын. Сондықтан науқасты сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету – әрқашан өзекті. Әсіресе, Уәлиханов, Ақжар, Айыртау сияқты шалғай аудан тұрғындарына дер кезінде көмек көрсету үшін арнайы санитарлық авиация да қарастырылған. Өткен жылы 349 науқас санитарлық авиацияның көмегін пайдаланған.

– Орталықта емделген науқастың құжаттары мен ауруы туралы барлық ақпарат тұрғылықты жерлеріндегі ауруханаларға компьютер арқылы жіберіледі, – деді Азамат Мағзұмов. Депутаттармен кездесуде бас дәрігер денсаулық сақтау саласындағы күрделі мәселенің бірі кадр тапшылығы екенін айтып, емдеу мекемесінде де мамандар жетіспейтінін алға тартты.

Комиссия отырысын ашқан Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова Елбасының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында елімізде бірқатар жұмыстар қолға алынғанын жеткізді.

– Қазіргі таңда елімізде менингит ауруы тарауда. Өңірге келуіміздің де бір себебі осы. Дегенмен ешқандай қауіп жоқ. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің базасында медициналық факультет ашылатыны – жақсы жаңалық. Денсаулық сақтау саласында қазір дәрігерлер жетіспейді. Маман тапшылығын жою мақсатында осындай ілкімді істерден нәтиже күтеміз, – деді Зәуреш Жұманәліқызы.

Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева демографиялық ахуал жайлы айтып, репродуктивті денсаулықты қорғаудың маңыздылығына тоқталды.

– Өткен жылы бала туу көрсеткіші мен халықтың табиғи өсімі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар мен Ақмола облыстарында төмен болды. Статистика комитетінің мәліметі бойынша 2017 жылы бала туу саны 1,7 пайызға азайды, – дей келе Ләззат Мейрашқызы өткен жылдың қорытындысы бойынша Қызылжар өңірінде ана өлімі республикалық көрсеткіштен жоғары болғанын, сондай-ақ, инфекциялық ауру жұқтырғандардың саны өскенін жеткізді.

Мәжіліс депутаттары Ольга Шишигина, Иван Клименко, Наринэ Микаелян және Жанат Омарбекова елді дүрліктірген қауіпті менингит ауруына алаңдаушылық білдірді. Халық қалаулылары Петропавлдағы №3 қалалық аурухананың жанындағы балалар инфекциялық бөлімшесінің жұмысынан хабардар етілді. Сексен бес орындық бөлімшеде қазір әртүрлі диагнозбен 52 бала ем алуда.

Өңірдегі медициналық мекемелердің жағдайымен жіті танысқан депутаттар денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысына оң бағасын берді. Әсіресе, кардиологиялық орталықтың материалдық-техникалық жағдайына қонақтардың көңілі толып қайтты.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика